
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным! – деп күллі Қазақстанды жырға қосқан, қазақтың маңдайына біткен ақындарының бірі Жұмекен Нәжімеденовтың орны ерек.
Биыл Атырау облысы әкімдігі Жұмекен Нәжімеденовтің әдеби мұрасын халық, әсіресе жастар арасында насихаттау, оның шығармашылығы арқылы адамгершілікке, ұлттық рухқа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қазан айында «Тәуелсіз Еліме – 30 жыл!» атты көремсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауын өткізетіндігін хабарлаған болатынбыз.
Республикалық дүбірлі додаға Алматы облысының атынан лайықты үміткер жолдау мақсатында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы облыстық іріктеу кезеңін ұйымдастырған болатын.
Облысымыздың барлық аудан, қалаларынан 18-25 жас аралығындағы 12 үміткер ұсыныс білдірді.
Іріктеу кезеңінде көркем мәтінді оқу шеберлігімен, дауыс мәнері, тіл тазалығымен, әрі сахнада өзін-өзі ұстауымен талдықорғандық Меруерт Аңсат оқ бойы озық шығып, республикалық байқауға жолдама алған болатын.
Облыс намысын республикада қорғаған Меруерт Талдықорған қаласындағы №28 ІТ мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Ол Атырау қаласында өткен «Тәуелсіз Еліме – 30 жыл!» атты республикалық байқауда жүлделі III орынға ие болды.
Облыс үмітін ақтаған жерлесімізді жүлдесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Шығар шыңдарыңыз, бағындырар биіктеріңіз көп болсын, Меруерт!