Бүгін Тіл сарайында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалын құру, мүшелікке қабылдау, филиал төрағасын сайлау бойынша жиын өтті.
Сондай-ақ, жуырда Түркістан қаласында өтетін «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Құрылтайына қатысушы делегаттарды сайлау мәселесі қаралды.
Жиынды жүргізген Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Б. Керімбек бұл қоғамдық бірлестіктің Алматы облыстық филиалын және аудандық, қалалық филиалдарын құру, тіркеу, ірі кәсіпорындарда жетекшілерін сайлау жұмыстарын жүзеге асыру маңызды мәселе екенін атап айтты.
«Елімізде тіл саясатын іске асыруда конструктивтік қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыру өзекті мәселе болып отыр.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қазақстанда және шет елдерде қазақ тілін насихаттаушы ұйым болып табылады» — деді басшы.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалына төрағалыққа облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Ж. Әміреевтің кандидатурасы ұсынылған болатын.
Бұл ұсынысқа жиналғандар бірауыздан қолдау білдірді.
Сондай-ақ, көпшіліктің дауысы арқылы Түркістан қаласында өтетін бірлестік құрылтайына қатысу үшін Ж. Әміреев, Б. Керімбек, Р. Байшықова делегат болып сайланды.
Жиында сөз тізгінін алған «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Ж. Оспанұлы: «Маған сенім білдіріп отырғандарыңыз үшін рақмет! Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі аманат жүгі екенін түсінемін. Ата-баба аманатын, Алаш арыстарының аманатын ақтауға, өзіме зор сенім міндеттеген халықтың үддесінен шығуға тырысамын. Болашақта Тіл басқармасымен бірлесе қоян-қолтық жұмыс жасайтын боламыз – деп алғыс білдірді.
Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Г. Исағұлова, зейнеткер Р. Жәнібекова «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының» бұрынғы жұмысы мен жеткен жетістіктері жайлы айтты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Келемсейіт, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Ә. Әрін бұл тарихи оқиғаға қуаныштарын жеткізіп, қай кезде де қолдау білдіретіндігін айтты.
Облыстық «Жетісу» телеарнасының орынбасары Д. Сейсенбаев қоғамдық ұйымның жұмысына сәттілік тіледі.
Қатысушылар Құрылтай өткеннен кейін «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық, аудандық, қалалық филиалдары жұмыстарын барынша күшейту қажеттігіне тоқталып, ой-пікірлерімен бөлісті.