Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мемлекеттік тіл саясатын іске асыруда іс шаралардың насихатталуына өлшеусіз үлес қосып отырған ұлт газеті «Ана тілінің» 30 жылдық мерейтойына орай, «АНАМНЫҢ ТІЛІ - АЙБЫНЫМ МЕНІҢ» атты публицистикалық шығармалар байқауын ұйымдастырған болатын.
Жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған байқауға облыстық додаға түскендер қатары аз болған жоқ.
«АNA TILI» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанов, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсенбек Мағлұмов, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі Қалмаханбет Мұхаметқали байқауға онлайн түрде төрелік жасады.
Бас жүлдені шығармасы ең үздік деп танылған Қайым-Мұнар Табеев иеленді. Ал l орынды Әли Ысқабай қанжығасына байлады. II орын Роза Сейілханова мен Жомарт Игіманға, ал lll орын Дастан Қастайға, Мөлдір Тұрысбаеваға, Нұрлан Сәрсенбаевға бұйырды.
Бас жүлдеге лайық деп танылған шығармалар «АNA TILI» газетінің алдағы сандарында жарияланатын болады.
Байқаудың мақсаты: ақпарат айдынында 30 жылдан бері мемлекеттік тілдің дамуы мен ұлттық тіл қорының жасақталуын насихаттап келе жатқан «Ana tili» газетін қолдау, басылымның Тәуелсіздік жарияланғаннан бергі елдік тұрғыдағы асқан асулары мен рухты қалаулы істерін паш ету, мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын арттыру, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығы мен өміршеңдігін жұртшылыққа кеңінен насихаттау.