Болашақ тұлғаны ана тілі рухымен рухтандырушы, ана тілінің қадір-қасиетін ұғындырушы – алдымен ата-ана және баланы тәрбиелейтін мемлекеттік оқу-тәрбие мекемелеріндегі педагог тәрбиешілер. Балаларда лингвистикалық сананың қалыптасуы да балалар бақшасынан басталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады...» деп үндеу тастады.
Тіл сарайында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Мектеп жасына дейінгі балалардың ауызша сөйлеу тілін дамыту» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге Алматы облысының білім басқармасының Талдықорған қалалық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері, қалалық білім бөлімінің әдіскері, балабақша меңгерушілері мен қазақ тілі пәні мұғалімдері, басқарма қызметшілері қатысты.
Жиынға арнайы шақырылған педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының профессоры Алтын Бакраденова баяндама жасады.
Мектепке дейінгі кезеңде мемлекттік тілге үйретудің басты мақсаты – баланың қазақ тілінде ауызекі сөйлеу тілін қалыптастыру. Осы орайда, Алтын Бакраденованың оқу құралдарында бүлдіршіндердің қазақша сөйлеу тілін қалыптастырып дамытуға қажетті әдістемелік нұсқаулар мен модуль арқылы жіктелген тақырыптар бойынша балабақша меңгерушілері мен мұғалімдері сабақ үлгілерімен танысып, пікір алмасты.
Сондай-ақ, Алматы облысының білім басқармасының Талдықорған қалалық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері С. Бекбергенова жарыссөзге шығып, іс-тәжірибесімен бөлісті.
№ 45 балабақша меңгерушісі С. Сейлғазинова, № 42 балабақшасының қазақ тілі пәні мұғалімі Г. Тұңғатарова баланың отбасында, балабақшада және мектепте әдеби тіл нормаларын сауатты игеруі бойынша орамды ойларын ортаға салды.