Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өтетін, облыс әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін тағайындалған «ТІЛ-ҒҰМЫР» қаламгерлер байқауы биыл да қалам ұстаған жастардың шабытын ашып, ары қарай шығармашылығын шыңдауына оң серпін беріп отыр.
Бұл байқау Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен дәстүрлі түрде өтіп келеді. Облыста ақын-жазушыларға, жас қаламгерлерге деген қамқорлық ерекше. Соның бірі - "Ақ қауырсын" атты әдемі атауға ие аймақтың әдеби сыйлығы. Аз уақытта бұл байқау Жетісу өлкесіндегі әдебиетшіл қауымның асыға күтетін мерейлі салтанатына, рухани-әдеби танымдық шаралардың біріне айналып отыр.
Биылғы жылғы байқаудың екі өзгешелігі бар. Ол - бүкіл әлемде екінші ұстаз атанған ғұлама, ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойымен тікелей байланысты. Сондай-ақ, иісі қазақтың шамшырағы болған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына да ерекше басымдық беріліп отыр. Қос алыптың мерейтойына орай арнайы «әл-Фараби» және «Абай» жүлделерінің тағайындалуы руханият әлеміндегі тағы бір игі қадам десек те болады.