Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар (2020 жыл І жартыжылдық)

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, ақын  шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында басқармада бірнеше шаралар өткізілді. Олардың қатарында Басқарма қызметкерлері Абай өлеңдерін жатқа оқудан челлендж ұйымдастырып, оны ары қарай жалғастыруды Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының тілдерді дамыту жөніндегі басқармаларына жолдады. Сонымен қатар, «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты дөңгелек үстел өткізіліп, әлеуметтік желі  арқылы онлайн режимінде  этнос жастары арасында «Абай оқулары» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Бұл онлайн байқауда әр қатысушы шығармаларды алдын ала бейнежазбаға түсіріп, басқармаға жолдады. Сондай-ақ, түсірілген бейнежазбалар #Абай175байқау хэштегімен басқарманың әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланып отырды. Қатысушылардың санына шектеу қойылған жоқ. Байқауда көркемсөз оқу және ән айту шеберлігін қатар меңгерген 18 бен 29 жас аралығындағы 40 үміткер өнер көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша, өнер көрсетуде қарсыластарынан оқ бойы озық тұрған жаркенттік Дильназ Шарипова Бас жүлдені иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды.

Сондай-ақ, өзінің осал қарсылас емес екенін танытқан Лысенко Инна (Кербұлақ ауданы) Басқарманың бірінші дәрежелі дипломына лайық деп танылды. Жүлделі II орынды Аманкулова Карина (Көксу ауданы) мен Аслан Оглы Эмина (Қаратал ауданы) алса, III орын Ягель Анжелина (Алакөл ауданы) және Воцке Ангелинаға (Еңбекшіқазақ ауданы) бұйырды.

Бұл сайыста этнос жастары қазақтың ұлттық киім үлгісін кию арқылы ортақ Отанға деген махаббат пен қазақы рухты бойларына сіңіріп, ұлы ақын шығармаларын жаттау арқылы ел бірлігінің басты кілті – мемлекеттік тілге, Абай тіліне тереңірек бойлай түсті.

Дата публикации
24 июля 2020