«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының  жеңімпаздары марапатталды

Бүгін Тіл сарайында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл және БАҚ»  облыстық конкурсының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Байқаудың басты мақсаты мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау.

Жиында сөз алған басқарма басшысы Б. Керімбек: журналистер  –     қоғамның жанашыры. Қоғам тіршілігіндегі қылт еткен қиыншылықта бірінші болып үн қататын, тығырықтан жол іздейтін де журналистер қауымы. Талғамды қоғамды қалыптастыртып, айналамызға адал ақпарат жеткізуге тырысқан ауыр да абыройлы еңбектеріңіз үшін риясыз алғысымды жеткіземін – деп ақпарат майданының сарбаздарын төл мерекелерімен құттықтады.

Он бес жыл қатарынан дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан байқауға үміткерлер үш номинация бойынша өтінім білдірді. Олар:  «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама»,  «Үздік сайт мақаласы».

«Тәуелсіз елдің тілі» тақырыбы бойынша өткен биылғы байқауда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығының мерекеленуіне орай БАҚ-та материалдар жариялаған журналистер бақ сынады.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ф.ғ.д., профессор Мұратбек Иманғазинов, «Жетісу» телеарнасы бас директорының орынбасары Данияр Сейсенбаев,  Алматы облысы әкімі аппараты, баспасөз қызметінің бас инспекторы Сағыныш Намазшамова байқауға әділ баға беріп,  қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша «Үздік мақала» номинациясы бойынша І орынға аудандық «Алакөл» газетінің жауапты хатшысы А. Есенбеков лайық деп танылса, II орынды Ж. Әміре, ІІІ орынды Ж. Игіман еншіледі (Сарқан ауданы). Аталған номинация бойынша ынталандыру сыйлығын талғарлық  Т. Жалғасбаев пен Райымбек ауданынан келген  Г. Қорабаева алды.

Үздік сайт мақаласы  бойынша I орынға  М. Молдағалиева ие болды.  ІІ орын Асыл Сұлтанғазыға, ІІІ орын  А. Көптілеуовке (Қапшағай қаласы) бұйырды. Ал Балқаш ауданынан келген А. Сейткенге ынталандыру сыйлығы берілді.

«Үздік телебағдарлама (үздік телесюжет)» номинациясы бойынша  жүлделі І орынды Е. Айдабосын жеңіп алса, ІІ орынға Д. Мұстафаев, ІІІ орынға Ә. Құдайбергенова лайық деп танылды.

Бас жүлдегер Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өтетін республикалық конкурсқа жолдама алды.