Аталмыш байқау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыру мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Байқауға І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Сырлыбаева, «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Досан Қызайбайұлы, Алматы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мәдениет, өнер шараларын ұйымдастыру бөлімінің бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров қазылық етті.
Байқау екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қазылар алқасы аудан, қалалардан іріктеу турынан өткен, байқауға қатысушылардың өтінімі бойынша түскен бейнематериалдарды бағалады. Байқаудың екінші кезеңі онлайн режимде өтті. Онда қатысушылар берілген тақырыпта ой толғап және мақалдың мазмұнын аша білді. Қара қылды қақ жарған қазылар алқасының шешімі бойынша І орынға Азиз Абдушакиров ие болды (Панфилов ауданы). ІІ орын Зайтуням Рашитованың еншісіне бұйырды. (Талғар ауданы) ІІІ орынға Наталья Мусабай (Кербұлақ ауданы), мен Виктория Кирпиченко ие болды (Ұйғыр ауданы).