АЛҒЫ СӨЗ
Еліміздің тіл саясатындағы негізгі міндеттердің бірі – мемлекеттік тілдің
қоғамдағы қызметін кеңейту және оның ғылыми-тәжірибелік қолданысын
нығайту. Соның ішінде ұлттық терминологияны жүйелеу және жетілдіру
– тіл саясатын жүргізудің стратегиялық құжаттарында айрықша
орынға ие әрі өзекті.
Қазақ терминологиясы өз дамуында ұлттық терминқор қалыптастырудың
ішкі көзі қазақ тілінің байлығы мен сөзжасам тәсілдерін
барынша ұтымды пайдалану, туыстас түркі тілдерінен және басқа да
тілдерден термин қабылдау ғылыми қағидаттарын басшылыққа алады.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Баку конференциясында жасаған
баяндамасында термин жасаудың нақты ұстанымдарын ұсынған болатын.
Ғалым алдымен терминді қазақ тілінің өзінен алуды, егер сөз табылмаса,
туыстас түркі тілдерден алуды, ал ол болмаған жағдайда ғана сөзді қазақ
тілінің табиғатына бейімдеп, өзге тілдерден алу керегін атап көрсеткен.
Терминжасамның отандық және халықаралық қағидаттарын жинақтай
келе, белгілі терминтанушы ғалым Ш.Құрманбайұлы «Қазақ терминологиясы
» монографиясында терминдерді қалыптастыруда мынадай
талаптарға сай болуы қажеттігін атап өтеді: 1) бірмағыналық;
2) синонимдердің болмауы; 3) жүйелілік; 4) ықшамдылық; 5) мағына
дәлдігі;
6) тілдік нормаға сай болуы; 7) экспрессиялық бейтараптық
(коннотацияның болмауы).
Терминология ғылымында бұл қағидаттардың орны ерекше, дегенмен
қазіргі кезде аталған талаптардың ескерілмеуі қоғамның түрлі саласында,
әсіресе құқық кеңістігінде біршама қиындықтар туғызып отыр. Атап
айтқанда, нормативтік актілерде бір терминнің әртүрлі мағынада
қолданылуы, синонимдердің орынсыз жарыса жүруі, орыс тілінен тікелей
аударып алу (калька) салдарынан қазақ тілі заңдылықтарының бұзылуы,
аудармада мағына дәлдігінің сақталмауы және құқық ұғымдарының тым
жалпылама сипатта берілуі нормативтік мәтіндердің сапасына кері әсерін
тигізіп келеді. Бұл заңнаманы дұрыс түсінбеуге, мазмұнның бұрмалануына
және құқықтық даулардың туындауына әкеп соқтыруы мүмкін.
Нормативтік құқықтық актілерде қолданылатын терминдер мен сөз
тіркестерінің бірізділігі құқық, экономика және басқа да жүйелердің
тиімді қызметі үшін маңызды. Сондықтан нормативтік құқықтық актілерде
(Қазақстан Республикасының Конституциясы, конституциялық заңдар,
кодекстер, заңдар, заң күші барлық жарлықтар, жарлықтар, қаулылар
және басқа да нормативтік құқықтық актілер) қолданылатын терминдер
мен сөз тіркестерін біріздендіру, терминжасамның тиімді әдістері мен
тәсілдерін қолдана отырып, бірыңғай сөздікті әзірлеу мәселесі күн тәртібіне
қойылды.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының 2024 жылғы
Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы\AКожухова Д.Қ.
4
26 қыркүйектегі хаттамасында көрсетілген тапсырмаға сәйкес Нормативтік
құқықтық актілерде қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің
бірыңғай сөздігі (бұдан әрі – Бірыңғай сөздік) әзірленді. Бірыңғай сөздікте
заң, экономика салалары мен іс жүргізу барысында жиі қолданылатын
1500-ден астам термин мен сөз тіркесі қамтылып, олардың қазақ және орыс
тілдеріндегі анықтамалары берілді.
Сөздікті әзірлеу барысында отандық және шетелдік тәжірибелерге
сүйене отырып, ғылыми айналымда кеңінен қолданылып жүрген
бірқатар іргелі терминологиялық еңбектер, энциклопедиялық анықтамалықтар
және түсіндірме сөздіктер пайдаланылды. Атап айтқанда,
А.Байтұрсынұлының «Таңдамалы шығармалары», Ш.Құрманбайұлының
«Қазақ терминологиясы», «Терминологияны біріздендірудің ғылыми-
әдістемелік негіздері», С.Д.Шеловтың «Термин. Терминологичность.
Терминологические
определения», «Қазақстан Республикасы қолданыстағы
заңнамаларының заң терминдері мен ұғымдарының сөздігі
»,
«Словарь юридических терминов и понятий действующего законодательства
Республики Казахстан на государственном и русском языках»,
«Азаматтық құқықтық пәндер бойынша терминологиялық сөздігі»,
«Қазақ терминологиясының салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: экономика
және қаржы», «Заң терминдерінің түсіндірме сөздігі», «Большой
юридический словарь», «Большой экономический словарь», «Современный
экономический словарь», «Экономика: энциклопедиялық анықтамалық»,
«Экономика: толковый словарь» және т.б.
Аталған еңбектердің негізінде терминдердің мағынасы мен қолданылу
аясындағы айырмашылықтар салыстырмалы түрде талданып, нормативтік
құқықтық актілерде қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің
бірыңғай нұсқасын қалыптастыруда ғылыми-әдістемелік ұстанымдар
негізге алынды.
Мемлекеттік органдардың құқыққа қатысты құжаттарындағы терминдер
жинақталып, заң, экономика, ісқағаздары мәтіндерінде терминологиялық
бірізділіктің сақталу мақсаты жүзеге асырылды.
«Adilet.zan.kz» нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық
жүйесі базасындағы конституциялық заңдар, кодекс және басқа да
нормативтік актілердегі бірізді қолданылмай жүрген, даулы терминдер
сарапталып, мемлекеттік органдардан келіп түскен ұсыныстар мен
«termincom.kz» сайтындағы Республикалық терминология комиссиясында
қаралған терминдер іріктеліп сөздікке енгізілді.
Бірыңғай сөздіктің өзіндік ерекшелігіне байланысты нормативтік
құжаттардың
мәтіні әдеби тілдің және заң терминологиясының нормаларына
сәйкес жазылуы қажет. Терминдердің көпмағыналығы мен
синонимиясы
құқықтық мәтіннің айқындығын бұзатындықтан, әрбір
терминді
мүмкіндігінше бір ғана мағынада қолдану көзделді. Мәселен,
нормативтік актілерде «приобретение» сөзі «алу, иелену, иемдену» деп
Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы\AКожухова Д.Қ.
5
әртүрлі қолданылып келген болса, біріздендіру мақсатында олар нақты
жүйеге түсірілді: «иемдену» (приобретение), «иемденіп алу» (присвоение),
«иелену» (владение), «иеленіп алу» (завладение), «иеленуші» немесе
«иегер» (обладатель), «иеліктен шығару» (отчуждение) болып ара жігі
ажыратылды.
Бірізді қолданылмай жүрген терминдер ішінде «заңды» термині де бар.
Нормативтік құқықтық актілерде бұл термин «законный», «юридический»,
«легальный» деп аралас қолданылып жүр. «Заңды» сөзінің түсініктемесі
«қолданыстағы заң талаптарына және нормаларына сәйкес келетін
және заңда тыйым салынбаған іс-әрекет немесе мәртебе» деп берілген.
Мысалы, заңды күш – законная сила, заңды тұлға – юридическое лицо.
Сөздікте «законный» терминінің аудармасын «заңды» термині береді.
Сондай-ақ «юридический» сөзі «заңды», «заңдық», «заң», «құқықтық»
деген бірнеше сөзбен алмасып қолданылатын жағдайлар жиі кездеседі.
Мысалы, заңдық мәні бар әрекет (юридически значимые действия),
заңдық жауапкершілік (юридическая ответственность), заңды салдар
(юридическое последствие), заңды мекенжай (юридический адрес),
заң сараптамасы (юридическая экспертиза), заң көмегі (юридическая
помощь), құқықтық біліктілік (юридическая квалификация), құқықтық
қате (юридическая ошибка). Бұл терминдер ғалымдар арасында ұзақ
талқыланғанымен, белгілі бір нормаға түспеген. Сондықтан бірқатар сала
ғалымдарының, мемлекеттік органдардағы мамандардың пікірлерін ескере
отырып, құрастырушы топ «юридический» терминін «заңи» деп ұсынды.
Бұл термин бұрын да «Заң терминдері» сөздіктерінде кездескенімен,
кең қолданыс таппаған. Терминологиялық талаптарға сай болғандықтан,
«заңи» сөзін қолданысқа енгізу мақсат етілді.
Тағы бір назар аударатын термин – «неприкосновенность» термині.
Құжаттарда «қолсұғылмаушылық», «қол сұқпаушылық», «қол сұғылмау»
түрінде кездеседі. Мәнмәтінге қарай «жыныстық тиіспеушілік – «половая
неприкосновенность» деп қолданылып жүр. Аталған термин Республикалық
терминология комиссиясында (бұдан әрі – Терминком) талқыланып,
мүлікке қатысты қолданылған жағдайда «қол сұқпау», ал адамға қатысты
қолданылғанда «тиіспеу» деп қолдану ұйғарылды. Мәселен, «адамның
жеке басына тиіспеу» – «неприкосновенность личности», «адамның
қадір-қасиетіне тиіспеу» – «неприкосновенность достоинства человека»,
«мүлікке қол сұқпау» – «неприкосновенность собственности».
Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде «нарушение» сөзі
де «бұзу» және «бұзушылық» болып жарыса қолданылып келгендіктен,
ықшамдау принципіне сүйеніп, оны «бұзу» (заң бұзу, құқық бұзу)
деп алу ұсынылды. «Ескерту», «ескертпе» терминдері қолданыста
«предупреждение», «замечание», «примечание», «оговорка» терминдеріне,
«ссылка», «сноска» терминдері «сілтеме» терминіне баланып, аралас
қолданылып жүр. «Ескертпе» термині 2016 жылы «оговорка» деп
Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы\AКожухова Д.Қ.
6
бекітілгеніне қарамастан, терминдердің қолданыс жиілігі ескеріліп,
Терминком отырысында нақтыланып, «примечание» – ескертпе, «ссылка»
– сілтеме, «сноска» – ендірме, «оговорка» – ескертім, «предупреждение» –
алдын ала ескерту, «замечание» – ескерту болып бекітілді.
Терминдердің қазақ тілінің заңдылығына сәйкес жасалуы маңызды,
дегенмен терминжасам жүйесіндегі -лық/-лік, -дық/-дік, -тық/-тік,
-шылық/-шілік қосымшаларын орынсыз қолдану кальканың белгісі әрі сала
тілін түсінуді ауырлататыны байқалды. Мұндай қолданыс сөз тіркесінің
грамматикалық заңдылығының бұзылуына жол ашады. Сондықтан бірқатар
тіркестер басы артық қосымшалардан арылып, ықшамдалды: абоненттік
желі – абонент желісі, аванстық төлем – аванс төлемі, нотариаттық
қызмет – нотариат қызметі, банктік аударым – банк аударымы, қағаз
тасымалдағыш – қағаз тасығыш, құқық бұзушылық – құқық бұзу,
кемсітушілік – кемсіту, қабілеттілік – қабілеттік және т.б.
Сөздік қазақ тілінің сөзжасамдық мүмкіндіктері негізінде жасалған
жаңа терминдермен толықтырылып, қазақ тілінің бай сөздік қорын негізге
алды, мысалы, талапшарт, сауға беру, мұрсаткүн, рәсімкуә, жоғалтым,
жазысым, сыйлықақы және т.б. Көпмағыналы сөздердің де қолданысы
нақтыланды: «обстоятельство» – мән-жай, «состояние» – жай-күй,
«ситуация» – жағдаят, «случай» – жағдай, «обстановка» – ахуал деп
жіктелді.
Осы сөздіктің басты ерекшеліктерінің бірі – заңи мәтіндерде жарыспалы
қолданыста жүрген терминдерді ажыратып көрсету және қолданушыларға
түсінікті болу үшін арнайы ескертпелердің берілуі. Мұндай ескертпелерде
терминдердің нақты мәнмәтіндегі қолданысы, мағыналық, стилистикалық
ерекшеліктері қамтылған.
Кейде терминдер жалпылама сөздерге ұқсас келіп, әр салада әртүрлі
мағына беруі мүмкін. Мұндай жағдайда терминнің қай салаға жататынын
және мағынасын ашуға көмектесетін – мәнмәтін, яғни контекст. Сондықтан
терминдерді дұрыс түсіндіру, дәл аудару және ғылыми мәтінді бірізді беру
үшін мәнмәтінге назар аудару маңызды. Мәселен, «жанжал», «шиеленіс»,
«қақтығыс» сөздері мәнмәтінде «конфликт» терминінің мағынасын
нақтылап (әлеуметтік жанжал, қарулы қақтығыс, ұлтаралық шиеленіс),
оның мазмұнын дәл түсінуге мүмкіндік береді.
Қазақ және орыс тілдерінің семантикалық өрісінің әртүрлі болуына
және қазақ тіліндегі сөз ұғымы мен мағынасының кеңдігі, икемділігі және
көпмағыналылығы деген ерекшелігі ескеріліп, орыс тіліндегі «годность,
пригодность, действительность» деген бірнеше сөздің қазақ тілінде бір
ғана «жарамды не жарамдылық» сөздерімен берілетіндігі анықталды.
Экономика және қаржы саласындағы «шығын», «шығыс», «зиян», «залал»,
«зардап», «нұқсан» сөздерінің қолданысы да ретке келтірілді: «шығын» сөзі
– «затрата, убыток», «шығыс» – «расход», «зиян» – «вред», ал «ущерб»
сөзінің баламасы ретінде «залал, зардап, нұқсан» ұсынылды. Сол сияқты,
Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы\AКожухова Д.Қ.
7
орыс тіліндегі «заявление» сөзі мазмұнына қарай «өтініш», «мәлімдеме»
немесе «арыз» деп аражігі ажыратылды.
Терминдерді біріздендіру мақсатын жүзеге асыру үшін терминдер мен
сөз тіркестерін дұрыс аудару жұмысының атқаратын рөлі жоғары. Аударма
барысында сөз мағынасының дәлдігі сақталмаса, мәтіннің құқықтық
мазмұны бұрмалануы мүмкін, сол себепті әр терминнің түпнұсқа тіліндегі
мағынасы, оның термин атауымен сәйкестігі тексерілді. Осы бағытта әрбір
терминнің заң мәтініндегі қолданысы, мағыналық өрісі және аударма
нұсқалары салыстырылды. Сөздікте қолданысы ғылыми және практикалық
тұрғыдан сұрыпталған, құқық қолдану тәжірибесінде, экономика
саласында, іс жүргізу үдерісінде жиі кездесетін әрі шешімін таппай жүрген
терминдер енгізілді.
Терминдерге балама таңдаған кезде мағына дәлдігі қағидаты, орфографиялық
нормалар және ықшамдау заңдылығы басшылыққа алынды.
Сөздікті әзірлеу кезінде даулы терминдер құқық, филология, экономика
салаларының білікті мамандары, Парламент депутаттары және мемлекеттік
органдардың редакциялау бөлімдерімен бірлесе талқыланды.
Сөздікті қолданушылар сөздіктегі терминдерді бұрынғы нұсқаларымен
салыстырған кезде айырмашылықтарды көріп, құрастырушылар ұсынған
жаңа баламаларға қатысты пікірлері туындауы мүмкін. Мұндай пікірлердің
туындауы заңды құбылыс, өйткені терминология – үздіксіз дамитын жүйе.
Дегенмен қолданыстағы заңдар мен бұрынғы сөздіктер мұқият сараланып,
тәжірибеде орныққан және көпшілікке түсінікті, етене таныс терминдер
сөздікке өзгеріссіз енді.
Сөздікте терминдер мен сөз тіркестерінің анықтамасы (дефиниция)
берілген, бірақ анықтаманы нормативтік актілерде берілетін негізгі
ұғымдармен (ұғымдық аппаратпен) шатастыруға болмайды. Нормативтік
анықтама терминнің құқықтық табиғатын дәл айқындау мақсатында берілсе,
сөздіктегі анықтамалар терминнің жалпы семантикасын, мәнмәтіндегі
қолданысы мен тілдік ерекшеліктерін көрсетеді.
Сөздік екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде терминдер мен сөз
тіркестері әліпби ретімен қазақ және орыс тілдеріндегі анықтамасымен
ұсынылды. Екінші бөлімде терминдер мен сөз тіркестерінің орыс және
қазақ тілдеріндегі тізбесі жасалды. Бұл бөлім терминдердің аудармасын
жылдам іздеп табуға мүмкіндік береді.
Бірыңғай сөздік – нормативтік құқықтық актілерде қолданылатын
терминдер мен сөз тіркестерін біріздендіру, қазақ тіліндегі құқықтық дискурстың
сапасын арттыру және заңнаманың түсінікті жазылуы жолындағы
жүйелі ғылыми-тәжірибелік жұмыс нәтижесі және заңнама тілін жүйелі
түрде жетілдірудегі бастама.
Бірыңғай сөздік әзірлеу – ұлттық терминология жүйесін қалыптастыру
мен дамыту үшін маңызды қадам. Мемлекеттік тілде заңнама терминологиясын
жетілдіру қазақ тілінің құқықтық саладағы қолданылу аясын
Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы\AКожухова Д.Қ.
8
кеңейтеді, сондай-ақ ұлттық терминологияның жүйеленуіне, отандық және
халықаралық құқық құжаттары мәтіндерінің сапасын арттыруға ықпал
етеді.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс
қылса, халықтық мақсат сонда орындалады», – деп ұлттың дамуы ортақ
еңбек пен бірлікке негізделетінін айтқан. Осы сөздік те – сол ортақ мұратқа
қосылған үлес.
Тіл байлығын жүйелеп, келер ұрпаққа дұрыс әрі түсінікті қалпында
жеткізу – тіл мамандарының ғана емес, баршамыздың ортақ парызымыз.
Бірыңғай сөздік қазақ тілін дамытуға қызмет ететін қажетті құрал болады
деп сенеміз.
Құрастырушылар алқасы