Бағдарламаның басым бағыттарының бірі – ономастикалық мәселелерді ретке келтіру.
Қазіргі таңда ономастикалық нысандарға атау беру және оларды қайта атау жұмыстары ҚР Президенті Әкімшілігінің (27.09.2019 ж. №19-32-20.357) тапсырмасы негізінде жалпыға ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында бекітілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдеріне сәйкес жүргізіліп келеді.
Осы ретте облыс өңіріндегі 60 әкімшілік-аумақтық бірліктің (аудан, ауылдық округ, ауыл), 3103 құрамдас бөліктің (көше, даңғыл, саябақ т.б.), 120 білім мекемесі мен 2 Мәдениет үйінің атауы тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Тізімде көрсетілген 345 тарихи тұлғаның 291-інің есімі ұлықталып отыр (2020 жылғы ақпарат бойынша).
Сондай-ақ, облыс аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 6665-і кісі есімімен (5 аудан, 39 ауылдық округ, 83 елді мекен, 6538 көше), 1817-сі жер-су атымен (14 аудан, 181 ауылдық округ, 355 елді мекен, 1267 көше), 1993-і дәстүрлі атаумен (1 аудан, 22 ауылдық округ, 82 елді мекен,1888 көше) аталады.
ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысымен бекітілген қағидаға (одан әрі - Қағида) сәйкес Ұйғыр ауданы мен Ақсу ауданына қарасты құрамдас бөліктерге (көшелерге) атау беру және оларды қайта атау бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысы өткізіліп, дауыс беру қорытындысы негізінде:
Ұйғыр ауданы Шонжы ауылына қарасты Кентал Исламов көшесі – Әл-Фараби көшесі, Нуршидин Аппазов көшесі – Абай көшесі, Абдулла Розыбакиев көшесі – Мұқағали Мақатаев көшесі болып қайта аталды;
Ұйғыр ауданы Шонжы ауылының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан жаңа көшелерге Кентал Исламовтың, Абдулла Розыбакиевтің, Нуршидин Аппазовтың есімдері берілді;
Ақсу ауданы Жансүгіров ауылының шығыс бөлігінде орналасқан жаңа көшелерге Бөрібай батырдың, Қажымқан Мәсімовтің есімдері берілді.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1 кітапхана мен 12 білім беру ұйымына Әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев сынды тарихи тұлғалардың есімдері берілді.
Қазіргі таңда сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің сауатсыздығы – ономастика саласының ғана емес, қоғамдағы жиі сынға ұшырайтын, аса өзекті мәселелердің бірі. Қоғамымызда мемлекеттік тілдің орфографиялық, лексикалық мағынасындағы кемшіліктер баршылық. Өңірімізде де орыс тілінен қазақ тіліне сөзбе-сөз, тікелей аударылған мағынасы түсініксіз жарнамалар кездеседі. Осы ретте, аталмыш заңсыздықтардың алдын алу және заңнама талаптарына сәйкес рәсімделуін қадағалау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жарнама агенттіктері өкілдерімен тығыз қарым-қатынас қалыптасқан. Яғни Whatapp желісі арқылы жарнама мәтінің сауатты жазылуы бойынша кеңес беріліп, дұрыс нұсқасы бекітіледі.
2021 жылдың шілде, тамыз, қыркүйек айларында Тіл туралы заңның 21-бабын түсіндіру бағытында 452 шара өткізіліп, 620 зерделеу жұмыстары жүргізілді (2 574 объект қамтылды). Нәтижесінде, тіл туралы заң талаптарына сай келмейтін 364 көрнекіліктер анықталды (149 кемшілік алынып тасталды, 193 түзетілді).
Сонымен қатар, көрнекі ақпараттар мен деректемелердің сауатты рәсімделуі бойынша жедел желі арқылы 113 жеке және заңды тұлға кеңес алды. 90 жарнама үлгілері ресми бекітілген.
Қолданыстағы заңнама мен облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар алдағы уақытта жалғасатын болады.