Қазақстан республикасында 2011-2019 жылдарға арналған тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын орындауда 2018 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат

Алматы облысында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңын және 2011-2019 жылдарға арналған тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын (Бұдан әрі – Бағдарлама) орындауда 2018 жылдың  9 айында бірқатар жүйелі  жұмыстар атқарылуда.

Тоқсан сайын тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті  атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші  99,5 пайызды көрсеттіҮстіміздегі жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына – 1327 тіл үйренуші,  орыс тілі курсына – 46, ағылшын тілі курсына – 401 тыңдаушы қабылданды. Барлығы – 1774 адам. Ал, Қазтест жүйесі негізінде тест тапсырғандардың саны 9382, диагностикалық және сертификаттық тестен өткендер саны  10777  адамды құрады.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес және Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдық мерейтойына орай «Тіл шебері-2018» байқауы өткізілді. Басты мақсаты қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді анықтау әрі қолдау болып табылған додада Бас жүлдені Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бас маманы   Д. Қалдығожин иеленді.

«Үздік оқытушы» байқауында өңіріміздің аудан, қалаларынан келген оқытушылар бақ сынады.  Олар ұйымдастырылған үш кезеңде өздерінің оқыту шеберліктері мен кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Нәтижесінде Қапшағай қаласының намысын қорғаған Г. Дусанбаева жеңімпаз деп танылды.

Байланыс және ақпарат күніне орай мемлекеттік тіл саясатын  бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттап, тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген журналистер «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында сынға түсті. Төртінші билік иелерінің ішінен ең үздік деп Т.Мыңжасардың («Хабар» агенттігі), Х. Еспанның («Огни Алатау» газеті) және М. Тоқтасынның («Жетісу» телеарнасы) авторлық материалдары танылды.

Басқарма «Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру: атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер» атты жиын өткізді. Аудандық, қалалық бөлім басшылары және сала мамандары қатысқан жиында мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалып, алдағы күндердің жоспары бекітілді. Сондай-ақ, барлық аудан, қалалардың жұмыс деңгейіне жеке-жеке тоқталып, диагностикалық есеп келтірілді.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша қазақтың бас ақыны – Абай атындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізілді. 16 сөз жүйрігі бақ сынаған додада Қадыржан Сабырақынның (Райымбек ауданы) асығы алшысынан түсіп Бас жүлдені иеленді. Ал, әр жылда тұрақты түрде өткізіліп жүрген  «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы да осы жылы жалғасын тапты. Сондықтан, бабалар тілегі мен ғасырлар аманатын арқалаған киелі мұраны дәріптеу, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр және терме жанрын насихаттауды мақсат тұтқан шараның көрерменге берері мол болды.

Биылғы жылы еліміз Қазақстан халқы тілдерінің күнін 5 қыркүйекте атап өтті. Мерекеге орай «Тіл – бірліктің бесігі» атты облыстық форум өткізілді. Форум аясында мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген облысымыздағы тіл жанашырларына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Тіл саясаты комитетінің, Алматы облысы әкімінің, сондай-ақ, басқарма тарапынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.  Айта кету керек, тілдер мерекесі қарсаңында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының өткізген Тіл айлығы аясында этнос өкілдерінің қатысуымен «Тілдарын», «Славян жазуы», «Тіл – парасат» байқаулары мен «Тіл – татулық тірегі» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. 

Жастарымыз ел иесі ретінде мемлекеттік тілді қастер тұтып, ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде орыс тілін жетік игеріп, ағылшын тілінде ой-пікірін ер­кін өрістете алса, игілікті идеяның орындалғаны. Осыған орай өткізілген «Тілдарын» олимпиадасында қатысушылардың барлығы да білімді, зерек әрі алғыр – нағыз ХХІ ғасыр жастары екенін дәлелдеді. Бәсекеге қабілетті жастардың ішінен Бас жүлдеге Алтынай Молдақұлова (Кербұлақ ауданы) лайық деп танылды.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатындағы «Славян жазулары» атты эссе жазу байқауы славян және түркі халықтарының өзара тығыз қарым-қатынастарының айқын көрінісі. Ұлтаралық татулық пен бірлік сабақтастығын дәріптей отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, қандай салада болмасын қолданылу аясының кең болу маңыздылығын насихаттауға бағытталған шарада Руслан Данилов      І орынды жеңіп алды.      

Қазақстан Халқы Ассамблеясының бірлесе ұйымдастыруымен «Тіл – татулық тірегі» атты дөңгелек үстелде этнос өкілдері қазақ тілінде баяндама жасап, мемлекеттік тілді меңгерудің маңызына тоқталды.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеріп, этнос өкілдерін ынталандыруды мақсатындағы «Тіл – парасат» байқауында Александра Михеева (Ақсу ауданы)  жеңімпаз атанып, салтанатты шарада марапатталды.

Дата публикации
22 октября 2018