Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қазақтілді контентті арттыру және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында өтетін, дәстүрлі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының қорытындысы шықты.
40-қа жуық бұқаралық ақпарат майталманы бақ сынасқан байқауға «Жетісу» телеарнасы директорының ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Досан Қызайбекұлы, қалалық «Талдықорған» газетінің тілшісі, ақын Айдын Кәлімхан, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Туғанай Рахымберлина қазылық етті.
Байқауға материалдар үш аталым бойынша қабылданған болатын. Атап айтар болсақ, «Үздік телебағдарлама», «Үздік мақала», «Үздік сайт мақаласы» (үздік әлеуметтік желі).
«Үздік телебағдарлама» аталымы бойынша облыстық «Жетісу» телеарнасының журналисі Айбек Құттыбектің «Көше атаулары қашан қазақшаланады?» атты бейнесюжеті бас жүлдеге лайық деп танылды.
Сапалы бейнежазбалар топтамасымен көзге түскен «Хабар» телеарнасының Алматы облысындағы меншікті тілшісі Шыңғыс Қалиден І орынды жеңіп алды. Байқаудың ІІ орыны облыстық «Жетісу» телеарнасының Нұр-Сұлтан қаласындағы меншікті тілшісі Әзиза Төленби, ІІІ орыны – «Хабар» арнасының Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі Әділхан Сахариевке берілді.
Облысымызда мемлекеттік тілді дамыту, насихаттау, оның қолданыс аясын арттыру бойынша өлшеусіз еңбек етіп, аянбай тер төгіп жүрген БАҚ қызметкерлері «Үздік телебағдарлама» аталымы бойынша ынталандыру сыйлығына ие болды. Олар: Гүлжанат Мақұлжанова (Облыстық «Жетісу» телеарнасы), Жазира Исаева (Облыстық «Жетісу» телеарнасы) және оператор Олжас Байбосынов («Хабар 24» телеарнасы).
«Үздік мақала» аталымы бойынша, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қуаныш Тұңғатардың « Латын әліпбиі: біз нені түсінбей жүрміз?» мақаласы бас жүлдеге ие болды. Ал «Мемлекеттік тіл – мазақ емес!», «Жоғалғысы келетін ұлт бар ма?» атты сыни мақалаларын жолдаған Сардарбек Нұрадин (Еңбекшіқазақ аудандық «Еңбекшіқазақ» газеті) I орынды жеңіп алды.
Бұл аталым бойынша, ІІ орынды Лина Айдынқызы (Облыстық «Алатау» газеті), ІІІ орынды Анастасия Триппель (Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газеті) алды.
«Үздік мақала» аталымы бойынша ынталандыру сыйлығына Мадина Далекенова (Облыстық «Огни Алатау» газеті), Татьяна Демидова (Облыстық «Огни Алатау» газеті), Алтынай Сейткен ( Балқаш аудандық «Балқаш өңірі» газеті) ие болды.
Байқаудың келесі аталымы «Үздік сайт мақаласы» бойынша өзге әріптестерінен көш ілгері шыққан Зейнегүл Жұмабекова (Ескелді ауданы «Адырна» сайтының тілшісі) бас жүлдеге ие болды.
І орын Мұхит Тоқтасын алса, (Облыстық «Жетісу» телеарнасы), ІІ орын – Гүлжан Тұрсынова (Облыстық «Жетісу» газеті) ІІІ орын Жұмабай Мұсабеков (Облыстық «Жетісу» газеті) ие болды.