
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен қазақ тілінде сөйлеуді насихаттауға бағытталған «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясының І кезеңі бойынша оқыту тілі қазақ тілі емес еліміздің орта мектептерінің 5-8 сынып (тек этнос өкілдері) арасында қазақ поэзиясынан үзінділер оқып, насихаттау шарасының бірінші кезеңі өз мәресіне жетті.
Байқауға кең байтақ Қазақстанымыздың 16 өңірінен, құрамы 22 этнос өкілдерінен тұратын, 326 адам қатысты. Қазылар алқасының сараптауы нәтижесінде байқаудың бас жүлдесі мен І орынын Алматы облысы қанжығалады.
Жүлделі орын иегерлері Алматы облысы, Қарасай ауданындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектептің 7 сыныбының қос бірдей оқушысы. Атап айтар болсақ, Мұқағалидың «Туған жерге» өлеңін мәнерлеп жатқа оқыған Шарипова Луиза ең көп 2045 «Лүпіл» жинап, бас жүлдегер атанса Ибрагимова Инара 1029 қаралыммен І орынға ие болды.
Сол сияқты, Алматы облысы, Іргелі ауылы, Л.Н.Толстой атындағы орта мектебінің 5-сынып оқушысы Шокуров Кирилл, Алматы облысы Талғар ауданы, №26 орта мектептің 8-сынып оқушысы Шакиржанова Русалина ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
«Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясына Алматы облысы бойынша 63 үміткер қатысып, 25 қатысушы Алғыс хатпен марапатталды.
Байқаудың тағы бір ерекшелігі, оқушылармен қатар олардың қазақ тілі мұғалімдерінің еңбектері де ескеріліп, Тіл саясаты комитеті төрағасының Алғыс хатымен марапатталатын болады.