«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат

Облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген шаралар

«Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамдық санаға орнықтыру, ақиық ақынның жалынды жырлары арқылы жастардың азаматтық және патриоттық әлеуетін дамыту мақсатында «Бір өлеңі – бір әлем» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оған І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері, «Мизам» әдеби клубының мүшелері қатысты. Кеште қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан шайырдың жырлары оқылып, ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының екі жылдығына орайластырылып рухани құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған 14-17 жас аралығындағы 20 өрен бақ сынасқан «Мақал – сөздің мәйегі» байқауында қарасайлық Қ. Сламбай Бас жүлдені иеленді.

Сондай-ақ, үшінші жыл қатарынан жүзеге асқан қос бірдей жобаның биылғы жылғы қорытындысы шығарылды. Олардың бірі облыс орталығы мен аудан, қалаларда жүргізілген «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты Буккроссинг жобасы.

Ал, әлеуметтік желі қолданушыларының қызығушылығын тудырған екінші жоба «Жетісудың жыр керуені» деп аталады. Жоба аясында танымал тұлғалар мен жас әдебиетшілер Алматы облысында дүниеге келген ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, бейнежазбаға түсіріп әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастырған белсенді қатысушылар Тіл мерекесі қарсаңында марапатталды. «Ең жас қатысушы» номинациясына ие болған 6 жасар Айша Бестібайға жиылған қауым зор қошамет көрсетті.

Мерекелік шарада облыс әкімі А. Баталовтың қолдауымен жарық көрген «Ақ қауырсын» кітабының тұсауы кесілді. Кітапқа былтырғы жылы өткен «Мәңгілік елдің мұраты» атты байқаудың қорытындысы бойынша ең озық деп танылған туындылар топтастырылды.

Бағдарламалық мақаланың екі жылдығына орайластырыла өткізілген тағы бір ауқымды шара жас тілші-әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» атты ІІ облыстық форумы. Дәстүрлі шараға өңіріміздің аудан, қалаларынан жас қаламгерлер мен тілшілер, мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері қатысты. Биылғы жылы Кеген ауданында өткен
жиынның ерекшелігі форум делегаттарының латыннегізді әліпбиге қатысты оқыған баяндамалары мен білдірген пікірлері. Осы ретте Кербұлақ ауданы Д. Қонаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Кәмшат Чинарбаеваның мектеп оқушыларына арнап, жаңа әліпбиді меңгертудің тиімді жолы ретінде өзі құрастырып шығарған «Латын әліпбиін үйренейік!» атты көркем жазу үлгісі дәптерін көпшіліктің назарына ұсынғандығын мысалға алуға болады.

Дата публикации
05 января 2020