Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының 2022 жылғы І жартыжылдықта атқарған жұмысы туралы ақпараты

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңы және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда 2022 жылдың  I жартыжылдығында жүйелі жұмыс жүргізді.

Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті  атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына жүргізілген мониторинг бойынша құжат айналымы 2022 жылдың I жартыжылдығында мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5%-ті құрады.

2022 жылғы 17 наурызда Тіл сарайында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық филиалымен бірлесе ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл: бүгін, ертең» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған жиынға Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов,  А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова, облыстың зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, аудан, қала әкімдерінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары, аудандық, қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшылары, мамандары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы, аудандық, қалалық бастауыш ұйым мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелдің мақсаты – мемлекеттік тіл саясатында өзекті мәселелерді шешу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге күш салу, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жандандыру. Жиында «Мемлекеттік тіл: бүгін, ертең» тақырыбында А. Фазылжанова, «Тарих пен тіл тамырлас» тақырыбында З. Қабылдинов баяндама оқыды. Жиын соңы өңіріміздегі ономастикалық, тілдік ахуалды оңтайландыру, бірлесе талдау, сараптау жүргізу мақсатында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық филиалымен Басқарма өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімімен аяқталды.

Алматы облысының 2022 жылғы Наурыз мерекесін атап өту жөніндегі  іс-шаралар жоспарының 28-тармағына сәйкес ұлттық салт-дәстүр мен батаның тәрбиелік мәнін насихаттау мақсатында облыстық «Батагөй» байқауы ұйымдастырылды. Байқауға облыс көлемінде 35 жастан асқан 21 адам қатысып, «Наурыз – жыл басы» тақырыбында өзі жазған батасын нақышына келтіре жатқа айтты. Зиялы қауым өкілдерінен құрылған қазылар алқасы байқауға қатысушылардың батасының мазмұнына, сөз шеберлігіне, дауыс мақамына, ұлттық киім үлгісіне, сахна мәдениетіне ерекше назар аударып, әділ бағасын берді. Нәтижесінде Сарқан ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер Қожамсейіт Сүлейменов жүлделі I орынға лайық деп танылды. Жүлделі    II орынға зейнеткер Құрмаш Исмаилов (Талдықорған қаласы) және Заречный ауылындағы кәсіптік колледж директоры Берік Баилов (Қапшағай қаласы) ие болды. Ал III орынды  Мақсат Сейдалиев (Іле ауданы), Серік Абдраимов (Райымбек ауданы) және Бүркітбай Файзулла (Текелі қаласы) иеленді.

1 маусым – балаларды қорғау күні басқарма қызметкерлері Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, жас бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, білімге ұмтылысын арттырып, дүниетанымын кеңейтуге септігін тигізу мақсатында түрлі кітаптар сыйға тартты.

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне  орай жоспарланған іс-шаралар тізімін орындау бойынша Басқарманың мемлекеттік қызметшілері, Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалы өкілдері, Талдықорған қаласындағы әскери бөлім қызметкерлері, БАҚ өкілдерінің қатысуымен (2021 жылғы   3 маусым күні сағат 11:00) «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің белгісі» атты салтанатты жиын өтті.

2022 жыл Қазақстан Республикасындағы балалар жылына орай рухани құндылықтарды насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында әлеуметтік желі арқылы «Отаным – алтын бесігім» атты челлендж ұйымдастырылды.

Челленджге қатысқан 5-8 сынып оқушылары Отан, туған жер тақырыбында 3-5 минуттық бейнероликтер әзірлеп, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды. Жеңімпаздар әлеуметтік желідегі лүпіл (лайк) саны бойынша анықталды. Нәтижесінде жүлделі I орынға Іле ауданының 8 сынып оқушысы Н. Әділхан және Алакөл ауданының 6 сынып оқушысы    А. Ғалымжанқызы иеленді. Жүлдегерлер басқарманың дипломымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау және Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтуге бағытталған іс-шараларды өткізу мақсатында дәстүрлі түрде өтетін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауы жарияланды. Байқау қағидаларына сәйкес қатысушылар үш номинация, яғни «Үздік мақала», «Үздік теле және радио бағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» бойынша 2022 жылғы     1 қаңтар мен 2022 жылғы 19 шілде аралығында бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген екі материалды ұсыну қажет. Байқау қорытындысы 2022 жылғы тамызда шығарылатын болады.

Облыста тіл туралы заңнамалар мен Қазақстан Республикасындағы тіл сасатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысына жүргізілген зерделеумен 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес 2022 жылғы 10 наурыз – 20 сәуір аралығы Ақсу, Алакөл, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қаратал, Қарасай, Кеген, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Райымбек, Сарқан, Талғар, Ұйғыр аудандары, Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалаларында орналасқан мемлекеттік балабақшалар мен мектептер, 4-20 мамыр аралығында облыстық әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелер қамтылды.

Тілдерді оқыту орталықтары бойынша атқарылған жұмыстар

2022 жылдың I жартыжылдығында дәріс алған тыңдаушылар саны - 2631 (оның ішінде 944 мемлекеттік, 1346 бюджеттік сала қызметкерлері, 341 жеке тұлға). Топ саны - 199. Ұлттық құрамы: 1968 қазақ, 663 этнос өкілдері (25%).  Сертификат алғандар саны - 1686, куәлік алғандар саны - 778, анықтама алғандар саны - 145.

Мемлекеттік тілді оқыту курсына 2146 тіл үйренуші қабылданды. Оқытылған топ саны – 163 (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 824, бюджеттік сала қызметкерлері 1052, жеке тұлға 270). Ұлттық құрамы: 1504 қазақ, 642 этнос өкілдері (29%). Сертификат алғандар саны - 1362, куәлік алғандар саны - 732, анықтама алғандар саны – 42.

Орыс тілі курсына 52 тыңдаушы қабылданды. Оқытылған топ  саны - 4 (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 20, бюджеттік сала қызметкерлері 5 және жеке тұлға 27). Ұлттық құрамы бойынша барлығы қазақ. Куәлік алғандар саны - 46.

Ағылшын тілі курсына 433 тыңдаушы қабылданды. Оқытылған топ саны – 32 (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 100, бюджеттік сала қызметкерлері 289 және 44 жеке тұлға). Ұлттық құрамы: 412 қазақ, 21 этнос өкілі (4%). Сертификат алғандар саны - 324, анықтама алғандар саны – 103.

Бағдарламаның нәтижелі көрсеткіштердің бірі – Қазтест жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді орта және жоғары деңгейде меңгерген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін және өзге сала мамандарының үлесін арттыруға бағытталған. 2022 жылдың   I жартыжылдығында Қазтест жүйесі негізінде жалпы тестілеуден өткендер саны 1672 адам (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 804, бюджеттік сала қызметкерлері 838, жеке тұлғалар 30).

Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы КММ, аудандық және қалалық филиалдарында 105 іс-шара өтті (оның ішінде: 23 танымдық сабақ, 29 ашық сабақ, 2 байқау, 4 семинар, 7 дөңгелек үстел, 7 эссе байқауы, 17 поэзиялық, әдеби-сазды, мерекелік кештер, 4 челлендж, 1 сауалнама, 1 видео-сұхбат, 6 зиятркерлік ойын, 1 дебат сабақ, 2 диктант, 2 видеошолу).

Алматы облысының Наурыз мейрамын тойлаудың іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Алакөл, Ұйғыр, Талғар, Кеген аудандық филиалы тыңдаушыларының 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай әзірлеген бейнероликтері әлеуметтік желіде кеңінен жарияланды. Сонымен қатар Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы аудандық, қалалық филиалдарында «Алғыс айту – адамдықтың нышаны», «Алғыс айту – парызым», «Алғыс айту – асыл қасиет» тақырыбында ашық сабақ, танымдық сабақ ұйымдастырылды.

14 наурыз күні Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен Наурыз мейрамының басы, ежелден келе жатқан төл мереке – Көрісу күні аталып өтті.

Сонымен қатар, Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аудандық, қалалық филиал тыңдаушыларының қатысуымен 2022 жылдың наурыз айында мемлекеттік тілді оқыту курсы бойынша өзге этнос өкілдері арасында «Қош келдің әз, Наурыз!» атты диктант, «Ұлыстың ұлы күні - Наурыз» атты мерекелік кештер, «Қош келдің, құтты Наурызым!» тақырыбында ашық сабақтар, «Welcome Nauryz!» атты мерекелік ашық сабақтар ұйымдастырылды.

2022 жылдың 17-18 наурыз күндері Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Ақпараттық коммуникациялық технология дағдыларын оқыту үдерісіне ықпалдастыру» атты 16 сағаттық оқытушылардың біліктілігін арттыру курсы өтті. Курс барысында  Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы М. Бақытқызы «Sozdikqor.kz сервисінің артықшылығы», «Termincom.kz» -  сапалы аударма жасаудың бірден-бір көзі, «Emle.kz» сайты арқылы сөздерді дұрыс жазу, «Танымдық, әдістемелік құралдардың қоры мол контент: tilalemi.kz, tilmedia», «Bala.kz сайтын қолдану нұсқаулығы» тақырыптарын қамтып, презентация ұсынды. Курсқа 44 оқытушы қатысып, меңгерген тақырыптары бойынша практикалық тапсырмалар орындады. Біліктілік арттыру курсы пікір алмасумен жалғасып, курсқа қатысқан орталық қызметкерлеріне сертификат табысталды.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Тілді үйретудегі отандық әдістемелердің тәжірибесі» атты онлайн семинарға, «Мектеп терминологиясы: бүгінгі жай-күйі мен жүйелеу мәселесі» онлайн форматта республикалық семинарлар өтті.

Аталған семинарларға Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен аудандық, қалалық филиал қызметкерлері мен оқытушылары қатысты.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында этнос өкілдері арасында 1 Мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай әлеуметтік желіде видео-челлендж ұйымдастырылды. Челленджге Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен аудандық, қалалық филиалдары тыңдаушылары белсене қатысып, атсалысты.

Ұлт ұстазы, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы, педагог Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы» байқауы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, өтті. Байқауға 21-50 жас аралығындағы  Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен аудандық, қалалық филиалдары оқытушылары белсене қатысты.

Байқау 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңінде қатысушылар өзін және авторлық бағдарламасын таныстырды. Екінші кезеңде, бейнесабақ үлгісін көрсетті. Үшінші кезең сұрақ-жауаптан тұрса, төртінші кезеңде үміткерлер топпен сынама сабақ өткізді.

Тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Т. Рахымберлина, қалалық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының аға әдіскері М. Садуақасова, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Ж. Елесбаева байқауға төрелік етіп, әділ бағасын берді. Нәтижесінде Панфилов ауданы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Надира Қадырова байқаудың бас жүлдесін иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды.

2022 жылғы 14 маусымда Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен “Effective methods of teaching and learning English in the lexical and grammatical aspect” тақырыбында облыстық
семинар-тренинг өтті. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің педагогика ғылымдарының магистрі, оқытушы-дәріскер Асылжан Есимбекова «Method of project-research activities» тақырыбында баяндама оқыса, Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Анар Шаимова «Effective methods of learning English in the lexical and grammatical aspect» ағылшын тілі курсының тыңдаушыларымен практикалық сабақ өтті. Семинарға Ақсу, Көксу, Райымбек, Қапшағай, Қарасай, Талдықорған аудандық филиалдарының оқытушылары қатысты. Семинар соңында шараға белсене қатысқан оқытушылар мен тыңдаушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.

Сонымен қатар Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен аудандық, қалалық филиалдарының ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ жазуын алғаш реформалаған ұлы тұлға» атты дөңгелек үстел (Алакөл ауданы), Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған Қапшағай қалалық көркемсөз оқу шеберлерінің сайысы, «Ұлтының Ұлы ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында ашық сабақ (Алакөл ауданы), «Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы» тақырыбында эссе байқауы (Қарасай ауданы), А. Байтұрсынұлына арналған «Қазақ халқының ұлы көсемі» тақырыбында портреттік кеш (Еңбекшіқазақ ауданы), «Ахмет Байтұрсынов еңбектері», «Ахмет Байтұрсынұлы – кемеңгер қоғам қайраткері», «Ахмет Байтұрсынұлының Ұлы мұрасы», «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілтану ғылымының атасы», «Дәуірдің жарық жұлдызы», «Ұлы тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы», «Тарихи тұлға – Ахмет Байтұрсынов» атты танымдық сабақтар (Кеген, Балқаш, Қапшағай, Іле, Ескелді, Ұйғыр, Текелі) өтті.

«Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның аудан, қалалық филиалдарының ұйымдастыруымен қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған бірнеше шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, облыстық оқыту орталығы тыңдаушыларының қатысуымен «Дәуірдің дара тұлғасы» атты танымдық сабақ өткізіліп, жазушының «Абай жолы» эпопеясын кеңінен талқылады. Сарқан аудандық тіл оқыту филиалында «Әлемге әйгілі Әуезов», Кеген аудандық тіл оқыту филиалында «Әуезов мұрасы және бүгінгі руханият әлемі» атты дөңгелек үстел, Ақсу аудандық филиалында «Әуезов әлемі» атты ашық сабақтар жүргізілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы

        Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалымен, «Janr» Жетісу әдеби клубымен және Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалымен бірлесе Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының  150 жылдық мерейтойына және Алматы облысының 90 жылдығына орай рухани құндылықтарды насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әдебиеттің дамуына ықпал етіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін «Тіл – ғұмыр» атты байқау жарияланды. Дәстүрлі түрде өтетін байқаудың мақсаты - Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері мен шығармашылығын сонымен қатар Алматы облысының 90 жылдығын кеңінен насихаттау, жас қаламгерлерді ел игілігі жолында адал қызмет етуге, қайырымдылыққа баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту және оған қолдау көрсету, мемлекеттік тілдің барлық салада кең көлемде қолданылуына жағдай туғызу, жас қаламгерлерді танымал ету.

Өңіріміздегі ономастикалық ахуал

        Өңірдегі ономастикалық нысандарға атау беру және оларды қайта атау жұмыстары Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2021 жылғы 16 маусымдағы отырысында мақұлданған 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасының және Әдістемелік ұсынымдар мен «Тарихи тұлғалар» тізімінің негізінде жүзеге асырылуда.       Республикалық ономастика комиссиясы қорытындысына сәйкес «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» қаулы жобасы әзірленіп, тиісті министрліктердің келісімімен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына жолдануда.   

        Мәлімет үшін:

  1. «Алматы облысы білім басқармасының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Рахат ауылдық округі  №1 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Әлихан Бөкейханның;
  2. «Алматы облысы білім басқармасының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Бәйтерек орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Сәкен Сейфуллиннің;
  3. «Алматы облысы білім басқармасының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№1 Азат орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Міржақып Дулатұлының;
  4. «Алматы облысы білім басқармасының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Шелек ауылындағы гимназия» коммуналдық мемлекеттік Мағжан Жұмабаевтың;
  5. «Алматы облысы білім басқармасының Қарасай ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Брусничка балабақшасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына Шымбұлақ балабақшасы деп қайта атау берілді.

        Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы                    №885 Жарлығымен Қапшағай қаласының атауын Д. Қонаев қаласы деп қайта аталды.

        Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы                      3 мамырдағы №887 Жарлығымен жаңадан Жетісу облысы құрылды.

        Осы ретте, облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі  2022-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Аталған жол картасын жүзеге асыру барысында белгілі бір нысандарға атау беру және оларды қайта атау кезінде кемінде жарты жыл бұрын белгілі ғалымдар мен өлкетанушыларды, мамандарды тарта отырып, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде мақалалар жариялау арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

        Сондай-ақ, резонанстық жағдайлардың алдын алу мақсатында жергілікті интеллигенция өкілдерін тарта отырып, тұрақты негізде түсіндіру және басқа да іс-шаралар өткізу мәселелері қаралған.

        Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы үлгілік ереженің 8-тармағына сәйкес облыс әкімінің өкімімен облыстық ономастика комиссиясының құрамына тиісті мәслихаттардың депутаттары, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері және өзге де тұлғалар енгізілген. Жоғарыда аталған мәселе өңірдегі ономастикалық ахуалды оңтайландыру жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптары мен жоғарғы атқару органдардың тапсырмалары аясында жүзеге асырылатын болады.

Дата публикации
12 июля 2022