Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан 2018 жылғы 5-7 маусым аралығында Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті атқарушы органдары мен оның құрамдас бөліктеріне «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) орындалу барысына зерделеу жүргізілді.
Зерделеумен аудан әкімі аппаратының құжаттамамен қамтамасыз ету және бақылау, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, жер қатынастары, дене шынықтыру және спорт, экономика және бюджеттік жоспарлау, сәулет және қалақұрылысы, білім бөлімдері, жұмыспен қамту орталығы, аудандық орталық аурухана, емхана, ХҚКО қамтылды.
Зерделеу барысында төмендегі жағдайларға мән берілді:
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарын бекіту туралы» Алматы облысы әкімдігінің №80 қаулысын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігінің (14.03.2017 ж. №127) қаулысы қабылданған, іс шаралар жоспары жасалған (3 тармақтан, 18 тармақшадан тұрады).
Ауданның жергілікті атқарушы органы мен оның құрамдас бөліктері бойынша 2017 жылы ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу көрсеткіші кіріс құжаттары бойынша – 92,58 %, шығыс құжаттары бойынша – 85 %, ішкі шығыс құжаттары бойынша – 85 % құраған.
2018 жылдың 1 тоқсаны бойынша ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу көрсеткіші кіріс құжаттары бойынша – 70,5 %, шығыс құжаттары бойынша – 85,49 %, ішкі шығыс құжаттары бойынша – 85,49 % құраған.
Мекемелердегі ортақ кемшіліктер:
Зерделеу қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының мемлекеттік мекемелеріндегі шығыс құжаттары туралы мәлімет (облыстық көрсеткішпен салыстырмалы түрде 99,3%):
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 100% мемлекеттік тілде хат алмасады.
Заңның 8-бабында «мемлекеттік тіл жұмыс және ісқағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Зерделеумен қамтылған мекемелерде шығыс құжаттарында тек орыс тілінде орындалған хаттар кездесті. Орындаушылар мұны уәкілетті және жоғары тұрған органдар тарапынан орыс тілінде сұрататынымен байланыстырады. Ішкі құжат айналымында да аталған кемшілік орын алған.
Атап айтқанда, аудандық жер қатынастары бөлімінің (бөлім басшысы К. Қыдырбаев) 26.02.2018 ж. №75-28-75/216, 28.02.2018 ж. №75-28-75/222 (аудандық сәулет және қалақұрылысы бөліміне), аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің (бөлім басшысы С. Молдақасымов) 26.02.2018 ж. №75-16-75/514, аудан әкімі аппаратына жазған есебі 04.04.2018 ж. №75-16-75/863 т.б. хаттар мемлекеттік мекемелерге тек орыс тілінде жөнелтілген.
Сондай-ақ, іс-құжаттарын дайындауда құжаттама жүргізу регламенті сақталмаған, грамматикалық, пунктуациялық, стилистикалық қателерге көптеп жол берілген. Құжаттардың сапалы орындалуына назар аудармау және орындаушылардан талап етілмеуі мемлекеттік тілдің мәртебесіне нұқсан келтірумен қатар, іс жүргізудің талаптары орындалмай отырғандығын көрсетеді.
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарын бекіту туралы» Алматы облысы әкімдігінің №80 қаулысын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігінің (14.03.2017 ж. №127) қаулысы қабылданып, іс шаралар жоспары жасалғанымен әр тармақтың орындалуы қамтамасыз етілмеген, қадағаланбаған.
9, 10 тармақшасына (9 т. «Мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың үлесі». 10 т. «Мемлекеттік тілдің беделін арттыру мен қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілге сұранысты арттыру мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өткізілген шаралар») сәйкес қаржы қарастырылмаған, іс шаралар ұйымдастырылмаған.
Зерделенген мекемелерде Бағдарламаның орындалуы жөніндегі іс шаралар жоспары формальды түрде тек қағаз жүзінде құрылғандығын, іс шаралар атқарылмағандығын көрсетті.
Ауданда білім саласын үйлестіретін басты мекеме болып табылатын білім бөлімінің Бағдарламаның орындалуы бойынша жинақ папкасындағы материалдар сапасы сын көтермейді, (жарты бет, бір бет) мектеп мұғалімдерінің аты-жөні жазылған бас, аяғы жоқ, қандай шарада (уақыты көрсетілмеген) оқылғаны беймәлім рефераттар жинақтаумен шектелген.
Аудандағы ономастикалық ахуал.
Аудан әкімінің 2017 жылғы 03 ақпандағы №04-ө өкімімен аудан әкімінің орынбасары А.Бидаевтың төрағалығымен мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат, білім сәулет және қалақұрылысы бөлімдері, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы өкілдерінен тұратын Тіл және ономастика жөніндегі жұмысшы тобы құрылған.
Жұмыс тобының Ережесі бойынша жылына топтың кемінде 4 отырысы өткізілуі, оның перспективалық және ағымдық жұмыс жоспарлары жасау тиіс болатын. Топтың негізгі міндеттеріне – аудан аумағындағы мемлекеттік мекемелерде тіл және ономастика туралы заңнамалардың орындалуына бақылау жасау, көрнекі ақпарат құралдары мен маңдайша жазулардың заң нормаларына сәйкестігіне зерделеу жүргізу, рейдтер ұйымдастыру, ономастика мәселелері бойынша облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныстар енгізу жатқызылған.
2017 жылы жылы ономастика комиссиясының қарауына ұсынылған құжаттар бойынша Еңбекшіқазақ ауданының елді мекендеріндегі көшелерге атау беру туралы газетке хабарландыру тек қана қазақ тілінде берілген. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабының талабы бойынша хабарландырулар мемлекеттік және орыс тілдерінде берілуі қажет екендігі ескерілмеген. Орыс тілді қазақтарды қоспағанның өзінде, Еңбекшіқазақ ауданы халқының көпшілігі этнос өкілдері екендігін ескерсек, жергілікті халықтың пікірін ескеру туралы заңның басты талабының бұзылғандығын көруге болады.
Еңбекшіқазақ ауданының Қаратұрық ауылдық округі тұрғындарының 2014 жылғы 11 маусымдағы қоғамдастық жиынында (№32 хаттама) 64 адам қоғамдастық жиналыстарының тұрақты мүшелері болып сайланған.
Ал, Мелиоратор ауылының атауын өзгерту мәселесі бойынша 2017 жылдың 18 қазанында өткізілген жергілікті қоғамдастық жиналысына 64 қоғамдастық мүшесінің тек 10-ы ғана қатысқан.
Бұл мән-жайлар аудандық жергілікті атқарушы органдар тарапынан ономастикалық атаулар беру кезінде халықтың пікірін толық ескермейтінін, заң бұзушылыққа жол берілетінін көрсетеді.
Елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру кезінде келесідей заңсыздықтар анықталды:
Бәйдібек би ауылында – Ақбуюмовтар, Жүнісбай Қайыпов ауылында –
Дарханбаевтар көшесі деп көшелердің атауларын бүкіл бір әулеттің атымен атауға жол берілген. Бұндай тәжірибе Қазақстан Республикасының заңнамаларында көрсетілмеген және заңсыз болып табылады.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-5 бабына сәйкес ономастика жұмысының негізгі критерийлерінің бірі болып – бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру қарастырылған.
Алайда, зерделеу барысында бір елді мекеннің құрамдас бөліктерінде бір атауды бірнеше мәрте беру фактілеріне жол берілгені анықталды.
Мысалы, Есік қаласында Хангелді батыр, 8 март, Алматинская, Байкалская, Волжский, А. Гайдар, Западный, Набережный, Одесская, Первомайский, А. Иманов, А. Малкеев, А. Құнанбаев көшелерімен қоса осы атаулармен аталатын шағын көшелер, қалтарыстар орналасқан.
Шелек ауылында да Әжібай батыр көшесі, Әжібай батыр бұрылысы, А. Құнанбаев көшесі, А. Құнанбаев бұрылысы, Қ. Егізбаев көшесі, Қ. Егізбаев бұрылысы бар.
Ж. Қайыпов ауылында екі көшеге Ақтұма-1, Ақтұма-2 деген атаулар берілген.
Көше аншлагтарының жазылу, орналасу тәртібін зерделеу барысында көптеген үйлердің қабырғаларында аншлагтардың ілінбегені, болған жағдайда да олардың тозығы жетіп, ескіргендігі анықталды.
Көптеген көшелердің аттары кісінің толық аты-жөнін қамтымайды, аншлагтарда тек қана тұлғаның аты немесе тегі ғана берілген. Мысалы Бәйдібек би ауылында Васильев, Олжаболатов, Казатком ауылында Ошақбай, Ержұмаев көшелері бар. Ол адамдардың кім екені шет жақтан келген кісіге түсініксіз, тіпті кейінгі жастар тұлғаның кім екендігін де білмейді.
Көрнекі ақпараттардың заңнама талаптарына сәйкестігі.
Шелек ауылдық халыққа қызмет көрсету орталығында хабарландырулар, мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары тек қана орыс тілінде орналастырылған.
Алматы-Нарынқол автожолының бойында орналасқан сауда және халыққа қызмет көрсету орындарының жарнамаларының көпшілігі тек қана орыс тілінде жазылған. Мысалы, Ават ауылындағы «Рауза» дәмханасының жанындағы құрылыс дүкенінінің «100 мелочей» дүңгіршегінің атауы, тауар түрлері мен жарнамалары тек қана орыс тілде көрсетілген. Латын әріптерімен жазылған «Qyrilis zattari» сөзі төрт бірдей өрескел қатемен берілген, дұрысы «Qurylуs zattary» болуы керек.
Көрнекі ақпараттарды орналастыру тәртібін бұзу фактілеріне жол берілген. Мемлекеттік мекемелердің маңдайша жазулары екі тілде болуы керек деген заң талаптары сақталынбаған. Х. Бижанов ауылдық дәрігерлік емханасының атауы орыс тілінде ілінбеген. Есік қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары арнайы файлдарға салынып ілінген. Бұл жерде стандарттардың мемлекеттік тілдегі мәтіні орыс тілдегі мәтіннің астына салынған, халыққа қолжетімді емес.
Көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілдегі мәтінін грамматикалық қателермен жазу деректері де анықталды.
Осыған ұқсас кемшіліктер зерделеуге тартылған Шелек, Бартоғай, Қаратұрық, Түрген ауылдық округтері мен Есік қалалық округі әкімдіктері аумағында да көптеп анықталды. Әсіресе халыққа қызмет көрсету орталықтары мен ауруханалар, емханалардағы мемлекеттік тілдің жағдайы сын көтермейді.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысын зерделеу қорытындысы.
Бөлім қызметі оның жалпы жылдық жоспары мен ономастика мәселелері бойынша жеке жоспардың негізінде жүзеген асырылады.
2017 жылғы бөлім жоспарының ономастика тармағы бойынша әр тоқсанда:
- ономастика мәселелері бойынша отырыс өткізу;
- БАҚ-на мақалалар беру;
- облыстық ономастика комиссиясына ұсынылатын құжаттарды әзірлеу;
- атау беру туралы ұсыныстарды қарау;
- екі-үш ауылдық округ әкімдерінің ономастика саласы бойынша есептерін тыңдау жоспарланған.
2018 жылдың жоспары мен ономастика мәселесі бойынша жеке жұмыс жоспары да дәл осындай мәтінде құрылған.
Жоспарланған шаралардың ішіндегі облыстық ономастика комиссиясына ұсынылатын құжаттарды әзірлеу; атау беру туралы ұсыныстарды қарау бөлімінің күнделікті атқарылуға жататын міндеттері болып табылады және сол себепті оны жоспарлау негізсіз.
Округтарды аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізу, қоғамдастық жиналыстарына қатысып, жұмыстарын тексеру, халыққа дәйекті түсіндіру жұмыстарын өткізу, ауыстырылуға жататын объектілерді кезең-кезеңімен жоспарлы түрде талапқа сәйкестендіруге бағытталған нақты шаралар ұйымдастыру мәселелері жоспарланбаған. Аудандық көрсеткіштен төмен көрсеткіш көрсетіп отырған округ әкімдерін, жауапты мамандарын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселелер көтерілмейді.
Әр отырыста бірнеше әкімдіктердің есебі тыңдалып, тапсырмалар беріліп отырады.
Алайда, БАҚ-да жарияланған ономастика мәселелері туралы мақалалар зерделеуге ұсынылмады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы 47 ұсыныс облыстық ономастика комиссиясында қаралды және қазіргі таңда 163 көшенің атауын өзгерту туралы ұсыныстар дайындалған. Округ әкімдеріне қалған объектілермен жұмыс жүргізу туралы сәйкесінше хаттар жолданып, тапсырмалар берілген.
Зерделеу нәтижесі бойынша ауданда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейту және жұмыстарды жетілдіру үшін төмендегі ұсыныстар беріледі:
1. Аудан бойынша барлық деңгейдегі басшылар тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру (қызметшілердің жауапкершілігін арттыру, ынталандыру және т.б.), қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды қатаң басшылыққа алу;
2. Аудан бойынша ішкі-сыртқы хат алмасуларды (ЖТ, ЗТ хаттарды қоспағанда) қосымшаларымен бірге міндетті түрде мемлекеттік тілде жүргізу (қажет болған жағдайда орыс тілінде қоса әзірлеу);
3. Аудан әкімінің аппараты Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен (басқа да тиісті басқармалармен) бірлесіп мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейту, ісқағаздарын сауатты және сапалы орындау, құжат айналымын біріздендіру мақсатында жүйелі түрде семинар кеңестер, көшпелі семинарлар өткізуді жолға қою.
4. Ауылдық, қалалық, кенттік округтердің әкімдері өз әкімшілік аумақтарындағы елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерінің атауларын ретке келтіру, заңсыз атауларды заңдастыру;
5. Зерделеу қорытындысын облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысының қарауына енгізу.
|
Зерделеу жүргізгендер: |
|
Т. Рахымберлина, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Бас мамандар: Ж. Өзекбаев Ұ. Боранбайұлы |