Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша ақпарат

Биылғы жылы Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың  2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осыған сәйкес облыста арнайы іс-шаралар жоспары жасалды. «Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту», «Латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту», «Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту» сынды тарауларды қамтитын жаңа бағдарламының басты міндеті мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту болып табылады.

Сондай-ақ 2020 жылы халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай мемлекеттік әрі халықаралық деңгейде көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Абайдың мерейтойы рухани тұрғыда барша қазақтың ұлы тойы болғандықтан Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының қызметкерлері ағымдағы жылдың шымылдығын Абай өлеңдерінен үзінді оқу челленджімен ашты.

Басқарманың ұйымдастыруымен  «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараға «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.к. Ж. Шойынбет арнайы шақырылды. Жиында ғалым ақынның құнды мұраларына талдау жасады.  Сондай-ақ, шараға ЖМУ-дің доценті, ф.ғ.к., абайтанушы ғалым С. Қожағұлов, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Ө. Ахметов пен  Ж.  Хамай, ф.ғ.д., профессор А. Қасабеков, ҚР композиторлар одағының мүшесі М. Егінбаев, ф.ғ.к, қауымдастырылған профессор К. Әлікенова, облыстық «Аналар кеңесінің» төрайымы Ж. Баймадиева, «Жетісу» телеарнасының бас продюсері Ж. Жайлаубаев, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Ж. Әміреев, ф.ғ.к., доцент, Д. Аңсабаев, жас жазушы, әдебиет сыншысы, зерттеуші Е. Тоқтарбай, БАҚ өкілдері мен студенттер қатысты. Дөңгелек үстел барысында маңызды пікірлер, сүбелі сөздер айтылды.

Өңірімізде қазақ тілі әліпбиін латыннегізді әліпбиге көшіру бойынша кең көлемде жұмыстар жүргізілуде. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы Президентінің латыннегізді қазақ тілі әліпбиін жетілдіруге қатысты тапсырмасына және Қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі әліпбиін жетілдіру бойынша 2020-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес Тіл сарайында  ашық талқылау жиыны ұйымдастырылды. Шараға І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филолог ғалымдары, арнаулы оқу орындарының оқытушылары, Талдықорған қаласындағы мектептердің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары, БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында  шараға  қатысушыларға латынграфикалы,  қазақ әліпбиінің   төрт

нұсқасы таратылды. Қатысушылар осы аталған нұсқалар бойынша өз пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қатар филолог-ғалымдардың қатысуымен Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және ІТ-сүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысында мақұлданған, жаңа әліпби жобасының мәселелеріне арналған жиын өткізілді.

 «Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында  ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Бір өлеңі – бір әлем» атты поэзия кеші болып өтті. Еркін форматта өткен кешке Б. Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының әртістері А. Кенжебекова мен К. Темірбайұлы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ф.ғ.д., профессор М. Иманғазинов, филология ғылымының кандидаты С.Қожағұлов, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары  Ж. Әміреев қатысты.

Көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай «Жырлайды жүрек» атты облыстық мүшәйра және Тіл саясатын іске асыруда іс шаралардың насихатталуына өлшеусіз үлес қосып отырған республикалық  «Ana tili» газетінің  30 жылдық мерейтойына орай «Анамның тілі – айбыным менің» атты публицистикалық шығармалар байқауы жарияланды. Қос бірдей байқауға келіп түскен шығармалар толығымен талданып, қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар алдағы уақытта марапатталатын болады.

Алматы облысындағы тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті  атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Осыған сәйкес өңірімізде алғашқы тоқсанда мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды құрады.

Дата публикации
07 апреля 2020