Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі
басқармасының жұмысы туралы
(2025 жылғы І жартыжылдық)
І. Тіл мәселесі.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға арналған облыстық іс-қимыл жоспарын (облыс әкімдігінің 27.12.2023 ж. №422 қаулысымен бекітілген) орындау мақсатында жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Жергілікті атқарушы органдардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін анықтау мақсатында 27 басқарма мен 11 ауданның мекемелеріндегі құжат айналымына зерделеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы 258459 кіріс хат келіп түскен, оның ішінде 231648 (89,6 %) мемлекеттік тілде. Жалпы 158780 шығыс хат жолданған, оның ішінде 147401 (93 %) мемлекеттік тілде жіберілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен (91,2 %) салыстырғанда 1, 8 % - ке артқан.
2025 жылдың 3-7 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті тарапынан Алматы облысына ҚР тіл туралы заңнамасының сақталуына тексеру жүргізілді. Тексерумен облыс әкімдігі, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс, құрылыс басқармалары, Жамбыл ауданының әкімдігі қамтылды. Тексеру барысында мекеме қызметкерлеріне тіл туралы заңнама талаптарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, Комитет тарапынан әзірленген IT өнімдердің таныстырылымы болды.
Сонымен қатар облыс әкімдігінің өкіміне (29.11.2024 ж. №73-өн/қ) сәйкес Іле ауданың әкімдігі және аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары бөлімдеріне, Қонаев қаласының әкімдігі және әкімдікке қарасты құрылыс, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы, сәулет және қалақұрылысы бөлімдеріне ҚР тіл туралы заңдарының сақталуына жоспарлы тексеру жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді.
Облыс бойынша наурыз айында «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы жарияланып, қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілдің заңға сәйкес қолданылуына зерделеу жүргізілуде. Акция барысында аудан, қала әкімдіктерінде құрылған жұмысшы топтармен 86 рейд жұмысы жүргізіліп, 49 кемшілік анықталған, оның ішінде 31 түзетілген. 18 кемшілік бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне заң талаптарын түсіндіру жөнінде көмек көрсетіліп, акция парақшалары таратылды.
Облыс деңгейінде ас мәзірінің үлгілік сөздігі, тамақтану орындарына арналған ас мәзірінің үлгілері жасалынды. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, кәсіпкерлік басқармасы және аудан әкімдіктері арқылы кәсіпкерлік бөлімдеріне таратылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Барлық аудан, қалаларда «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» республикалық байқауының ауылдық кезеңі өткізілді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің қолдауымен 24-25 сәуірде Қонаев қаласында «Мемлекеттік тіл саясаты: озық тәжірибелер мен инновациялар» атты республикалық тәжірибе алмасу семинары өтті.
Семинарға Астана, Алматы, Шымкент қалаларының тілдерді дамыту мәселесіне жауапты басқармалардың басшылары, тіл жанашырлары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары мен сала мамандары қатысты.
Қатысушылар мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған нақты жобалар мен тың бастамалармен бөлісіп, ортақ тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды. Семинар барысында тіл саясатының өзекті мәселелері талқыланып, бірқатар маңызды баяндамалар тыңдалды.
Екінші бөлім тәжірибе алмасу форматында өтіп, қатысушылар салалық мекемелердегі мемлекеттік тілдің қолданылуы, тілдік кемсітушіліктің алдын алу, құқықтық жүйелерде қазақ тілінің қолданысын кеңейту бағытындағы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оның қолдану аясын кеңейту мақсатында облыс бойынша барлық, аудан, қалаларда Тіл фестивальдері өткізілуде. Бұл шара 2025 жылдың 28 наурызда Ұйғыр ауданынан бастау алып, 4 сәуір күні Еңбекшіқазақ және Талғар, 11 сәуірде Іле, Қарасай, 29 сәуірде Балқаш аудандарында және 16 мамырда Алатау қаласында, 26 мамырда Жамбыл, 29 мамырда Райымбек, 30 мамырда Кеген аудандарында өткізілді. Тіл фестивалінің қорытындысы бойынша жеңімпаздарға Алматы облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы табысталатын болады.
Ағымдағы жылдың 3 маусымында Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында Т. Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тұманбай Молдағалиевтың 90 жылдығына арналған «Жүрегі жырдан жаралған» атты облыстық жазба ақындар байқауы өтті.
Талантты тұлғаның қаламынан шыққан өшпес мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат еткен бұл шара ақынның ескерткішіне тағзым етуден басталды. «Тұманбай жыры өшпес мұра» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, театрландырылған көрініс көрсетілді. Әр өңірден келген байқауға қатысушылар ақынға арнау өлеңдерін оқып, Тұманбай ағаның жырларынан сыр шертті. Сонымен берге, көрермен қауым ақынның сөзіне жазылған әсем әндерді тыңдап, керемет, әсерлі кештің куәсі болды.
Шара соңында байқауға қатысушылар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Балқаш ауданының үмітін үкілеп келген Нұржігіт Кенжеғали бас жүлдені жеңіп алса, Кеген ауданынан Аршын Нұрбақытұлы жүлделі І орынды, Райымбек ауданынан Оразхан Жасталап пен Ұйғыр ауданынан қатысқан Нұржан Жайдар жүлделі ІІ орынды, Жамбыл ауданынан Қызырхан Асқар, Талғар ауданынан Бағжан Бақбергенұлы мен Майра Берікқызы жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында жыл басынан бері 100 шара (1 республикалық семинар, 4 облыстық байқау, 13 ашық сабақ, 38 танымдық сабақ, 1 сайыс сабақ, 3 әдеби кеш, 14 дөңгелек үстел, 1 дебат, 8 сұқбат, 7 челлендж, 10 мерекелік кеш) өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында 2 телехабар, 36 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 110 жариялым шықты.
«Мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін арттыру» индикаторы – тілдерді дамыту саласының макроиндикаторы. Осы индикатор 2025 жылы облыстың даму жоспарына енгізіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс бойынша 5698 адамға сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 90 % -тен астамы мемлекеттік тілді біледі. Сонымен қатар, осы мәселеге әлеуметтік талдау жүргізу үшін облыстық болжау және талдау орталығымен тиісті жұмыстар жүргізілуде.
ІІ. Тілдерді оқыту және іс шаралар.
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына (бұдан әрі – Басқарма) қарасты «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның 11 филиалы бар.
2025 жылдың I жартыжылдығына мемлекеттік тілді оқыту курсына – 1306 тіл үйренуші қабылданды. Топ саны – 86 (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 336, бюджеттік сала қызметкерлері 840, жеке тұлға 130). Ұлттық құрамы: 919 қазақ, 387 этнос өкілдері (42%).
Ағылшын тілді оқыту курсына 314 тіл үйренуші қабылданды. Топ саны – 22 (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 127, бюджеттік сала қызметкерлері 146, жеке тұлға 41).
Орыс тілі курсына жалпы саны – 60 тіл үйренуші қабылданды. Топ саны – 4 (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 15, бюджеттік сала қызметкерлері 43, жеке тұлға 2). Курс мерзімі – 3, 6 ай.
Қазақ тілін кәсіби салаға бағыттап оқыту бойынша есептік кезеңде 180 полиция қызметкері тәртіп сақшыларына арналған кәсіби қазақ тілін, 28 имам дін саласының қызметкерлеріне арналған қазақ тілін үйренуде.
Тілдерді оқыту саласын жетілдіру мақсатында өңірдің тілдік ерекшеліктерін қамтитын «Алатау» оқу-әдістемелік кешенінің А2 Базалық деңгейлеріне арналған оқу құралы жарық көрді. Оқулықтың басты ерекшелігі лексикалық минимумды, сұқбаттарды Qr кодты сканерлеу арқылы тыңдауға мүмкіндік береді.
Ақпараттық технологиялар арқылы оқыту үрдісін жетілдіру мақсатында қашықтықтан оқытуға арналған TilOquBot атты Telegram чат боты іске қосылған. Аталмыш чат бот мемлекеттік тілді оқытуды 4 деңгейіне арналған 100 сағаттық оқу бағдарламасы мен мемлекеттік тілде іс жүргізу курстарының сабақтарын қамтиды. Қазіргі кезде чатқа 2382 тіл үйренуші тіркелген. Тіркелушілердің басым бөлігі (52%) Алматы облысының шалғай аудандарында тұратын тұрғындар (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 830, бюджеттік сала қызметкерлері 929, жеке тұлға 623).
ІІ. Ономастика мәселесі.
2025 жылдың 23 қантары күні Мемлекеттік кеңесшісімен өткен жиналыс қорытындысы бойынша атауын өзгертуді және қайта атауды талап ететін 811 көшенің 678-і қолдау тапты. Осыған орай ағымдағы жылдың 27 наурызында Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігімен келісілген Жол картасына сәйкес облыстық ономастикалық комиссиясының I-кезеңі өтті. Күн тәртібінде Талғар, Қарасай, Балқаш, Жамбыл аудандарының құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атау мәселесі қаралды. Комиссия қорытындысы негізінде I - кезеңдегі 211 көшені комиссия мүшелері мақұлданып, Республикалық ономастикалық комиссияға жолданды. Көшелерге атау беру және қайта атау бойынша жұмыстар осы жылы кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Алматы облысының тілдерді дамыту
жөніндегі басқармасының басшысы Д. Ахметов