Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында жыл басынан 3 мәрте «Әдебиет – руханияттың діңгегі» атты қазақ әдебиетінің үш буын өкілімен дәстүрге айналған кездесу кеші ұйымдастырылды. Ақпан айында – Жұмабай Шаштайұлы, Дәурен Қуат, Айнұр Төлеу, наурызда – Ғұсман Жандыбаев, Жанарбек Әшімжан, Мақпал Мыса, сәуірде – Бексұлтан Нұржекеұлы, Есей Жеңісұлы, Қанат Әбілқайыр әдебиет сүйер қауыммен қауышты.
«Тағзым» әдеби-музыкалық еске алу шарасы да өз жалғасын тапты. Кеште Жетісу өңіріне еңбегі сіңген, бүгінде дүниеден озған сегіз бірдей әдебиет пен мәдениет саласы қызметкерлерінің есімі ұлықталды.
Облысымызда 23-24 сәуір аралығында тұңғыш рет «Жетісу көктемі» атты жас әдебиетшілердің форумы өтті. Екі күнге созылған «Жетісу көктемі» облыстық форумы аясында жас қаламгерлер Қарасай ауданындағы Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын, «Батыр бабалар» мемориалы мен «Анаға құрмет» музейін, Кербұлақ ауданында Шоқан Уәлихановтың мемориалдық музейін аралады. Мұнан кейін қонақтар Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінің жағалауында поэзия кешін өткізіп, Сүйінбай Аронұлы мен Мұқағали Мақатаевтың ескерткіштеріне гүлшоқтарын қойды. Сондай-ақ облыс орталығындағы Тіл сарайында әдебиеттің сан салалы тақырыптарын талқылаған секциялық жұмыстар ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне 1 жыл толуына орай өткізілген әдеби шара аясында «Мәңгілік елдің мұраты» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталып, үздік шығарма авторларына «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі тапсырылды. Арнайы жүлдеге поэзия жанры бойынша С. Намазшамова, проза бойынша Қ. Әбілқайыр лайық деп танылды. Сондай-ақ, осы күні «Рух» байқауының қорытындысы бойынша жарыққа шыққан кітаптардың тұсауы кесіліп, Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған бір топ жас қаламгерге куәлік табыс етілді. Куәлік алғандардың қатарында Алматы облысының үш бірдей тумасы да бар. Олар: Қ. Мұхаметқали, Е. Айдабосын, Ж. Немеребаев.
Сондай-ақ, айтар ойын екі ауыз сөзбен жеткізіп, ұрпағына тәлім-тәрбие, өнеге берер ауыз әдебиетінің асыл мұрасы мақал болғандықтан Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласына орай рухани құндылықтарды дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету әрі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында 14-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасында «Мақал – сөздің мәйегі» тақырыбында байқау өткізілді. Басты міндеті жастарды қазақ тілін құрметтеуге тәрбиелеу, ана тілінде сөйлеу шеберлігін арттыру болған байқауда 19 оқушы бақ сынады. 6 кезеңнен құралған сайыстың нәтижесінде Бас жүлдені Қарасай ауданының қатысушысы С. Абдрахман жеңіп алды.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асып жатқан жобалардың қай-қайсысы да өзінің мазмұн ауқымдылығымен, идеологиялық маңыздылығымен құнды. Соның ішінде, әсіресе «100 жаңа есім» жобасының алар орны айрықша. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің дамуына елеулі үлес қосып, адамдардың табыстылығы мен бәсекеге қабілеттілігін олардың өмір тарихы арқылы жас ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтқан имидждік бірегей жоба бүгінде халықтың бірауыздан рухани қолдауына ие болып үлгерді. Ағымдағы жылы Қазақстанның 100 жаңа есіміне Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасынан ұсынылып отырған жерлестерімізбен кездесу өткізілді. Үміткерлердің бірі – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры Е. Жүніс. Ал, екіншісі – Талдықорған қаласы «Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытылатын №20 арнаулы лицей» директорының көптілділік жөніндегі орынбасары, облыстық «Жыл мұғалімі-2017» байқауының жеңімпазы А. Мұхаметчина.
Жыл бойы жалғасын тапқан кезекті жобалардың бірі «Буккроссинг» – еркін кітап алмасу жобасы. Тіл байлығын дамытатын, ойыңа ой қосатын да кітап болғандықтан, осы аралықта көшпелі кітапхана халықтың кітапқа деген қызығушылығын оятуға айтарлықтай үлес қосты. Талдықорған мен облысымыздың аудан, қалаларында арнайы кітап сөрелері қойылды. Жылжымалы кітапхана сөрелеріне қойылған 5000-нан астам кітаптың 1000-ға жуығын оқырмандар үйдегі кітаптарын алып келіп, ауыстырып алса, 875-тен аса кітап оқырмандарға берілді. Сыйға тартқан кітаптардың саны да өлшеусіз.
Бір жыл бұрын қолға алынған жоба – «Жетісудың жыр керуені» атты челлендж. Аталған жобаның мақсаты Жетісу жеріне кіндік қаны тамған, дүниеден озған ақын-жазушыларды дәріптеу, шығармаларын әлеуметтік желілер арқылы ел арасына кеңінен насихаттау. Челлендж талаптарына сәйкес әр қатысушы қалта телефонына белгілі бір автордың өлеңін мәнерге келтіре оқып, бейнежазбаға түсіріп, арнайы хештег арқылы әлеуметтік желіге жүктеді. Аталмыш акцияларда белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы жүлде тағайындалып, форум барысында салтанатты түрде марапатталды.
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының қатысуымен Талдықорған политехникалық колледжінде, №1 Абай атындағы орта мектепте «Қазақстандағы жазу тарихы және латын графикасын қабылдаудың ғылыми практикалық негіздері» атты конференция, жоғарыда аталған институттың ғалымдарымен «Латын әліпбиі: ізденіс, даярлық» атты семинар-тренинг қаламыздағы білім ордаларының директорлары мен оқытушыларына өткізілсе, кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінде ұйымдастырып, латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуындағы кірме әріптердің таңбалануы, емле ережесінің жобасы жөнінде көпшілікке түсіндірілді.
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы алдағы уақытта «Латын әліпбиі: тәжірибе, пікір» атты халықаралық конференция, республикалық «Тіл – рухани жаңғыру тетігі» зияткерлік пікірсайыс, облыстық «Тәуелсіздік пен тіл – егіз ұғым» суретшілер және «Тілден терең теңіз жоқ» мақал-мәтел байқауы, «Нысандарға атау беру жауапты іс» көшпелі семинар кеңес, дәстүрлі «Әдебиет – руханияттың діңгегі» әдеби кешін жалғастырмақ.
Сонымен қатар, «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты ақпараттық-түсіндіру тобының аудан, қалаларға түсіндіру жұмыстарымен шығу кестесі әзірленіп, бекітілді.