«Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік нышаны» облыстық байқауының ережесі

  1. Байқаудың мақсаты

1.1. «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік нышаны» облыстық байқауының (бұдан әрі – Байқау) мақсаты: мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді азаматтарды ынталандыру.

  1. Байқауды ұйымдастыру тәртібі

2.1. Байқаудың ұйымдастырушысы: «Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы»  мемлекеттік мекемесі.

2.2. Байқауды өткізу туралы хабарландыру басқарманың интернет-ресурсында және әлеуметтік желілерде жарияланады.

  1. Байқауға қатысу тәртібі

3.1. Байқауға аудан, қалаларда іріктеуден өткен, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері – медицина саласындағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, денсаулық сақтау саласы ұйымдарының қызметкерлері қатысады.

Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шек қойылмайды.

3.2. Байқау 3 кезеңнен тұрады.

1) бірінші кезең – аудан, қалаларда қыркүйек айының екінші онкүндігінде   өткізіледі;

2) екінші кезең – облыста қыркүйек айының үшінші онкүндігінде  өтеді (нақты күні, уақыты қосымша хабарланады);

3) үшінші кезең – республикалық байқау Нұр-Сұлтан қаласында қазан айында өткізіледі.

Байқау мынадай тапсырмалардан тұрады:

І кезең. Музыка терапия. Өз өнерін көрсету.

ІІ кезең. Лингвотерапия. Мақал-мәтел сайысы.

ІІІ кезең. Логотерапия.  Ұяшық таңдап, берілген тақырыпта ой толғау                   (3 минут).

IV кезең. Иппотерапия. Nearpod.com, Kahoot ресурстары арқылы жетістікке жетелейтін сұрақтарға жауап беру.

3.3. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

  1. Қорытынды ережелер

4.1. Байқауға қатысушылардың жұмысын мемлекеттік тілдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген ғалымдардан, мәдениет саласының қызметкерлерінен,   жалпы бес адамнан тұратын өзге ұлт өкілдерінен құрылған қазылар алқасы бағалайды.

4.2. Ұсынылған бейнематериалдар басқарманың интернет-ресурсында, әлеуметтік желілерде және «Tilalemi.kz» порталындағы «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік нышаны» айдарына орналастырылады.

4.3. Облыстық байқау 2022 жылғы 27 қыркүйекте өтеді. Байқауға қатысу туралы өтінім 2022 жылғы 25 қыркүйекке дейін  onomastika_obltildamytu@bk.ru

электронды поштасына қабылданады (қосымшаға сәйкес).

Белгіленген мерзімнен кешіктіріліп ұсынылған өтінімдер қаралмайды.

Байланыс телефондары: 8 (7277) 2-39-02, 8 (7277) 2-38-99, ұялы: 8 7778381936

E-mail: onomastika_obltildamytu@bk.ru

Дата публикации
07 сентября 2022