
Бүгін этнос өкілдері арасындағы «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау өтті.
Байқауың мақсаты Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін жүзеге асыру. Яғни, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген, белсенді этнос өкілдерін ынталандыру.
Байқауға аудан, қалаларда іріктеуден өткен 21-35 жас аралығындағы 20 этнос өкілі қатысты. Онлайн байқаудың шарты бойынша алдымен әр қатысушыға тақырып берілді. Олар ұяшық таңдау арқылы, сол тақырыпты кеңінен ашып, мемлекеттік тілде әңгімелеп берді. Екінші кезеңде қатысушылардың жіберген қысқа метражды кәсіби рәсімделген бейнефильмдері тыңдалып, сарапталып, қазылар алқасы бағасын берді.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, (PHD) Гүлім Чукенаева, «Жетісу» телеарнасының бас продюссеры Жұмахмет Жайлаубаев, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлбақыт Қасенова байқауға қазылық етті.
Қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан Альбина Миронова (Қаратал ауданы) бас жүлдені қаңжығасына байлады. Ілелік Валентина Талюс I орынға иелік етсе, Шахризада Басит ІІ орынды місе тұтты. (Еңбекшіқазақ ауданы). ІІІ орынға Марина Кущ (Ескелді ауданы) және Владимир Чепель (Ақсу ауданы) лайық деп танылды. Сол сияқты, ынталандыру сыйлығына ие болғандар қатарында Эльнара Таштанова (Қарасай ауданы), Зарема Джаева (Сарқан ауданы), Валентина Воробьева (Талғар ауданы) болды.
Байқау жеңімпаздары алдағы уақытта марапатталатын болады.