Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесін алға қойған болатын. Осыған орай, қазақ жазуын латын графикасына көшірудің маңыздылығы мен өміршеңдігін халық арасында насихаттау мақсатында облыс көлемінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның бірі тамыздың 20 күні Алакөл ауданында өткен «Жаңа жазу – жаңа белес» атты дөңгелек үстел. Тіл мамандары мен жанашырлары қатысқан аталмыш шара алға қойылған үлкен жоспарды жүзеге асыру жолындағы нақты міндеттерді айқындау, кең көлемде талқылау жүргізуді мақсат етті. Жиынға төрағалық еткен Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы: «Латын әліпбиін енгізудің тиімді жолдарын қарастыру – ең өзекті мәселенің бірі екендігін уақыт көрсетіп отыр. Бұл еліміздің болашағы үшін жасалған тың қадам. Сондықтан, бүгінгі жиын барысында маңызды ойлар және құнды пікірлермен алмасатын боламыз» деді.
Шарада Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қожағұлов «Латын қарпіне көшу – заман талабы» атты тақырыпта баяндама жасап, латын графикасына өтудің бірқатар артықшылықтарына тоқталды. Өзекті мәселеге әр жақтан қарап, білім, әлеуметтік жағдай, халықаралық байланысқа қалай әсер ететіні жайлы оңды көзқарасын білдірді. «Латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса жаратылыс ғылымдары жағында да қолданыста дәлділігі мен ептілігін дүние жүзінің өмір тәжірибесі дәлелдеді. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» - деді Сайлау Қажыбекұлы
Келесі сөз кезегі аталған университеттің аға оқытушысы, магистр Гүлім Чукенаеваға берілді. Гүлім Төлеуқызы «Жаңа қазақ әліпбиі: жаңғыру жазудан басталады» тақырыбындағы баяндамасында: «Қазақ халқының ұлттық-мәдени коды ең алдымен қазақ тілінде екенін ескерсек, рухани жаңғыру бабалардан аманат боп қалған «тілді сақтау» идеясын жаңғыртудан бастау алуға тиіс. Ал «тілді сақтау» идеясын жаңғырту қазақ жазуына реформа жасаумен, жаңа қазақ әліпбиін жасаумен тығыз байланысты» деді. Жиын соңында қатысушылар тақырып аясында ұсыныс білдіріп, тіл мамандарына толғандырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Сол себепті, ертеңгі күннің үлесі үшін бүгінгі қадамымызды нық басқанымыз жөн.