Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңы және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда 2022 жылдың I тоқсанында жүйелі жұмыс жүргізілді.
Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына жүргізілген мониторинг бойынша құжат айналымы 2022 жылдың I тоқсанында мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5%-ті құрады.
2022 жылғы 17 наурызда Тіл сарайында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық филиалымен бірлесе ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл: бүгін, ертең» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған жиынға Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова, облыстың зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, аудан, қала әкімдерінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары, аудандық, қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшылары, мамандары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы, аудандық, қалалық бастауыш ұйым мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелдің мақсаты – мемлекеттік тіл саясатында өзекті мәселелерді шешу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге күш салу, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жандандыру. Жиында «Мемлекеттік тіл: бүгін, ертең» тақырыбында А. Фазылжанова, «Тарих пен тіл тамырлас» тақырыбында З. Қабылдинов баяндама оқыды. Жиын соңы өңіріміздегі ономастикалық, тілдік ахуалды оңтайландыру, бірлесе талдау, сараптау жүргізу мақсатында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық филиалымен Басқарма өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімімен аяқталды.
Алматы облысының 2022 жылғы Наурыз мерекесін атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарының 28-тармағына сәйкес ұлттық салт-дәстүр мен батаның тәрбиелік мәнін насихаттау мақсатында облыстық «Батагөй» байқауы ұйымдастырылды. Байқауға облыстың әр аудан, қаладан 35 жастан асқан 21 адам қатысып, «Наурыз – жыл басы» тақырыбында өзі жазған батасын нақышына келтіре жатқа айтты. Зиялы қауым өкілдерінен құрылған қазылар алқасы байқауға қатысушылардың батасының мазмұнына, сөз шеберлігіне, дауыс мақамына, ұлттық киім үлгісіне, сахна мәдениетіне ерекше назар аударып, әділ бағасын берді. Нәтижесінде Сарқан ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер Қожамсейіт Сүлейменов жүлделі I орынға лайық деп танылды. Жүлделі II орынға зейнеткер Құрмаш Исмаилов (Талдықорған қаласы) және Заречный ауылындағы кәсіптік колледж директоры Берік Баилов (Қапшағай қаласы) ие болды. Ал III орынды Мақсат Сейдалиев (Іле ауданы), Серік Абдраимов (Райымбек ауданы) және Бүркітбай Файзулла (Текелі қаласы) иеленді.
2022 жылдың I тоқсанында мемлекеттік тілді қолдануға және оны насихаттауға байланысты облыстық және қалалық баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар саны 20. Оның ішінде республикалық «Айқын» газетінде 1, облыстық «Жетісу» газетінде 4, облыстық «Огни Алатау» газетінде 3, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінде 3, аудандық газеттерде 9 мақала жарық көрді. Сонымен қатар тілдік ахуалға қатысты әлеуметтік желілердегі (Facebook, Instagram) жарияланымдар саны 92.