Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) жүзеге асыруда облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарды.
Облыстағы тілдік ахуалға әлеуметтік-лингвистикалық талдау жүргізу мақсатында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігімен келісім шарт жасалып, қазан-қараша айларында облыс тұрғындарына сауалнама жүргізіліп, мониторинг жасалды. Тілдік ахуалдың жай-күйін зерделеу мақсатында өңіріміздің 17 ауданы мен 3 қаласынан (78% қалалық тұрғындар, 22% ауылдық тұрғындар) 2056 респондент (облыс тұрғындрының 0,1%) арасында әлеуметтік лингвистикалық сауалнама жүргізілді (15,1%-ер, 84,9%-әйел). Нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі – 93,5%, мемлекеттік тілде оқып, жаза алатындардың үлесі - 90%, орыс тілін меңгергендердің үлесі – 86%, ағылшын тілін меңгергендер – 20,5%, үш тілді меңгергендер 19%.
Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп келеді. Нәтижесінде өңірімізде 2021 жылдың қорытындысына сәйкес мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5%-ті құрады.
Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, этнос өкілдерінің арасында қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру үшін өзінің ана тілімен қатар қазақ тілін жетік меңгеру, оның қолданыс аясын кеңейту, жетік меңгерген азаматтарды үлгі ету, олардың санын көбейту мақсатында облыс аумағында әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook) 2021 жылдың 10 ақпан - 1 наурыз аралығында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты челлендж ұйымдастырылды. Челленджге мемлекеттік тілді меңгерген барлығы 274 этнос өкілдері қатысып, белсенділік танытты. Қатысушылар еркін форматта мемлекеттік тілде 3-5 минуттық бейнероликтер әзірлеп, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды.
Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде өтетін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының да жеңімпаздары анықталды. Байқау қағидаларына сәйкес қатысушылар үш номинация бойынша, яғни «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама (үздік телесюжет)», «Үздік сайт мақаласы (үздік әлеуметтік желі)» бойынша барлығы 21 өтінім өтінім қабылданды. Нәтижесінде «Үздік мақала» номинациясы бойынша I орынды аудандық «Алакөл» газетінің жауапты хатшысы А. Есенбеков, «Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша I орынды Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі М. Молдағалиева және «Үздік телебағдарлама, үздік телесюжет» номинациясы бойынша I орынды «Жетісу» радиосының жетекшісі Е. Айдабосын иеленді.
Абай шығармашылығы арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру мақсатында дәстүрлі түрде өтетін «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері» облыстық байқауында 17-35 жас аралығындағы азаматтар бақ сынасты. Байқау шартына сәйкес қатысушылар Абайдың шығармаларынан проза және поэзия жанрлары бойынша үзіндіні жатқа оқып, бейнеролик жолдады (16 аудан, қаладан 24 үміткер). Нәтижесінде талдықорғандық А. Алиева I орынға лайық деп танылды.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту мақсатында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» байқауына мемлекеттік тілді жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы этнос жастары қатысып, алдын ала оқу орны немесе жұмыс орны туралы ақпарат, қоғамдық жұмысынан қысқаша көрініс, мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі және жетістіктері туралы қысқаметражды фильм ұсынып, ой толғауға онлайн режимінде қатысты. Нәтижесінде Панфилов ауданының тұрғыны А. Абдушакиров I орынды еншілеп, республикалық байқауға қатысты.
Қазақ поэзиясынан үзінді оқу арқылы жастарды еліне деген сүйіспеншілік, адалдық, әділдік, еңбекқорлық, мейірімділік, ар-намыс сияқты адамгершілік құндылықтарына тәрбиелеу мен қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту мақсатында «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясы жарияланды. Қағидаға сәйкес өңіріміздің этнос өкілдері ақындар өлеңдерінің біреуін таңдап, мәнерлеп жатқа оқып, әлеуметтік желіде #менқазақшасөйлеймін2021 хештегімен кеңінен тарату тиіс болды. Үздіктер әлеуметтік желілердегі қаралым, яғни «лайк», пікір қалдыру саны бойынша анықталды.
4 кезеңнен тұратын (1 кезең 5-8 сыныптың оқушылары арасында, 2 кезең 9-10 сынып оқушылары, 3 кезең ЖОО студенттері мен ересек тұрғындар арасында, 4 кезең құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында) акция талабы бойынша қатысатын үміткер таңдаған ақын өлеңдерінің біреуін мәнерлеп жатқа оқып, әлеуметтік желіде #менқазақшасөйлеймін2021 хештегімен кеңінен таратуы тиіс болған.
Барлық кезең бойынша облысымыздың әр аудан қаладан барлығы 125 қатысушы белсенділік танытып, облыстық қана емес республикалық жүлделерге де ие болды.
1 кезең бойынша акцияға барлығы 65 үміткер қатысып, оның ішінде 23 үміткер ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының Алғыс хатымен марапатталды.
2 кезең бойынша облыс көлемінде 41 этнос жастары белсенділік танытып, 13 үміткер ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының Алғыс хатымен марапатталды.
3 кезең бойынша барлығы 18 үміткер қатысып, 7 үміткер жоғарыда аталған Алғыс хаттармен марапатталды.
4 кезеңде құқық қорғау және ішкі істер органдарының өкілдері арасында өткен акцияға Алматы облысы Полиция департаменті Қарасай аудандық полиция басқармасының жедел криминалистикалық бөлімінің криминалистік полиция капитаны Ш. Джалилова қатысып марапатқа ие болды.
Сонымен қатар облысымыздың 27 этнос өкілі аталған акцияға белсене қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің Алғыс хатымен марапатталды.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай жоспарланған іс-шаралар тізімін орындау бойынша Басқарманың мемлекеттік қызметшілері, Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау салтанаты өтті. Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібековтің бейнеқұттықтауы қатысушылар назарына ұсынылды. Жиын соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай облыстың белсенді азаматтарына басқарманың Алғыс хаттары табысталды.
2021 жылдың 23 маусымында терминологиялық жұмыстарды жүйелендіру, қазақ тілінің терминологиялық базасын жетілдірудің алгоритмін жасау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен онлайн форматта өткен «Терминологиялық база: тәжірибе және технология» атты республикалық әдістемелік семинарға басқарманың тілдерді дамыту бөлімінің мамандары мен Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушілері қатысып, пікір алмасты.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын ұлықтау, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимн авторларының бірі, көрнекті ақын, жазушы Жұмекен Нәжімеденовтің әдеби мұрасын жастар арасында насихаттау, оның шығармашылығы арқылы адамгершілікке, ұлттық рухқа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің «Тәуелсіз Еліме – 30 жыл!» атты республикалық байқауының (2021 жылдың қыркүйекте) іріктеу кезеңі өтті. Облыс бойынша 18-35 жас аралығындағы 12 үміткер ұсыныс білдіріп, нәтижесінде Талдықорған қаласының № 28 ІТ мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі М. Аңсат республикалық байқауға жолдама алды. Облыс жұртшылығының үмітін ақтаған М. Аңсат республикалық байқауда жүлделі III орынға ие болды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстан халқы тілдері мерекесіне арналған «Тіл – тұғыр» атты Тіл фестивалі өтті.
Облыс көлемінде Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған іс-шара жоспарына сәйкес Тіл фестивалі аясында облыс көлемінде аудан, қала әкімдіктері, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен 820 шара (4-еуі республикалық, 14-і облыстық, 802-сі аудандық, қалалық, ауылдық) ұйымдастырылды.
Тіл фестивалі «Тіл және Тәуелсіздік» қылқалам шеберлерінің республикалық көрме-байқауының ашылуымен басталды.
Фестивалге республикаға, облысқа танымал мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі сәулетші, ҚР Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы, қоғам қайраткері, белгілі тіл жанашырлары Асылы Осман, Оразкүл Асанғазы, ф.ғ.д., профессор Ғарифолла Әнес, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов арнайы шақырылды.
Көрменің лента қию рәсіміне облыстық мәслихат хатшысы Ж. Жөргенбаев, ҚР суретшілер одағының төрағасы Ө. Жұбаниязов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі тіл жанашырлары О. Асанғазы, А. Осман қатысты.
Республикамызда тұңғыш рет өткен байқаудың мақсаты – мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілінің өткенін, бүгінін, келешегін қылқалам шеберлерінің суреттері арқылы насихаттау.
Байқауға республиканың барлық өңірінен 109 үміткер қатысып, 164 шығармашылық туынды жиналды. Қатысушылардың ең үлкені Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны 66 жастағы зейнеткер болса, ең кіші қатысушы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының 9 жасар мектеп оқушысы. Үміткерлер қатарында Сейсенхан Махамбет, Өсербай Шуранов, Марат Әбдіреев сынды танымал суретшілер, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, сонымен қатар өнер мектептерінің оқушылары да болды.
Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген туындылардың жазу техникасы майлы бояу, акварель, гризаль, шыны, импато және сәндік қолданбалы өнер стиліндегі жұмыстар.
Байқаудың бас жүлдесін Марат Абдреев иеленсе, жүлделі I орынға Ө. Жұбаниязов ие болды. Қалған жеңімпаздар онлайн марапатталып, есімдері мен туындылары интернет ресурстарында жарияланды.
Тіл фестивалі аясында республикаға, облысқа танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, тіл жанашырларының қатысуымен «Тіл – ең асыл құндылық» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.
Жиынға арнайы шақырылған мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі сәулетші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлы, қоғам қайраткері, белгілі тіл жанашырлары Асылы Осман, Оразкүл Асанғазы, ф.ғ.д., профессор Ғарифолла Әнес, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов тіл саясаты мәселесіне қатысты баяндамаларын оқып, өз пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген зиялы қауым, БАҚ өкілдері, аудан, қала әкімдері, әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлар, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшылары, тілге жауапты мамандар, тіл оқыту орталығы, филиалдары қызметкерлері онлайн режимде ZOOM платформасы арқылы қатысты (барлығы 130 адам).
Тіл жанашырлары Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Тіл саясаты комитетінің, Басқарманың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Рухани құндылықтарды насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Алматы облысының жоғары оқу орындарының студенттері мен колледж студенттерінің арасында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік тірегі» атты облыстық пікір-сайыс турнирі ұйымдастырылды.
Американдық-парламенттік форматта өткен турнирге Алматы облысының 3 қала 17 ауданнан жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері арасынан барлығы 46 (шартқа сәйкес әр командада 2 ойыншы) команда қатысып, бақ сынасты (қазақ лигасы - 32 команда, орыс лигасы - 14 команда).
2021 жылғы 22 қыркүйекте ZOOM платформасында ұйымдастырушылар тарапынан ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 23 қыркүйекте онлайн режимінде төрешілер іріктеу кезеңін өткізді. Нәтижесінде жартылай финалға қазақ лигасынан 4 команда іріктелді.
Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жетілдіру механизмі қарарымен өткен финалдық пікір-сайыс турнирінде командалар жақсы кейс ұсынып, пікірталастың негізгі ережелерін сақтап, жақсы ойын көрсетті. Төрешілердің шешімімен қазақ лигасынан жүлделі I орынды І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Tas zharady» командасы иеленсе, орыс лигасынан I орынды Сулейман Демирель атындағы университеттің «Panem» командасы жеңіп алды.
Тіл фестивалі аясында қазыналы қарттарымыздың, өңірімізді дамытуға сүбелі үлес қосқан зиялы қауым өкілдерінің тәлімін, ғибратты өмірін жастарға үлгі ету, дәстүр сабақтастығын ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге арналған «Тіл және тәрбие» тәлім-сабағы, бата беру дәстүрін дәріптеу, ұлттық салт-дәстүр мен батаның тәрбиелік мәнін насихаттау мақсатында облыстық «Батагөй» байқауы өтті. Екі бағытта ұйымдастырылған байқауға облыс бойынша 35 жастан асқан 37 үміткер өтінім білдірді. Байқау ережесіне сәйкес қатысушы үміткер ел арасында кең таралған баталарды немесе өзі жазған батасын нақышына келтіре жатқа айтып бейнеролик дайындап #Батагөй2021 хэштегімен инстаграм әлеуметтік желісіне жариялады. Қазылар алқасы 2021 жылғы 4 қазанда іріктеу турын өткізді. Нәтижесінде «Шебер орындаушы» номинациясына Қ. Сүлейменов, К. Тәлімов, Б. Қауыш, «Үздік батагөй» номинациясына Р. Өтегенов, Б. Атагелдиев және М. Мықышев ие болды. Сонымен қатар белсенділік танытқан қатысушылар Басқарманың ынталандыру сыйлығын иеленді.
Сонымен қатар Тіл фестивалі аясында студент жастардың патриоттық сезімін нығайту, шығармашылық әлеуетін, лингвистикалық капиталын дамытуға арналған «Бар бақытым – қасиетті Отаным» облыстық байқауы өтті. Байқау Алматы қаласы және Алматы облысының жоғарғы оқу орындарының студенттері арасында ұйымдастырылды. Байқауға барлығы 48 студент қатысып, қазақ тілінде 44 шығарма, орыс тілінде 4 шығарма жинақталды. Нәтижесінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті С. Бүрлен және Ғ. Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті Т. Карашина Бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар байқауға белсене қатысқан 18 студент басқарманың Алғыс хаты мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Көрнекі ақпараттар мен деректемелерді сауатты рәсімдеу мақсатында «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы өтті. Акциясының биылғы ерекшелігі – үш бағыттың қамтылып, сол бағыттар бойынша бағалануы. Бірінші бағыт – аудан, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің жыл бойы жасаған жұмыстары, екінші бағыт – тіл тазалығын сақтауда өз үлестерін қосып жүрген тіл жанашырларының жұмыстары, үшінші бағыт – көрнекі ақпарат пен деректемелердің сауатты жазылуына ықпал етіп жүрген жарнама агенттіктерінің жұмыстары.
Аталған байқауға 20 аудан, қала қатысып, белсенділік танытты. Әр өңірдің жұмыстарын білікті мамандар акция ережесінде көрсетілген бағалау критерийлеріне сәйкес сараптады. Нәтижесінде «Ең үздік аудан, қала», номинациясы бойынша Алакөл, Балқаш, Талғар, Іле аудандары мен Талдықорған қаласы марапатталды.
«Ең үздік жарнама агенттігі» аталымында «Болат» ЖК (Талғар ауданы), «LUX SERVISE» ЖШС (Еңбекшіқазақ ауданы), «FART» ЖШС (Талдықорған қаласы) марапатталды.
Сондай-ақ, Ақсу ауданы, Қызылжар ауылдық клубының меңгерушісі М. Құдиярова, С. Мұқатова (Алакөл ауданы), жеке кәсіпкер Ф. Мұсаев (Балқаш ауданы), «Еңбекшіқазақ» аудандық қоғамдық-саяси газеті мен mezet.kz желілік басылымының бас редакторы Х. Ахметжанов, Кеген аудандық «Қарқара» газетінің редакторы Ғ. Бейқұтбай, Кербұлақ ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі волейбол бөлімінің жаттықтырушысы С. Ноғайбеков, Көксу ауданының кітапханашысы М. Ахметова, Қапшағай қалалық Мәдениет үйінің әдіскері А. Бақтығожаева, «Қаратал» газетінің бас редакторы А. Сексенбаева, Г. Омарова (Панфилов ауданы), Черкасск ауылдық Мәдениет үйінің директоры А. Қалыбаев, Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының маманы М. Абатайқызы, «Текелі тынысы» газетінің тілшісі А. Ырымжанұлы, зейнеткер М. Қожабеков, (Талдықорған қаласы), Ұйғыр ауданы Шонжы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б. Нұрқасымбай сынды бірқатар Тіл жанашырлары да марапатталды.
2021 жылғы 19 қарашада А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен бірлесе «Педагогтың тілдік тұлғасы» атты республикалық семинар-тренинг ұйымдастырылып, өткізілді. Онлайн және оффлайн форматта өткен семинар-тренингке басқарма қызметшілері, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының өкілдері, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және аудандық, қалалық филиалының оқытушылары, Талдықорған қалалық мектеп мұғалімдері, БАҚ өкілдері барлығы 69 адам қатысты. Семинардың мақсаты – тілдік қарым-қатынастағы педагогтың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Семинарда А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.к А. Фазылжан, аталған институттың «Ахметтану» бөлімінің меңгерушісі ф.ғ.д, профессоры Қ. Күдеринова және «Тіл тарихы және түркология» бөлімінің меңгерушісі ф.ғ.к А. Сейітбекова баяндамалары қатысушылар назарына ұсынылып, семинар пікір алмасумен жалғасты. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету жөніндегі облыс әкімінің бекіткен іс шаралар жоспары негізінде 2021 жылғы 13 желтоқсанда «Жыр жазамын жүрегімнен» атты поэтикалық кеш өтті. Кештің мақсаты – Жыр алыбы Жамбылдың шығармалары арқылы жас ұрпақтың ұлтжандылық сезімін оятып, адамгершілікке тәрбиелеу, сөйлеу мәдениетін дамытып, сөз өнерін қадірлеуге үйрету.
Кешке Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Т. Ғұмаров, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының директоры Д. Құрамысов, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ж. Бұлғақов, жазушы Е. Айдабосын, Алматы облыстық филармониясы әншілері, БАҚ өкілдері, қалалық мектеп оқушылары қатысты.
Кеште ақын жайлы деректі фильм көрсетіліп, тағылымы мол әңгімелер мен естеліктер айтылды. Әншілер әннен шашу шашып, оқушылар Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» сияқты рухты өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Кешке жиналғандар Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық мұражайын тікелей байланыс арқылы тамашалады.
2021 жылғы қараша-желтоқсан айларында басқарма облыстық білім басқармасымен бірлесе тіл мәдениетін дамытуға және ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттауға бағытталған «Жыр – жауһар» атты облыстық жас жыршылар байқауын өткізді. Байқаудың мақсаты – ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр жанрын дамыту, дарынды жыршы балаларды анықтау және оларға қолдау көрсету.
Байқау шарты бойынша I кезеңде қатысушы Алпамыс, Орақты, Қобыланды батыр жырының бірінен үзінді оқып, бейнеролик түсірсе, II кезеңге I кезеңнен іріктеліп өткен үміткерлер кез келген жыршының шығармасын немесе батырлар жырынан үзіндіні сахнада орындады. Байқауға облыс бойынша барлығы 146 өтінім түсті. I кезеңнің қорытындысына сәйкес 22 үміткер II кезеңге өтіп, нәтижесінде жүлделі I орынды Райымбек ауданының жас жыршысы А. Мүсілім иеленсе, жүлделі II орынға Талғар ауданынан О. Жақыпбек және Райымбек ауданынан Е. Мүсілім ие болды. Ал жүлделі III орынға Еңбекшіқазақ ауданы мен Талдықорған қаласының оқушылары ие болды. Сонымен қатар 14 қатысушы басқарманың ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Ағымдағы жылдың 26 қазанында Тіл сарайында «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалын құру, мүшелікке қабылдау, филиал төрағасын сайлау бойынша кезектен тыс жиын өтті. Жиында Түркістан қаласында өткен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің VI Құрылтайына Алматы облысынан қатысушы делегаттарды сайлау мәселесі де қаралды. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалына төрағалыққа облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, белгілі ақын Жұматай Оспанұлы Әмреевтің кандидатурасы ұсынылып, облыстық әкімдіктің келісімімен облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып сайланды. Алдағы уақытта ауқымды жұмыстар атқару жоспарлануда.
2021 жылы мемлекеттік тілді қолдануға және оны насихаттауға байланысты облыстық және қалалық баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар саны 46. Оның ішінде облыстық «Жетісу» газетінде 12 мақала, облыстық «Огни Алатау» газетінде 8 мақала, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінде 20 мақала, қалалық «Талдықорған» газетінде 6 мақала жарық көрді. Сонымен қатар тілдік ахуалға қатысты әлеуметтік желілердегі (Facebook, Instagram) жарияланымдар саны 220.
Тілдерді оқыту орталықтары бойынша атқарылған жұмыстар
2021 жылы дәріс алған тыңдаушылар саны - 5196 (оның ішінде 1648 мемлекеттік, 2883 бюджеттік сала қызметкерлері, 665 жеке тұлға). Топ саны - 375. Ұлттық құрамы: 3215 - қазақ, 1981 - этнос өкілдері (38%). Сертификат алғандар саны – 2411, куәлік алғандар – 2475, анықтама алғандар саны – 284.
Мемлекеттік тілді оқыту курсына 4097 тіл үйренуші қабылданды. Топ саны - 293 (оның ішінде 1193 мемлекеттік, 2383 бюджеттік сала қызметкерлері, 521 жеке тұлға). Ұлттық құрамы: 2165-і қазақ, 1932-і этнос өкілдері (46 %). Сертификат алғандар саны – 2199, куәлік алғандар – 1814, анықтама алғандар саны – 84.
Орыс тілі курсына 131 тыңдаушы қабылданды. Оқытылған топ саны - 9, (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 57, бюджеттік сала қызметкерлері 26, жеке тұлға 48). Ұлттық құрамы бойынша барлығы қазақ. Сертификат алғандар саны – 10, куәлік алғандар – 66, анықтама алғандар саны – 55.
Ағылшын тілі курсына 968 тыңдаушы қабылданды. Оқытылған топ саны - 71 (оның ішінде 398 мемлекеттік қызметші, 474 бюджеттік сала қызметкерлері және 96 жеке тұлға). Ұлттық құрамы: 919 қазақ, 49 этнос өкілі. Сертификат алғандар саны – 202, куәлік алғандар – 595, анықтама алғандар саны – 145.
Бағдарламаның нәтижелі көрсеткіштердің бірі – Қазтест жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді орта және жоғары деңгейде меңгерген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін және өзге сала мамандарының үлесін арттыруға бағытталған. Қазтест жүйесі негізінде жалпы тестілеуден өткендер саны 2637 адам. Жергілікті жерлер бойынша тестілеуден өткендер саны – 2376 адам (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 1017, бюджеттік сала қызметкерлері 1243, мемлекеттік емес сала қызметкерлері 36, мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдары 80). Сертификаттық тестілеу бойынша жалпы 61 адам тапсырып, оның ішінде 38 адам сертификат алды. Диагностикалық тестілеуден 142 адам тестілеуден өтті.
Әлеуметтік желінің жұмысын жандандыру мақсатында облыстық орталықтың сайтында, инстаграм, фейсбук желісінде барлығы 342 бейнесабақ жарияланды (оның 213-і мемлекеттік тіл, 48-і латыннегізді әліпбиді меңгерту курсын және 78-і ағылшын тілі курсы).
Қазақстан халқы тілдерінің күні қарсаңында Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы аудандық, қалалық филиалдары арасында жергілікті жердің этнос өкілдеріне арналған қазақ тілін грамматикасыз, жеңіл әрі оңай жолмен, яғни ауызекі сөйлеуді үйрету мақсатында «Қазақша сөйлейік» клубы құрылды. Клубқа 569 адам (этнос өкілдері) қабылданды. Клубтың негізгі мақсатын жүзеге асыру аясында Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары этнос өкілдеріне арналған «Тамақтану орындары», «Азық-түлік» тақырыптарында «50-100-150» сөздіктерін құрастырды.
Үстіміздегі жылы Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Қарасай аудандық филиалы базасында 2021 жылдың іс-шаралар жоспарына сәйкес мемлекеттік тілді меңгерту барысында тіл тазалығын сақтай отырып, тіл мәдениетін қалыптастыру, ауызекі сөйлеудегі тілдік норманы сақтау және ресми стильдегі нормадан ауытқуларды болдырмау мақсатында «Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы облыстық көшпелі семинар өткізілді.
Ауызекі сөйлеу барысында қазақ тілінің қалыптасқан үлгісінен байқалатын ауытқушылықтар бойынша «Функционалдық стильдердегі нормадан ауытқулар» тақырыбында Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, ф.ғ.д. О. Жұбаева, Сулейман Демирель университетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к. Б. Хасен «Тілдік норма және жазба тілде кездесетін қате қолданыстар» тақырыбында баяндама жасады.
Екінші бөлімінде мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкіл жастарын анықтау, олардың жағымды бейнесін қалыптастыра отырып, көпшілікке дәріптеу мақсатында мемлекеттік тіл білгірлері арасында «ТІЛ - ПАРАСАТ» атты өңірлік байқау өткізілді. Байқауға Алматы өңірінің аудандық, қалалық 7 филиалының тыңдаушылары қатысты.
Тіл фестивалі аясында ұйымдастырылған іс шаралар жоспарына сәйкес «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы аудандық, қалалық филиалдарында ашық есік күні ұйымдастырылып, барлық аудан, қалаларда «Тіл және тәрбие» тақырыбында танымдық ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер өткізілді.
Бағдарлама аясында мемлекеттік тілді оқытудың қалыптасқан әдіснамалық негіздері мен әлемдік тәжірибелерді басшылыққа ала отырып, қазақ тілін деңгейлеп оқытудың әдіснамасын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ тілін үйретудің заманауи әдіснамасы», «Қазақ тілін үйретудің авторлық әдістемесі» тақырыбында онлайн форматта республикалық семинарлар өтті. Аталған семинарларға Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен аудандық, қалалық филиал қызметкерлері мен оқытушылары қатысты.
2021 жылғы 8-10 қыркүйек аралығында Славян жазбалары күндерін мерекелеу шеңберінде «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның аудандық, қалалық филиалдарының ұйымдастыруымен жоспарлы шаралар өткізілді (ашық сабақ, танымдық сабақ, дикант, эссе байқауы, семинарлар, пікір алмасу). Аталған шараларға барлығы 200 жуық тыңдаушы онлайн форматта қатысты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай «Тас жүректі тіліммен тілімдедім» атты онлайн байқауы ұйымдастырылды. Байқауға 18-45 жас аралығындағы 450 үміткер ұсыныс білдіріп, нәтижесінде 360 адам байқауға қатысуға мүмкіндік алды. Танымал қаламгерлерден құрылған қазылар алқасының шешіміне сәйкес, поэзия бағытында арнау өлеңімен Бас жүлдеге лайық деп М. Ережеп (Талғар ауданы) танылса, Мұқағалиға арналған зерттеу мақалалары ішінен Бас жүлде А. Сұлтанғазыға (Талдықорған қаласы) тиесілі деп танылды. Сонымен қатар, үздік деп танылған туындылар Басқарманың ресми сайтында және байқауға ақпараттық қолдау көрсетуші республикалық әдеби-мәдени танымдық «Мұқағали» журналында жарияланды.
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру арнайы жобасын іске асыру жөніндегі 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысының 2021 жылғы 28 қаңтардағы хаттамасының 6 тармағын орындау бойынша латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасын түсіндіру мақсатында ЖОО-ның филолог-мамандары, өңірлік мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның филиалдары оқытушыларының қатысуымен барлығы 22 семинар ұйымдастырылып, 785 адам қамтылды. Жетілдірілген қазақ тілі әліпбиі жобасы бойынша қатысушылардың көпшілігі «Йй» және «Іі» әріптерін ажырату қиындық тудыратынын, сонымен қатар жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасы бір дыбыс, бір әріп принципі бойынша ұтымды жасалғандықтан, қолдануға ыңғайлы екендігін білдірді.
Сонымен бірге 2021 жылдың 5 ақпан күні онлайн форматта диакритикалық белгілердің жазылым мен оқылымдағы оңтайлылыған, артықшылығы мен кемшілігін анықтау және жетілдірілген әліпби жобасымен таныстыру мақсатында сынама сабақ өткізілді. Сынама сабаққа ЖОО-ның филолог-мамандары, өңірлік мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері, оқыту орталығының оқытушылары мен қызметкерлері қатысып, жетілдірілген қазақ әліпбиінің оқылым мен жазылымы бойынша әр диакритикаға жеке-жеке тапсырмалар орындап, пікір алмасты.
Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалымен, «Janr» Жетісу әдеби клубымен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесе Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әдебиеттің дамуына ықпал етіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында «Тіл – ғұмыр» атты қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталып, проза, поэзия жанры бойынша облыс әкімінің «Ақ қауырсын» арнайы жүлдесі табысталды. Байқауға барлығы 65 үміткер ұсыныс жолдады (поэзия жанрына 48, проза жанрына 17 өтінім қабылданды).
Проза жанрында Р. Тұрғанбаев (Талдықорған қаласы), поэзия жанрында А. Сұлтанғазы (Талдықорған қаласы) «Ақ қауырсын» жүлдесіне ие болды.
2021 жылдың маусым айында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай онлайн режимде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен дамыту бағытында облыс көлемінде мемлекеттік қызметшілер арасында «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» байқауы ұйымдастырылды. Байқау ережесі бойынша қатысушы өзі оқыған көркем әдеби, тарихи, мотивациялық кітаптардың ішінен немесе ережеде ұсынылған тізімнен өзі ұнатқан бір кітап оқып, кітаптан алған әсері мен қысқаша мазмұнын баяндай отырып, уақыты 2-3 минуттан аспайтын бейнеролик дайындады. Байқауға 40 мемлекеттік қызметші қатысты. Байқауда қазақ тілінде кітап оқыған Б. Тарақов, М. Беккулова орыс тілінде сапалы бейнебаян түсіріп, I орынға ие болды.
Сонымен қатар аталған байқау 2021 жылдың қараша айында облыстың студенттері мен ересек тұрғындары арасында да өтті. Екі кезеңнен тұратын байқау шарты бойынша үміткерлер бірінші кезеңде белгілі уақытта ережеде көрсетілген 2 кітапты оқып, тест тапсырды. Екінші кезеңге І кезеңнің қорытындысы бойынша тестен өткен қатысушы үміткерлер жіберілді. Бұл кезеңде қатысушылар ZOOM платформасы бойынша ұяшықтарды таңдау арқылы оқыған кітаптар негізінде сұрақтарға жауап берді. Жалпы байқауға барлығы 401 қатысушы тіркелді.
Екі кезең бойынша I орынға 3 кітапқұмар ие болса, 6 қатысушы II орынды иеленді. Ал жүлделі III орынға 11 қатысушы ие болды. Ал 35 қатысушы басқарманың Алғыс хатымен ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар байқауда белсенділік танытқан Талдықорған қаласының әкімдігі (99 адам), Талғар ауданы (64 адам), Балқаш, Ақсу ауданы (40 адам), Іле ауданы (39 адам), Сарқан ауданы (24 адам).
Өңіріміздегі ономастикалық ахуал
Бағдарламаның басым бағыттарының бірі – ономастикалық мәселелерді ретке келтіру.
Қазіргі таңда ономастикалық нысандарға атау беру және оларды қайта атау жұмыстары ҚР Президенті Әкімшілігінің (27.09.2019 ж. №19-32-20.357) тапсырмасы негізінде жалпыға ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында бекітілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдеріне сәйкес жүргізіліп келеді.
Осы ретте облыс өңіріндегі 60 әкімшілік-аумақтық бірліктің (аудан, ауылдық округ, ауыл), 3103 құрамдас бөліктің (көше, даңғыл, саябақ т.б.), 120 білім мекемесі мен 2 Мәдениет үйінің атауы тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Тізімде көрсетілген 345 тарихи тұлғаның 291-інің есімі ұлықталып отыр (2020 жылғы ақпарат бойынша).
Сондай-ақ, облыс аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 6665-і кісі есімімен (5 аудан, 39 ауылдық округ, 83 елді мекен, 6538 көше), 1817-сі жер-су атымен (14 аудан, 181 ауылдық округ, 355 елді мекен, 1267 көше), 1993-і дәстүрлі атаумен (1 аудан, 22 ауылдық округ, 82 елді мекен,1888 көше) аталады.
ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысымен бекітілген қағидаға сәйкес Ұйғыр ауданы мен Ақсу ауданына қарасты құрамдас бөліктерге (көшелерге) атау беру және оларды қайта атау бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысы өткізіліп, дауыс беру қорытындысы негізінде:
Ұйғыр ауданы Шонжы ауылына қарасты Кентал Исламов көшесі – Әл-Фараби көшесі, Нуршидин Аппазов көшесі – Абай көшесі, Абдулла Розыбакиев көшесі – Мұқағали Мақатаев көшесі болып қайта аталды;
Ұйғыр ауданы Шонжы ауылының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан жаңа көшелерге Кентал Исламовтың, Абдулла Розыбакиевтің, Нуршидин Аппазовтың есімдері берілді;
Ақсу ауданы Жансүгіров ауылының шығыс бөлігінде орналасқан жаңа көшелерге Бөрібай батырдың, Қажымқан Мәсімовтің есімдері берілді.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1 кітапхана мен 12 білім беру ұйымына Әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев сынды тарихи тұлғалардың есімдері берілді.
Қазіргі таңда сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің сауатсыздығы – ономастика саласының ғана емес, қоғамдағы жиі сынға ұшырайтын, аса өзекті мәселелердің бірі. Қоғамымызда мемлекеттік тілдің орфографиялық, лексикалық мағынасындағы кемшіліктер баршылық. Өңірімізде де орыс тілінен қазақ тіліне сөзбе-сөз, тікелей аударылған мағынасы түсініксіз жарнамалар кездеседі. Осы ретте, аталмыш заңсыздықтардың алдын алу және заңнама талаптарына сәйкес рәсімделуін қадағалау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жарнама агенттіктері өкілдерімен тығыз қарым-қатынас қалыптасқан. Яғни Whatapp желісі арқылы жарнама мәтінің сауатты жазылуы бойынша кеңес беріліп, дұрыс нұсқасы бекітіледі.
2021 жылдың шілде, тамыз, қыркүйек айларында Тіл туралы заңның 21-бабын түсіндіру бағытында 452 шара өткізіліп, 620 зерделеу жұмыстары жүргізілді (2 574 объект қамтылды). Нәтижесінде, тіл туралы заң талаптарына сай келмейтін 364 көрнекіліктер анықталды (149 кемшілік алынып тасталды, 193 түзетілді).
Сонымен қатар, көрнекі ақпараттар мен деректемелердің сауатты рәсімделуі бойынша жедел желі арқылы 113 жеке және заңды тұлға кеңес алып, 90 жарнама үлгілері ресми бекітілді.
2021 жылғы 5 қарашада Тіл сарайында «Өңірлік ономастика мәселелері» атты республикалық семинар өтті. Семинарды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Абдуалиев жүргізді.
Семинарда Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдар, Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасын және толықтырылған «Тарихи тұлғалар» тізімі қаралды.
Жиында Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова, Алматы қаласының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Қалабай Өтепберген, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Болат Керімбек, Жамбыл облысының тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ләззат Есімова, Түркістан облысының Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков, Қызылорда облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова баяндама жасады.
Шараға облыстық аудан әкімдерінің орынбасарлары мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары қатысты. Сонымен қатар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары және Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің ономастика саласын басқаратын басқарма басшылары қоғамның толғақты мәселелерінің бірі – ономастика мәселесі бойынша өзара пікір алмасты.