Information about the work done by the Department for the development of languages of the Almaty region in 2018

Алматы облысында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңын және 2011-2019 жылдарға арналған тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын (Бұдан әрі – Бағдарлама) орындауда 2018 жылы жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізді.

Тоқсан сайын тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жүргізіліп отырды. Нәтижесінде мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды құрады.

Үстіміздегі жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына 1347 тіл үйренуші, орыс тілі курсына 46, ағылшын тілі курсына – 401 тыңдаушы қабылданды. Барлығы 1939 адам. Ал, Қазтест нәтижесінде диагностикалық және сертификаттық тестен өткендер саны 18109 адам.

Бағдарлама аясында мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту, жұртшылыққа насихаттау мақсатында көптеген шаралар өткізілді. Мәселен, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес және Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдық мерейтойына орай қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді анықтау мақсатында «Тіл шебері-2018» байқауы өткізілді. «Үздік оқытушы» байқауында өңіріміздегі тіл оқыту орталықтарының оқытушылары өздерінің оқыту шеберліктері мен кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Жыл сайынғы дәстүр бойынша қазақтың бас ақыны – Абай атындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «Мағжан оқулары», «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер мен мектеп оқушылары арасында «Мақал – сөздің мәйегі» сайыстары және Тіл айлығының қарсаңында басқарма тарапынан этнос өкілдерінің қатысуымен «Тілдарын», «Славян жазуы», «Тіл – парасат» байқаулары мен «Тіл – татулық тірегі» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттап, тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген журналистер «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында сынға түссе, облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойына орай журналистер арасында «Тәуелсіздік шырағданы» атты публицистикалық шығармалар байқауы өткізілді.

«Әдеби білгір» облыстық байқауына 15-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысса, республикалық «Тіл – рухани жаңғыру тетігі» атты тұңғыш рет өткізілген пікірсайыс турнирінде еліміздің түпкір-түпкірінен келген білімді жастар бас қосып, британдық парламент форматында пікір жарыстырды.

Ал «Үздік тіл маманы – 2018» атты байқауда аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл мамандары өнер көрсетсе, «Тәуелсіздік пен тіл – егіз ұғым» атты облыстық жас суретшілер байқауында қылқалам шеберлері елге, тілге деген сүйіспеншіліктерін бейнелеп, суретке жан бітірді.

«Тіл – тәуелсіздік тірегі» атты облыстық брейн-ринг интеллектуалдық турниріне мемлекеттік қызметшілер атсалысса, Талдықорған қаласында орналасқан колледж студенттері арасындағы «Көркемсөз шебері» облыстық байқауында студенттер өз өнерлерін ортаға салды.

Мемлекеттік тілді дамыту институтымен бірлесе Алматы облысының 17 ауданы мен 3 қаласына тілдік ахуалды зерттеу, зерделеу, мемлекеттік, орыс және басқа тілдердің (ағылшын тілі) дамуын және қолдану аясын анықтау мақсатында әлеуметтік лингвистикалық сауалнама жүргізілді. Облыс бойынша барлығы 1830 респондент қатысты. Сауалнама нәтижесі бойынша «Алматы облысындағы тілдік ахуал» атты кітапша шығарылды.

«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары тыңдаушылармен өткізілетін сабақ үрдісінде оң нәтижеге жету үшін заманауи техника құралдарын үздіксіз пайдалануда. Әрбір өткізілген сабақты сала мамандары «Til.media.kz» сайтына жүктеп, тіл үйренуге ынта танытқан әлеуметтік желі қолданушыларының назарына ұсынды. Бұл мүмкіндік оқытушылар арасында өзара тәжірибе алмасуға да негіз болды.

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан облыстағы тіл мәселесіне қатысты атқарылған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Дата публикации
09 января 2019