Өңірімізде қазақ тілі әліпбиін латыннегізді әліпбиге көшіру бойынша кең көлемде жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Президентінің латыннегізді қазақ тілі әліпбиін жетілдіруге қатысты тапсырмасына және Қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі әліпбиін жетілдіру бойынша 2020-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес Тіл сарайында ашық талқылау жиыны ұйымдастырылды. Шараға І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филолог ғалымдары, арнаулы оқу орындарының оқытушылары, Талдықорған қаласындағы мектептердің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары, БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында шараға қатысушыларға латынграфикалы, қазақ әліпбиінің төрт нұсқасы таратылды. Қатысушылар осы аталған нұсқалар бойынша өз пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қатар филолог-ғалымдардың қатысуымен Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және ІТ-сүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысында мақұлданған, жаңа әліпби жобасының мәселелеріне арналған жиын өткізілді.