2018 ЖЫЛДЫҢ І ЖАРТЫЖЫЛДЫҒЫНА АҚПАРАТ

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тілдерді дамытумен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындауда бірқатар жүйелі жұмыстар атқарды.

Тоқсан сайын тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жасалып отырады. 2018 жылдың І жартыжылдығында өңірімізде мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды құрады.

Үстіміздегі жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік тілді оқыту курсына – 674 тіл үйренуші, орыс тілі курсына – 36, ағылшын тілі курсына –283 тыңдаушы қабылданды. Барлығы – 993 адам. Қазтест жүйесі негізінде тест тапсырғандардың саны 11 756, сертификаттық 346, республикалық тест тапсырғандар 2028, жергілікті жерде тест тапсырғандар 9832.

Өткізілген іс шаралар туралы

Облыстағы әдеби ортаны қалыптастыру мақсатында жыл басынан 3 мәрте «Әдебиет–руханияттың діңгегі» атты қазақ әдебиетінің үш буын өкілімен дәстүрге айналған кездесу кеші ұйымдастырылды. Ақпан айында – Жұмабай Шаштайұлы, Дәурен Қуат, Айнұр Төлеу, наурызда – Ғұсман Жандыбаев, Жанарбек Әшімжан, Мақпал Мыса, сәуірде – Бексұлтан Нұржекеұлы, Есей Жеңісұлы, Қанат Әбілқайыр әдебиет сүйер қауыммен қауышты.

 «Тағзым» әдеби-музыкалық еске алу шарасы да өз жалғасын тапты. Кеште Жетісу өңіріне еңбегі сіңген, бүгінде дүниеден озған сегіз бірдей әдебиет пен мәдениет саласының есімі ұлықталды.

Наурыз айында А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының басшысы, Ұлттық комиссияның мүшесі Е. Қажыбек және аталған институт ғалымдарының қатысуымен «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында 14 пен 17 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасында «Мақал-сөздің мәйегі» тақырыбында байқау өткізілді. Байқауда 19 оқушы бақ сынады. 6 кезеңнен құралған сайыстың нәтижесінде Бас жүлдені қарасайлық С.Абрахман жеңіп алды.

Талдықорған қалалық Медициналық колледжінде «Латын әліпбиі: алдағы міндеттер» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырылды. Шараға А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының ғалымдары мен колледж оқытушылары, студент жастар қатысты. Аталмыш білім ордасында бас қосқан тіл жанашырлары қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығы мен өміршеңдігіне тоқталды.

Облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздік шырағданы» атты публицистикалық шығармалар байқауы журналистер арасында өтті. Байқаудың қорытындысы бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің мешікті тілшісі Қ.Мұхаметқали Бас жүлде иегері атанды.

Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «Мағжан оқулары» байқауы ұйымдастырылды. Сайысқа 17 мен 25 жас аралығындағы жетісулық жастар белсене қатысты. Поэзия мен проза бойынша сынға түскен жастардың арасынан Ескелді ауданының қатысушысы Д.Мұқият Бас жүлдені алды.

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес және Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдық мерейтойына орай «Тіл шебері-2018» байқауы өткізілді. Басты мақсаты қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді анықтау әрі қолдау болып табылған додада Бас жүлдені Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бас маманы Д.Қалдығожин иеленді.

«Үздік оқытушы» байқауында өңіріміздің аудан, қалаларынан келген оқытушылар бақ сынады. Олар ұйымдастырылған үш кезеңде өздерінің оқыту шеберліктері мен кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Нәтижесінде Қапшағай қаласының намысын қорғаған Г.Дусанбаева жеңімпаз деп танылды.

Байланыс және ақпарат күніне орай мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттап, тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген журналистер «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында сынға түсті. Төртінші билік иелерінің ішінен ең үздік деп Т. Мыңжасар («Хабар» агенттігі), Х. Еспан («Огни Алатау» газеті) және М.Тоқтасынның («Жетісу» телеарнасы) авторлық материалдары танылды.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» атты семинар-кеңес болып өтті. Жиынға А. Байтұрсынұлы атындағы институттың ғалымдары, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары мен салаға жауапты мамандары қатысты. Басқосуда облысымыздың ономастикалық ахуалы кеңінен талқыланды.

Дата публикации
17 июля 2018