Справка по изучению языковой ситуации в Алакольском районе

Алакөл ауданының мекемелерінде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының орындалуы, Алматы облысы әкімдігінің 2017 жылғы 24 ақпандағы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы облысының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №80 қаулысының орындалу барысына жүргізілген зерделеу жұмысының

АНЫҚТАМАСЫ

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан 2018 жылғы 26-27 сәуір аралығында жүргізілген зерделеумен аудан әкімі аппараты, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдері мен Үшарал қаласының әкімдігі қамтылды.

Зерделеу барысында төмендегі жағдайларға мән берілді:

  • Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, аудан әкімінің Тілдерді дамыту мен қолданудың өңірлік іс шаралар жоспарына сәйкес мекеменің 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарының жасалу жолдары, ауқымдылығы;
  • мекемеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының басшылық тарапынан бақылануы;
  • мекемелердегі көрнекі ақпараттардың (маңдайша жазу, мөр, мөртаңбалардың) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 19, 21-бабына, эстетикалық талаптарға сәйкестігі;
  • мекеменің негізгі қызметі жөніндегі іс-құжаттарының жазылу сапасы, тілі, сауаттылығы;
  • аудандағы ономастика жұмысының жүргізілу жағдайы.

Мекемелердегі ортақ кемшіліктер:

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарын бекіту туралы» Алматы облысы әкімдігінің №80 қаулысын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімінің ( 16.03.2017 ж. №74) қаулысы қабылданған. Алайда, қаулының іс шаралар жоспары жүйесіз әрі сапасыз құрылған. Атап айтқанда, аудан әкімдігінің құзырына жатпайтын тармақтар (мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін теле-радио бағдарламалар мен мерзімді басылымдары оның ішінде балалар мен жастарға арналған мемлекеттік тілдегі контентті БАҚ-та кеңейту арқылы дамыту және насихаттау) енгізілген. Іс шаралар жоспарының 14-тармағында ... мемлекеттік тілге сұранысты арттыру мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өткізілетін шараларға 2017 жылы 8 млн. теңге қаржы қарастырғанмен, орындалғаны туралы құжаттар көрсетілмеді. Сондай-ақ қаулының 2, 4-тармақтарына сәйкес округ әкімдері мен мекеме басшыларына іс шаралар жоспарын әзірлеу және орындалуы туралы жылына екі рет ақпарат беру тапсырылған. Атап айтқанда, жоспарда қаулыны іске асыру жөніндегі жауапты орындаушылардың басым бөлігі ауыл, қала округ әкімдері болғанмен, қалалық округ әкімдігінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жолдаған екі хатынан басқа құжат жинақталмаған. Аудандық білім, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдерінде іс шаралар жоспары бағдарламаның үшінші кезеңіне сәйкес келмейді.

Зерделеумен қамтылған мекемелердің шығыс құжаттарында орыс тілінде орындалған хаттар кездесті. Орындаушылар мұны уәкілетті және жоғары тұрған органдар тарапынан орыс тілінде сұрататынымен байланыстырады.

Атап айтқанда, Үшарал қалалық округі әкімінің (округ әкімі М. Сайдилдинов) 29.01.2018ж. №53, 23.01.2018 ж. №46, 29.02.2018 ж. № 43, 28.02.2018 ж. № 127, 15.03.2018ж. №168, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі 26.02.2018 ж. №33, 19.04.2018 № 72-0272/1924 облыс әкімі аппаратының басшысы Б. Байжұмановқа Алакөл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хаттың қосымшасы орыс тілінде жөнелтілген.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің іс номенклатурасын көруге мүмкіндік болмады.

Облыс бойынша үш тілде (мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдері) білім беруді дамытуға қатысты жұмыстарды жетілдіру мақсатында ересек тұрғындарға тіл үйренуге қолдау көрсетіліп, тегін курстар ұйымдастырылған. Алайда, аудандық «Тіл» әдістемелік-оқу орталығы тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге қатысатын 40 тыңдаушының тізімі жасалып, тек ауызша жинақтаумен шектелген, іс жүзінде ешбір мекемеге талапқа сай хат жолданбағаны анықталды. Сонымен қатар, жылдық жұмыс жоспары бүгінгі күнге дейін бекітілмеген.

Ономастика жұмысы.

Алакөл ауданы аумағында 24 ауылдық округ, 56 елді мекен, оның ішінде - 1 аудандық маңызы бар қала (Үшарал) мен 1 кент (Достық), 487 елді мекендердің құрамдас бөліктері орналасқан.

Ауданда 45 орта білім беру мекемелері, 17 мектепке дейінгі білім беру мекемелері (оның 4 аралас, 13 таза қазақ тілінде), 2 колледж, 16 Мәдениет үйлері жұмыс істейді.

2017 жылы ономастика мәселелері бойынша жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті ономастика комиссиясына ұсыныстар енгізілмеген.

2018 жылы облыстық ономастика комиссиясының қарауына 3 ұсыныс енгізілген:

  1. «Алакөл аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі Үшарал қазақ гимназиясы мектеп жасына дейінгі орталығы бар коммуналдық мемлекеттік мекемесіне – Жұмахан Балапановтың есімін беру туралы;
  2. «Алакөл аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына – Қожахмет Шуақовтың есімін беру туралы;
  3. «Алакөл аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар Талапкер орта мектебі» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне – Сәкен Иманасовтың есімін беру туралы.

Облыстық ономастика комиссиясының 2018 жылғы 26 наурыздағы шешіміміен Сәкен Иманасовқа қатысты ұсыныс қолдау тапқан, ал Ж. Балапанов пен Қ. Шуақовтың есімдерімен байланысты ұсыныстар кері қайтарылған.

Ономастика саласындағы аудан әкімдігінің жұмысын зерделеу барысы осы бағыттағы іс шаралар тек ауданға еңбегі сіңген азаматтарды ұлықтау мақсатында ғана жүргізілетінін көрсетті. Идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды қайта қарастыру, тарихи жер-су атауларын қайтару туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2017 жылғы 28 ақпандағы №17-288-5 тапсырмасын орындау бағытында жұмыстар белсенді жүргізілмейді.

Мысалы, Дегтярев, Иванченко, Матросов (Қабанбай ауылы) сынды идеологиялық тұрғыдан ескірген және «8-марта» (Үшарал қаласы) сияқты орысша аталған көшелердің атауы ұлттық дәстүрге жақын атаулармен алмастырылуға жатады.

Сонымен қатар «МТФ-3» ауылы (Үшарал қалалық округі) мен Қант зауыты орта мектебінің де атаулары өзгертілуге тиіс деп есептейміз.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 2-бабы бойынша, елдi мекен республика аумағының халық жинақы орналасқан, кемiнде 50 адамы бар, азаматтардың шаруашылық және басқа қоғамдық қызметi нәтижесiнде қалыптасқан, заңда белгiленген тәртiпте есепке алынған және тiркелген, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басқаратын бiр бөлiгi болып саналады.

Осы Заңның 3-бабына сәйкес елді мекендердің санаттарына – республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер және ауылдар жатқызылғандығы көрсетілген.

Заң бойынша бекет, станция, разъезд, ферма деген елді мекендердің нысаны қарастырылмаған. Сол себепті, егер елді мекен ауыл статусына сәйкес келген жағдайда олардың атауларын ауыл сөзімен ауыстыру қажет етіледі. Ал, егер халқының саны 50 адамнан кем болған жағдайда жеке елді мекен санатынан шығарылып, ең жақын тұрған ауылдың немесе қаланың құрамдас бөлігі ретінде енгізілуі тиіс (Бескөл ауылдық округінің 5-разъезд, 13-разъезд, Сайқан разъезі, Бескөл бекеті, Достық ауылдық округінде Жалаңашкөл, Көктұма бекеті деген елді мекендер, Үшарал қалалық округінде МТФ-3 фермасы).

Көрнекі ақпараттардың заңдылығын бақылау жұмысы.

Аудан әкімінің 2017 жылғы 2 наурыздағы №4-Ө өкімімен «Тіл және ономастика» жұмыс тобы құрылған. Өкімнің орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары А. Абдиновке жүктелген.

Осы өкіммен топтың жұмыс ережесі бекітілсін деп көрсетілген, алайда бекітілген ереженің өзін әкімдік мамандары көрсете алмады.

Өкім бойынша жұмыс тобының жетекшісі бекітілмеген, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарының ауысуына байланысты өзгерту енгізілмеген.

Жұмыс тобының 2018 жылға арналған жұмыс жоспарларына сәйкес тоқсан сайын «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының және «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы жөнінде мемлекеттік мекемелерге және басқа да салалардағы мекемелер мен кәсіпорындарға рейдтер жүргізу жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында зерделеумен Қайнар және Жайпақ ауылдық округ әкімдіктері қамтылған.

Аудан орталығындағы көше бойындағы шаруашылық субъектілеріне тиісті сауда, қызмет көрсету орындарындағы жарнамалар мәтіндері мен орналастыру тәртібі сын көтермейді.

Мысалы, көше бойында қойылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы билбордта «ХАЛЫҚА ҚЫЗМЕТ – БІЗДІҢ МІНДЕТ» деген қанатты сөздегі «халыққа» сөзіндегі бір «қ» әрпі жазылмай қалған. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қымет (дұрысы қызмет) істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің (дұрысы агенттігінің) Алматы облысы бойынша департаменті» сөйлемінде мекеменің аты екі бірдей өрескел қатемен берілген.

Ұлытау кешенінің маңдайша жазуындағы «комплекс», «детский мир», КМF микроқаржылық орталығындағы «Бизнесті және ауыл шаруашылығын дамытуға арналған кредиттер (несиелер), Қазақтелеком ғимаратындағы «Сервис (қызмет) орталығы» сөздері мемлекеттік тілге аударылмаған.

Аудандық кірістер басқармасының кіреберіс қабырғасында ілінген салық төлеушілерге арналған мәлімет баннері тек орыс тілінде жазылған.

Сауда, қызмет көрсету орындарының маңдайша жазулары мен жарнамаларында «Достык» (қ) сауда орталығы, Әйелдер киім (киімі) дүкені, Донер кауәп (кәуап) орталығы сынды қатемен жазылған көрнекі ақпараттар ілінген.

Зерделеу жүргізген облыстық

тілдерді дамыту жөніндегі  басқарма мамандары:

Ж. Өзекбаев, А. Сеңгірбаева

Алакөл ауданындағы тілдік ахуалды зерделеу бойынша анықтама
Дата публикации
04 мая 2018