Жетілдірілген әліпби жобасы талқыланды

Жетілдірілген әліпби жобасы талқыланды

Тіл сарайында латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасын талқылау бойынша жиын өтті.

Жиынға филология ғылымдарының докторы, тілші-ғалым Ғарифолла Әнес, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлім Чукенаева, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Сырлыбаева, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының қызметшілері, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның филиалдарының оқытушылары мен әдіскерлері, сондай-ақ өңірлік мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Болат Керімбек жүргізді.

Латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасын түсіндіру мақсатында өңірімізде барлығы 22 семинар ұйымдастырылып, 785 адам қатысты.

Дөңгелек үстел барысында қазақ тілінің емле ережесіне талдау жасалып, латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасы талқыланды.

Қатысушылардың көпшілігі «Йй» және «Іі» әріптерін ажырату қиындық тудыратынын айтты.

Десе де, жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасы бір дыбыс, бір әріп принципі бойынша ұтымды жасалғандықтан, қолдануға ыңғайлы екендігін білдірді.