Бүгін Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Ақпараттық технология терминдерінің бүгіні: ұлт тілі және заман сабақтастығы» тақырыбында онлайн семинар өткізді.
Семинардың мақсаты – жаһандану жағдайында қазақтың ғылыми тілін дамыту үшін ақпараттық технология терминдерінің ұлттық үлгісін жасау, жетілдіру, жүйелеу мәселелерін талқылау және шеттілдік терминдерді игерудегі сәтті тәжірибемен бөлісу.
Онлайн семинарға қатысқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Ғ.Шойбекова ақпараттық технология терминдерін тілімізге енгізерде, тілтанушы ғалымдар мен сала мамандарының пікірімен санасып, тұрақтап қалатын терминдер қалыптастыруға басымдық беру керектігін айтты.
Батыс Қазақстан инновациялық университетінің доценті А.Абдулманов ұлттық тіл негізінде компьютер терминдерінің үлес салмағының төмен деңгейде болуының бір себебі қазақ тіліндегі ұтымды жасалған терминдердің (мысалы, тінтуір (мышка), сақтағыш (флешка), бума (папка), пернетақта (клавиатура)) өзін күнделікті тілімізде жиі қолданылмайтындығынан дей отырып, ақпараттық технология саласының терминологиялық өрісі орыс тілі мен қоса ағылшын тілімен етене байланысып жатқандықтан, салалық терминологияны дамытудың жаңа, өзгеше тәсілдерін ойластыру қажеттігін атап өтті.