Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өткізілген шаралар
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңы және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) орындауда 2019 жылы бірқатар жүйелі жұмыстар атқарды.
Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізілді. Осыған сәйкес өңірімізде жылдың қорытындысында мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды құрады.
2019 жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына 869, орыс тілі курсына 21 және ағылшын тілі курсына 462 тіл үйренуші, латыннегізді әліпбиді оқыту курсына 1158 тыңдаушы қабылданды. Барлығы 2510. Олардың ішінде сертификат алғандардың саны 618, куәлік алғандар 628, 1231 тыңдаушыға анықтама берілді.
Мемлекеттік тілді дамыту институтымен бірлесе тілдік ахуалды зерттеу, зерделеу, мақсатында халықтың көзқарасын анықтау үшін өңіріміздің 17 ауданы мен 3 қаласына әлеуметтік лингвистикалық сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижесі бойынша «Алматы облысындағы тілдік ахуал» атты кітапша шығарылды.
Ең басты бағыт мемлекеттік бағдарлама аясында межелі индикаторға қол жеткізу болып табылды. Бағдарламаның нысаналы индикаторына сәйкес мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі – 92%, ағылшын тілін меңгергендер – 13%, үш тілді меңгергендер 11,8% құрады.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында бірқатар ауқымды шаралар атқарылды. Мәселен, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы және алдағы міндеттер», «Тілдік ахуал: атқарылған жұмыстар мен алдағы межелер», «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері», «Үш тілде білім беру тәжірибесі бағытындағы ісшаралардың нәтижесі» тақырыбындағы жиынды атап айтуға болады.
Ал Панфилов ауданы, Жаркент қаласында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған бағдарламасын, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыру бойынша «Тілімнің тұнық тұмасы» атты облыстық дөңгелек үстел өтті.
Тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау болып табылатын жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Тіл шебері – 2019»; тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қазақ тілді контентті арттыру негізінде «Мемлекеттік тіл және БАҚ»; тіл мәдениетін көтеріп, жастарды қолдауға бағытталған «Тіл – парасат» және Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы; үштілділікті енгізуді ынталандыруға бағытталған «Тілдарын» олимпиадасы; жыршы-термешілер арасында «Текті сөздің төресі – терме»; ЖОО мен арнаулы білім беру мекемелерінің студенттерінің қатысуымен «Тіл – рух күретамыры» тақырыбында дебат; Балпық бидің 325 жылдығына орай «Байтақ елдің Балпық биі» мүшәйрасы болды.
Тұңғыш рет 6-11 сынып оқушылары арасында қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі – «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасын жатқа айтудан өткен байқауға 51 үміткер қатысты.
Сонымен қатар Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында тілдік шаралардың онкүндігі жарияланып, «Мемлекеттік тіл – еліміздің тұғырлы тірегі» атты дөңгелек үстел, Славян жазуы күндері, «Өзім туралы» этнос өкілдері арасында әлеуметтік желі арқылы эссе жазу акциясы, латын графикалық әліпбиді оқыту, үштілділік бойынша ашық есік күні ұйымдастырылды.