Бүгін Тіл сарайында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері және «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты қос облыстық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарды құттықтаған басқарма басшысы Болат Керімбек белсенділік танытқан аудандарды да атап өтті. Олардың қатарында Панфилов, Талғар, Ұйғыр аудандары болды. Дөңгелек үстел басында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері сияқты шоқтығы биік байқау қатысушыларының саны емес сапасына мән беру жөнінде қазылар алқасы тарапынан сын да айтылды.
Қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, сөздік қорын насихаттау, Абай шығармашылығы арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру мақсатында өтетін дәстүрлі байқауда 17-35 жас аралығындағы азаматтар бақ сынасты.
Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалау кезінде көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дұрыс дыбыстауына, мәтінді таңдау талғамына, сахналық образ және оқу шеберлігіне баса назар аудардық дейді.
Байқау шарты бойынша Конкурсқа қатысушылар Абайдың шығармаларынан (проза) үзінді және «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» тақырыбында поэзиялық шығармалардан үзінді оқыды. Конкурс шарты бойынша үміткерлер мәтінді бес минуттан асырмай жатқа оқыды және фонограммаларды пайдалануға тыйым салынды.
Нәтижесінде талдықорғандық Айым Алиева байқаудың І орынына лайық деп танылды. Ал ІІ орынға Камилла Вишнякова (Алакөл ауданы) ие болды. ІІІ орын Ерқанат Закеновке бұйырды (Панфилов ауданы).