
Бүгін «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты байқау аясындағы этнос жастарының қатысуымен өткен «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясы өз мәресіне жетті. Акцияда республика бойынша 2400 қатысушы әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram, YouTube) «Мен қазақша сөйлеймін 2020» хештегімен қазақтың батырлар жырынан үзінді оқыған болатын. 2020 жылғы 12 қазанда сағат 11.00-де акция тоқтатылды.
Аталған акцияға республика бойынша ең көп қатысқан үміткерлер Алматы облысынан болды. Байқау қорытындысы бойынша, батырлар жырларын мүдірмей, мәнерлеп оқуда асқан шеберлік танытқаны үшін Талғар қаласының №4 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Поплавская Елена Игрорьевна және Ақсу ауданы Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Чепель Владимир Сергеевич Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің дипломдарымен марапатталды.