Решение №2 областной ономастической комиссии по Коксускому району

Талдықорған қаласы                                                  2019 жылғы 13 наурыз

        Аудан бойынша 10 ауылдық округ, 34 елді мекен, 264 көше бар.

Ономастикалық ахуалды жақсарту мақсатында ауданда көрнекіліктердің біріздендіру бойынша 12 рейд ұйымдастырылған, 70-ке жуық қоғамдық-көпшілік орындары мен сауда нысандарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілген. Аудандық «Нұрлы Көксу» газетіне 2018 жылға 4 мақала жарияланған. Ал, іс-шаралар жоспарына сәйкес айына 2 мақала шығатындығы жоспарланған.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 2019 жылға арналған жұмыс жоспарында конференция, семинар, дөңгелек үстел т.б. шаралар жоспарға енгізілмеген және толық бекітілмеген. Жұмыс жоспарына сәйкес өткізілген шаралар тек кеңейтілген отырыспен шектеліп қалған. Ономастика бойынша жинақталған құжаттар, шешімдер, ұйғарымдар толық емес.

Идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды қайта қарастыру, тарихи жер-су атауларын қайтару туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2017 жылғы 28 ақпандағы №17-288-5 тапсырмасын орындау бағытында жұмыстар жүргізілмеген.

Мысалы, аудандағы 264 көшенің 20-дан астамы Новая, Набережная, Коммунистическая, Белорусская, Орджоникидзе, Садовая, 8 марта сынды идеологиялық тұрғыдан ескірген орысша аталған көшелердің атауы ұлттық дәстүрге жақын атаулармен алмастырылуға жатады.

Сонымен қатар «МТФ, ПЧ-45, СПТУ» сияқты мағынасы күңгірт көшелердің атауы өзгертілуге тиіс деп есептейміз.

2014–2017 жылдары ономастика мәселелері бойынша жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті ономастика комиссиясына ұсыныстар енгізілмеген. 2018 жылы ономастика комиссиясына Алматы-Өскемен тас жолының 211-234 шақырымындағы асуға Жанайдар Егінбаевтың есімін беру туралы ұсыныс келіп түскен оның өзі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес рәсімделмегендіктен кері қайтарылған.

Балпық би ауылдық округінде көше аншлагтарының жазуларында бірізділік сақталмаған. Мысалы: М. Мәметова көшесі – ул. М. Маметовой, ул. М. Маметова; Әйтеке би көшесі – Айтекеби көшесі, Әйтеке-Би көшесі; Р. Дәулетов көшесі – Р. Даулетова, Даулетов; М. Әуезов көшесі – М. Ауезова, ул. М. Ауезова; Ш. Уәлиханов көшесі – Ш. Валиханова; Қазыбек би көшесі – бұрынғы атауы ул. Фурманова деп орыс тілі орфографиясы басшылыққа алынып, әр түрлі болып ілінген.

Жергілікті бюджет есебінен көше аншлагтарын жаңартуға қаражат қарастырылмаған. Зерделенген елді мекендердегі көшелердің көбінде аншлагтары ілінбеген.

Тіл туралы Заңның 21-бабы бойынша, мемлекеттік органдардың бланкiлері, маңдайшалары, хабарландырулары, жарнамалары, прейскуранттары, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылуы қажет деп көрсетілген.

Алайда, аудандық полиция бөлімінің ғимаратында орналасқан ақпараттық тақтайшасында «Розыск уголовных преступников и без вести пропавших» деп тек орыс тілінде орналастырылған. Мекеме басшылығының айтуынша көрнекі ақпаратты заң жүзінде ауыстыруға қаражат қарастырылмаған.

Сонымен қатар, зерделеу барысында аудандығы көрнекі ақпаратты орналастыру жұмыстары жүйеленбегендігі анықталды.

Халыққа қызмет көрсету орындарының (дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер) маңдайшаларында жазылған жазулар, ақпараттар «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңына сәйкес ресімделмеген.

Аудан орталығында орналасқан «Алтын алма» ғимаратында «1000 мелочей», «SHAGAN MINIMARKETI», «S – MART» супермаркеті, «Асия» шаштарызының қызмет көрсету түрлері (стрижки муж. жен. дет., хим.завивка, покраска волос, прически, покраска волос т.б.), авто жөндеу орталығында (кузовные и малярные работы любой сложности, полировка фар, мелкосрочный ремонт бамперов), құрылыс дүкенінде (цемент, лес, брус, доска, рейка, стропила, уголь, корма, металлопрокат, столярные работы, сварочные работы) көптеген жарнамалар тек орыс тілінде жазылып, ілінген.

«Әсем» сән салонында «салон красоты – сән салоны», есік, терезе жасап шығаратын ғимараттың сыртында «окна, двери, витражи, фасады – есік, терезе, витраждар, замер бесплатно – өлшем тегін» деп маңдайша жазуларының орналасу реттілігі сақталмаған.

 

Комиссия шешті:

  1. Көксу ауданындағы ономастикалық жұмыстарға байланысты атқарылған іс-шаралар туралы аудан әкімінің орынбасары Ұ. Досымбековтің есебі назарға алынсын;
  2. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес аудандағы ономастикалық ахуалды ретке келтіру жұмыстары жүргізілсін;
  3. Көше аншлагтарын біріздендіру, дұрыс ресімдеу, жаңарту жұмыстары жүзеге асырылсын;
  4. Көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндері «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес ретке келтірілсін;
  5. 2019 жылғы 15 мамырға дейін атқарылған іс-шаралар жөнінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына ақпарат берілсін;
  6. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыстық ономастика комиссиясы хатшысы Е. Ақшабаевқа жүктелсін.

 

 

Комиссия төрағасы

А. Абдуалиев

 

 

Комиссия төрағасының орынбасары

А. Башбаев

 

 

Комиссия мүшелері

Р. Алпысбаев

 

Д. Жүнісов

 

М. Көлбаев

 

Д. Нұржанов

 

Ғ. Тұрсынбай

 

Ғ. Сарыбаев

 

Е. Келемсейіт

 

А. Рахимова

 

 

Комиссия хатшысы

Е. Ақшабаев

Дата публикации
13 марта 2019