
Атырау облысы әкімдігі Жұмекен Нәжімеденовтің әдеби мұрасын халық, әсіресе жастар арасында насихаттау, оның шығармашылығы арқылы адамгершілікке, ұлттық рухқа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қазан айында «Тәуелсіз Еліме – 30 жыл!» атты көремсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауын өткізеді.
Аталған байқауға қатысу үшін Алматы облысының 20 аудан, қаладан 18-25 жас аралығындағы 12 үміткер ұсыныс білдірді.
Бүгін Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен үміткерлер арасында іріктеу кезеңі өтті.
Іріктеу кезінде барлық қатысушылар Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиялық және прозалық шығармаларынан үзінді оқыды.
Қазылар алқасы қатысушының көркем мәтінді оқу шеберлігі, дауыс мәнері және тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауына, сахналық киім сәніне назар аударды.
Қазылар алқасының шешіміне сәйкес талдықорғандық Меруерт Аңсат республикалық байқауға жолдама алды.