Қазіргі уақытта облыста «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның 19 аудандық, қалалық филиалы жұмыс істейді. Барлық оқыту орталықтары заманауи үлгідегі материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы мемлекеттік тілді оқыту курсында 490, латыннегізді әліпби курсында 1018, ағылшын тілі курсында 225, орыс тілі курсында 16, барлығы 1749 тыңдаушы дәріс алды. Нәтижесінде мемлекеттік оқыту курсын 420, ағылшын тілін 197, орыс тілін 16 тыңдаушы сәтті аяқтап, куәлік алды. Соңғы жылдары этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген құлшынысы артып келеді (мемлекеттік тілді оқытумен қамтылған 490 тыңдаушының 212-сі этнос өкілдері).
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап оқыту орталықтарының сабақ жүргізу процесі қашықтан оқытуға көшірілді. Осыған байланысты облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және филиал қызметкерлерінің жаңа технологияларды меңгеруіне ықпал ету мақсатында «Ақпараттық коммуникациялық технология дағдыларын оқыту үдерісіне ықпалдастыру» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Семинарды Талдықорған қаласының педагогикалық шеберлік орталығы филиалының тренері, педагогика ғылымдарының магистрі М. Аманжолұлы жүргізіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, тіл үйренушілердің тілдік, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында «Тілдік құзыреттілікті дамыту» атты облыстық онлайн семинар өткізілді. Семинарға Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» республикалық ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы «Ресурстық тіл орталығы» қызметкерлері, Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен аудандық, қалалық филиал меңгерушілері, әдіскерлері және оқытушылары қатысты.
Үстіміздегі жылдың 25 маусымында Тіл сарайында ZOOM платформасы арқылы қашықтан оқыту үдерісіндегі электронды ресурстарды ұйымдастыру және пайдалану негізінде оқытушылардың кәсіби біліктілігін көтеру, тәжірибе алмасу мақсатында «Қашықтан оқытуды дамыту идеялары» республикалық онлайн семинары ұйымдастырылды. Аталған шараға республика бойынша мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары, Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қалалық, аудандық филиалдарының қызметкерлері қатысты, семинарда Н. Назарбаев университеті, қазақ тілі және түркология кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі К. Көпеш баяндама жасады.
Бағдарламаның нәтижелі көрсеткіштердің бірі Қазтест жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді орта және жоғары деңгейде меңгерген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін және өзге сала мамандарының үлесін арттыруға бағытталған. Есептік кезеңде Қазтест жүйесі негізінде жергілікте жерлерде 4156 адам диагностикалық тестілеуден өткен.
Қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі әліпбиін жетілдіру бойынша 2020-2025 жылдарға арналған іс шаралар жоспарына сәйкес, әліпбидің түпкілікті нұсқасын бекітуге қатысты екі рет ашық талқылау ұйымдастырылды. Шараға І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филолог ғалымдары, арнаулы оқу орындарының оқытушылары, Талдықорған қаласындағы мектептердің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында шараға қатысушыларға латынграфикалы, қазақ әліпбиінің бірнеше нұсқасы таратылды. Қатысушылар осы аталған нұсқалар бойынша өз пікірлерін ортаға салды. Ұсыныстар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетіне жолданды.
«Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Бір өлеңі – бір әлем» атты поэзия кеші, Ж. Жақыпбаевтың туғанына 75 жыл толуына орай «Жырлайды жүрек» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Сонымен бірге дәстүрлі түрде «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Ана тілім – айбыным менің» облыстық байқаулары өткізілді. Байқау жеңімпаздарына Басқарманың Алғыс хаты және арнайы сыйлық табыс етілді. Алдағы уақытта «Тіл – ғұмыр» қаламгерлер байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталып, проза, поэзия жанры бойынша облыс әкімінің «Ақ қауырсын» арнайы жүлдесі табысталатын болады.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында басқармада бірнеше шаралар өткізілді. Олардың қатарында Басқарма қызметкерлері Абай өлеңдерін жатқа оқудан челлендж ұйымдастырып, оны ары қарай жалғастыруды Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының тілдерді дамыту жөніндегі басқармаларына жолдады. Сонымен қатар, «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты дөңгелек үстел өткізіліп, әлеуметтік желі арқылы онлайн режимінде этнос жастары арасында «Абай оқулары» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Бұл онлайн байқауда әр қатысушы шығармаларды алдын ала бейнежазбаға түсіріп, басқармаға жолдады. Сондай-ақ, түсірілген бейнежазбалар #Абай175байқау хэштегімен басқарманың әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланып отырды. Қатысушылардың санына шектеу қойылған жоқ. Байқауда көркемсөз оқу және ән айту шеберлігін қатар меңгерген 18 бен 29 жас аралығындағы 40 үміткер өнер көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша, өнер көрсетуде қарсыластарынан оқ бойы озық тұрған жаркенттік Дильназ Шарипова Бас жүлдені иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды.
Сондай-ақ, өзінің осал қарсылас емес екенін танытқан Лысенко Инна (Кербұлақ ауданы) Басқарманың бірінші дәрежелі дипломына лайық деп танылды. Жүлделі II орынды Аманкулова Карина (Көксу ауданы) мен Аслан Оглы Эмина (Қаратал ауданы) алса, III орын Ягель Анжелина (Алакөл ауданы) және Воцке Ангелинаға (Еңбекшіқазақ ауданы) бұйырды.
Бұл сайыста этнос жастары қазақтың ұлттық киім үлгісін кию арқылы ортақ Отанға деген махаббат пен қазақы рухты бойларына сіңіріп, ұлы ақын шығармаларын жаттау арқылы ел бірлігінің басты кілті – мемлекеттік тілге, Абай тіліне тереңірек бойлай түсті.