Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңы және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда 2022 жылдың I тоқсанында жүйелі жұмыс жүргізілді.
Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына жүргізілген мониторинг бойынша құжат айналымы 2022 жылдың I тоқсанында мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5%-ті құрады.
2022 жылғы 17 наурызда Тіл сарайында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық филиалымен бірлесе ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл: бүгін, ертең» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған жиынға Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова, облыстың зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, аудан, қала әкімдерінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары, аудандық, қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшылары, мамандары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы, аудандық, қалалық бастауыш ұйым мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелдің мақсаты – мемлекеттік тіл саясатында өзекті мәселелерді шешу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге күш салу, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жандандыру. Жиында «Мемлекеттік тіл: бүгін, ертең» тақырыбында А. Фазылжанова, «Тарих пен тіл тамырлас» тақырыбында З. Қабылдинов баяндама оқыды. Жиын соңы өңіріміздегі ономастикалық, тілдік ахуалды оңтайландыру, бірлесе талдау, сараптау жүргізу мақсатында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық филиалымен Басқарма өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімімен аяқталды.
Алматы облысының 2022 жылғы Наурыз мерекесін атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарының 28-тармағына сәйкес ұлттық салт-дәстүр мен батаның тәрбиелік мәнін насихаттау мақсатында облыстық «Батагөй» байқауы ұйымдастырылды. Байқауға облыстың әр аудан, қаладан 35 жастан асқан 21 адам қатысып, «Наурыз – жыл басы» тақырыбында өзі жазған батасын нақышына келтіре жатқа айтты. Зиялы қауым өкілдерінен құрылған қазылар алқасы байқауға қатысушылардың батасының мазмұнына, сөз шеберлігіне, дауыс мақамына, ұлттық киім үлгісіне, сахна мәдениетіне ерекше назар аударып, әділ бағасын берді. Нәтижесінде Сарқан ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер Қожамсейіт Сүлейменов жүлделі I орынға лайық деп танылды. Жүлделі II орынға зейнеткер Құрмаш Исмаилов (Талдықорған қаласы) және Заречный ауылындағы кәсіптік колледж директоры Берік Баилов (Қапшағай қаласы) ие болды. Ал III орынды Мақсат Сейдалиев (Іле ауданы), Серік Абдраимов (Райымбек ауданы) және Бүркітбай Файзулла (Текелі қаласы) иеленді.
2022 жылдың I тоқсанында мемлекеттік тілді қолдануға және оны насихаттауға байланысты облыстық және қалалық баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар саны 20. Оның ішінде республикалық «Айқын» газетінде 1, облыстық «Жетісу» газетінде 4, облыстық «Огни Алатау» газетінде 3, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінде 3, аудандық газеттерде 9 мақала жарық көрді. Сонымен қатар тілдік ахуалға қатысты әлеуметтік желілердегі (Facebook, Instagram) жарияланымдар саны 92.
Тілдерді оқыту орталықтары бойынша атқарылған жұмыстар
2022 жылдың I тоқсанында қабылданған тыңдаушылар саны – 1939, топ саны - 147, оның ішінде 553-і мемлекеттік, 1089-ы бюджеттік сала қызметкерлері, 297-і жеке тұлға. Ұлттық құрамы: 1349-ы қазақ, 590-ы этнос өкілдері (30%).
2022 жылдың I тоқсанында мемлекеттік тілді оқыту курсында 1454 тіл үйренуші, топ саны - 111, оның ішінде 433 мемлекеттік, 795 бюджеттік сала қызметкерлері, 226 жеке тұлға. Ұлттық құрамы: 885-і қазақ, 569-ы этнос өкілдері (39%). 48 сағаттық бағдарлама негізінде В2 ортадан жоғары және іс жүргізу курстарына қабылданған 665 тіл үйренушінің 645-і сертификат, 12 тіл үйренуші анықтама алды.
Орыс тілі курсына 52 тыңдаушы қабылданды. Топ саны – 4, мемлекеттік қызметшілер 20, бюджеттік сала қызметкерлері 5, жеке тұлға 27. Ұлттық құрамы бойынша барлығы қазақ.
Ағылшын тілі курсына 433 тыңдаушы қабылданды. Топ саны – 32, оның ішінде 100 мемлекеттік қызметші, 289 бюджеттік сала қызметкерлері және 44 жеке тұлға. Ұлттық құрамы: 412 қазақ, 21 этнос өкілі.
Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, аудандық және қалалық филиалдарында барлығы 71 іс-шара өтті. Оның ішінде: танымдық сабақ - 12, ашық сабақ - 23, байқау - 4, семинар - 3, дөңгелек үстел - 6, эссе байқауы - 7, поэзиялық, мерекелік кештер - 15.
Алматы облысының Наурыз мейрамын тойлаудың іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Алакөл, Ұйғыр, Талғар, Кеген аудандық филиалы тыңдаушылары 1 - наурыз Алғыс айту күніне орай әзірлеген бейнероликтері әлеуметтік желіде кеңінен жарияланды. Сонымен қатар Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы аудандық, қалалық филиалдарында «Алғыс айту – адамдықтың нышаны», «Алғыс айту – парызым», «Алғыс айту – асыл қасиет» тақырыбында ашық сабақ, танымдық сабақ ұйымдатырылды.
14 наурыз күні Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен Наурыз мейрамының басы, ежелден келе жатқан төл мереке – Көрісу күні аталып өтті.
Сонымен қатар, Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аудандық, қалалық филиал тыңдаушыларының қатысуымен 2022 жылдың наурыз айында мемлекеттік тілді оқыту курсы бойынша өзге этнос өкілдері арасында «Қош келдің әз, Наурыз!» атты диктант, «Ұлыстың ұлы күні - Наурыз» атты мерекелік кештер, «Қош келдің, құтты Наурызым!» тақырыбында ашық сабақтар, «Welcome Nauryz!» атты мерекелік ашық сабақтар ұйымдастырылып, өтті.
2022 жылдың 17-18 наурыз күндері Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Ақпараттық коммуникациялық технология дағдыларын оқыту үдерісіне ықпалдастыру» атты 16 сағаттық оқытушылардың біліктілігін арттыру курсы өтті. Курс барысында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы М. Бақытқызы «Sozdikqor.kz сервисінің артықшылығы», «Termincom.kz» - сапалы аударма жасаудың бірден-бір көзі, «Emle.kz» сайты арқылы сөздерді дұрыс жазу, «Танымдық, әдістемелік құралдардың қоры мол контент: tilalemi.kz, tilmedia», «Bala.kz сайтын қолдану нұсқаулығы» тақырыптарын қамтып, презентация ұсынды. Курсқа 44 оқытушы қатысып, меңгерген тақырыптары бойынша практикалық тапсырмалар орындады. Біліктілік арттыру курсы пікір алмасумен жалғасып, курсқа қатысқан орталық қызметкерлеріне сертификат табысталды.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Тілді үйретудегі отандық әдістемелердің тәжірибесі» атты онлайн семинарға, «Мектеп терминологиясы: бүгінгі жай-күйі мен жүйелеу мәселесі» онлайн форматта республикалық семинарлар өтті. Аталған семинарларға Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен аудандық, қалалық филиал қызметкерлері мен оқытушылары қатысты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалымен, «Janr» Жетісу әдеби клубымен және Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалымен бірлесе Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына және Алматы облысының 90 жылдығына орай рухани құндылықтарды насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әдебиеттің дамуына ықпал етіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін «Тіл – ғұмыр» атты байқау жарияланды. Дәстүрлі түрде өтетін байқаудың мақсаты - Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері мен шығармашылығын сонымен қатар Алматы облысының 90 жылдығын кеңінен насихаттау, жас қаламгерлерді ел игілігі жолында адал қызмет етуге, қайырымдылыққа баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту және оған қолдау көрсету, мемлекеттік тілдің барлық салада кең көлемде қолданылуына жағдай туғызу, жас қаламгерлерді танымал ету.
Өңіріміздегі ономастикалық ахуал
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 24 қарашадағы № 75-VII Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру мақсатында Алматы облыстық ономастика комиссиясы қайта құрылып, облыс әкімінің 2022 жылғы 18 наурыздағы №21-ө н/қ өкімімен бекітілді. Осы орайда ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдар, ономастика комиссиялары туралы үлгілік ережесі жасалған. Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітіліп, ономастикалық ахуалды оңтайландыру мақсатында белгілі бір нысандарға атау беру, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөнінде жұмыс жүргізілуде.
Атап айтқанда облыстық ономастика комиссиясының 2022 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың І тоқсанында Іле, Панфилов, Ұйғыр аудандарында ономастикалық ахуалды реттеу негізінде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша аудан әкімі орынбасарларының есептері тыңдалды. 4 елді мекенге, 866 құрамдас бөлікке, 10 білім беру және мәденет ұйымына атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транкрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы ұсыныстар қаралды.
Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысына сәйкес «Алматы облысының кейбір білім беру ұйымдарына атау беру және атауларын өзгерту туралы» қаулы жобасы әзірленіп, тиісті министрліктердің келісімімен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына жолдануда.
Мәлімет үшін:
1) «Алматы облысы білім басқармасының Іле ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№46 орта мектеп» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне Әл-Фарабидің;
2) «Алматы облысы білім басқармасының Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№28 ІТ мектеп-лицей» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Құлжабай Қасымовтың;
3) «Алматы облысы білім басқармасының Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Мектепке дейінгі шағын орталығы бар №9 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Сайын Мұратбековтің;
4) «Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Талдықорған қаласындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандырылған мектеп-интернаты-колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне «Жақсылық Үшкемпіровтің;
5) «Алматы облысы білім басқармасының Қарасай ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «1 Май орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Қапал батырдың;
6) «Алматы облысы білім басқармасының Ескелді ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Жетісу орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Еділ Ерғожиннің есімдерін беру туралы.
Қапшағай қаласының атауын Д. Қонаев қаласы деп қайта атау бойынша бекітілген «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» жұмыс алгоритмі негізінде қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті аумақ халқының пікірі ескерілген Қапшағай қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының хаттамасы мен жергілікті өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімі шығарылды. Осы ретте қала атауын өзгерту жөніндегі ұсыныс құжаттар 2022 жылғы 28 наурыз күні Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданып, оң қорытынды берілді. Қазіргі таңда заңдастыру мәселесі жүргізілуде.
Алматы облысын бөлу жолымен жаңадан құрылатын облысқа Жетісу атауын беру туралы жұмысты үйлестіру шараларын жүзеге асыру, Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсыну шаралары бекітілген іс-қимыл алгоритміне сәйкес атқарылуда.
Алматы облысының әкімдігі көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілдің нормасына сәйкес жазылуын қамту дәрежесі және көрнекі ақпараттардың дұрыс жазылуы бойынша түсіндіру және әдістемелік көмек беру жұмыстарын жүйелі жүргізіліп келеді.
2022 жылдың бірінші тоқсанында облыс көлеміндегі көрнекі ақпарат құралдарына 194 зерделеу жұмыстары жүргізіліп, зерделеумен 1338 нысан қамтылды. Анықталған кемшіліктер саны - 238, оның ішінде түзетілгені - 142. Ескерту берілгендер саны - 97.