
Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, көшпелі өмірдің келбетіне айналған, қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданысқа ие болып, ескірмей келе жатқан салттарының бірі – бата беру.
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, Алматы облыстық және қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесе бата беру дәстүрін дәріптеу, батаның тәрбиелік мәнін насихаттау, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу мақсатында облыстық «Батагөй» байқауын ұйымдастырған болатын.
Бүгін Тіл сарайында байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты болды.
Жиында басқарма басшысы Болат Керімбек марапатқа келген батагөй қарияларымызды құттықтап өтті.
«Биыл – еліміз үшін айтулы жыл. Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен, Талдықорған қаласының облыс орталығына көшкеніне 20 жыл толуымен және Халықаралық қарттар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!» – деді басшы.
Салтанатты шарада алғаш болып сөз кезегін алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Келімсейіт «аталы сөз - баталы сөз» деп, бір ауыз сөзге тоқтаған халықтың бата беру әдебі жөнінде айтты.
Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Керімбеков ертеден келе жатқан ұлттық дәстүріміздің бірі - батаның түрлеріне тоқталды. Батаны судыратып жаттап алмай, қарапайым да, көркем тілмен жеткізу керектігін тілге тиек етті.
Онлайн байқау ел арасында кең таралған және үміткерлердің өздері жазған баталары бойынша екі бағытта өтті.
Байқаудың бірінші кезеңі бойынша аудан, қаладан іріктеуден өтіп, үздік деп танылған қатысуышылар екінші кезеңге, облысқа жолдама алды.
Байқауға барлығы 174 үміткер ұсыныс білдірсе, 37 үміткердің (бейнероликтері) облыстық кезеңге өтті.
Үміткерлердің ең жасы 37 жаста болса, ең үлкен батагөй 85 жастағы қария.
Қазылар алқасының мүшесі дінтанушы, психолог Қанат Маратұлы: «Байқауға келіп түскен бейнеролик пен бата мәтіндерін сараптап, көркемдік деңгейіне, түсірілімнің сапасына және бата мәтініне мән бердік, ешкімге бұра тартқан жоқпыз» - деп барынша әділ, лайық баға берілгендігін айтты.
Қазылар алқасының шешімі бойынша Қожамсейіт Сүлейменов, Камнұр Тәлімов, Бақытбек Қауыш «Шебер орындаушы» аталымы бойынша марапатталса, Рақымғали Өтегенов, Бақытжан Атагелдиев, Мұрат Мықышев «Үздік батагөй» атанды.
Ақтық сынға өткен барлық қатысушылар ынталандыру сыйлығына ие болды. Жеңімпаздарға дипломдар, кітаптар және ақшалай сыйлықтар берілді.