«Тас жүректі тіліммен тілімдедім» облыстық байқауы өз мәрсіне жетті

«Тас жүректі тіліммен тілімдедім» облыстық байқауы өз мәрсіне жетті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тас жүректі тіліммен тілімдедім» атты онлайн байқау өз мәресіне жетті.

Бүгін Тіл сарайында аталған байқау жеңімпаздары марапатталды.

Байқаудың мақсаты: Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, М. Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойын кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.

Байқау екі бағыт бойынша  ұйымдастырылды:

Бірінші поэзия бағыты «Қазақтың қара өлеңі – құдіретім» деп аталады. Яғни, мұнда үміткерлер бұрын еш жерде жарияланбаған Мұқағалиға арнау өлеңін жазбаша жолдап және ақынның бір өлеңін оқып,

#Мұқағали90жыл хештегімен әлеуметтік желілерде жарияланған болатын.  Мұнда арнау өлеңмен қатар мәнерлеп оқу ырғағына және бейнеролик сапасына да мән берілді.

Екінші бағыт «Мұқағали шығармашылығындағы ұлттық таным».

Бұл бағыт бойынша қатысушылар Мұқағали шығармашылығындағы ұлттық таным, ұлттық код пен болмыстың мәнін ашып, зерттеу мақаласын жазды. Шығарманы бағалауда мазмұнына, идеясына, құрылымына, көркемдігіне және тақырыптың жан-жақты ашылуына мән берілді.

Дүбірлі додаға 18-45 жас аралығындағы 450 үміткер өтінім жіберді. Ұсынылған материалдар алдымен плагиатқа тексеріліп, сүзгіден өтті. Нәтижесінде 360 адам байқауға қатысуға мүмкіндік алды.

Байқауға келіп түскен шығармаларды танымал қаламгерлерден құрылған қазылар алқасы сараптады.  Қазылар алқасының құрамында облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Нүсіпбай Әбдірахым,  Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары, ақын Жангелді Немеребай, облыс әкімі баспасөз қызметінің  бас  инспекторы, ақын Сағыныш Намазшамова, ҚР Жастар одағы, «Серпер» сыйлығының иегері Жеңіс Жолдыбаев болды.

Үздік деп танылған туындылар Басқарманың ресми сайтында және байқауға ақпараттық қолдау көрсетуші республикалық әдеби-мәдени танымдық  «Мұқағали» журналында жарияланады.

Қара қылды қақ жарған қазылар алқасының шешімі бойынша  поэзия бағытында Мақсат Ережептің арнау өлеңі бас жүлдеге лайық деп танылды.  Байқаудың I  орынын Самал Шеңгелбаева еншіледі.

II орынды Азамат Нұрмұхан мен Айып Айдар қанжығаласа, Рауан Әміреев, Ербол Бұлбұл, Орынтай Мұратхан III орынға ие болды.

Сол сияқты, Сәбит Нұраков, Назгүл Ақбасова,  Мағрипа Сандуғашқа ынталандыру сыйлығы берілді.

Ал Мұқағалиға арналған зерттеу мақалалары ішінен бас жүлде Асыл Сұлтанғазыға тиесілі деп танылды. I орын Бектас Талдыбаевқа, II  орын Алмат Ержановқа, III орын Гүлнар Абдрахмановаға бұйырды.