Тарихи тұлғалардың есімдері берілді

Тарихи тұлғалардың есімдері берілді

Бүгін Ұйғыр ауданы Шонжы ауылының орталық көшелеріне Әл-Фарабидің, Абайдың, Кентал Исламовтың және Мұқағали Мақатаевтың есімдерін беру шарасы өтті.

Аталған шараға аудан әкімі Шухрат Нурахунов, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Болат Керімбек, аудандақ мәслихаттың хатшасы Есжан Нұрәкім, облыстың Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қалабай Мереимов, аудан депутаттары, зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты.

Ағымдағы жылы Ұйғыр ауданында ономастика саласында біршама жұмыстар атқарылып, аудан орталығы Шонжы ауылындағы көшелер мен мектеп, кітапхана секілді нысан атаулары тарихи тұлғалардың есімдерімен толықты.

Шонжы ауылына қарасты көшелерге атау беру және оларды қайта атау мәселесі 2020 жылы қолға алынған болатын. Бұл бастама еліміздегі елеулі оқиғалар Әл-Фараби бабамыздың 1150, ұлы Абайдың 175, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.

Жергілікті қоғамдастық жиналысының дауыс беру қорытындысы негізінде аудандағы көшелерді қайта атау жөніндегі ұсыныс облыстық ономастика комиссиясының 2021 жылғы 1 сәуірдегі кезекті отырысында қаралып, оң қортындыға ие болды. Нәтижесінде, Шонжы ауылына қарасты бірнеше көшелер – Әл-Фараби, Абай, Кентал Исламов, Мұқағали Мақатаев көшелері болып қайта аталды.

Сондай-ақ, биылғы жылы ҚР Үкіметінің (16-02-2021 ж. №66) қаулысына сәйкес Ұйғыр аудандық кітапханасына Әл-Фарабидің, №4 Шонжы орта мектебіне Абайдың есімдері берілгендігін хабарлаймыз.