Справка по изучению языковой ситуации в Талгарском районе

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан 2018 жылғы 8-9 маусым аралығында Талғар ауданының жергілікті атқарушы органдары мен оның құрамдас бөліктеріне «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы  Заңының (бұдан әрі – Заң),  Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама)  орындалу барысына зерделеу жүргізілді.

Зерделеумен аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімі, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, дене шынықтыру және спорт, экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, білім, құрылыс бөлімдері, Талғар қаласы әкімінің аппараты, Алатау, Кеңдала, Белбұлақ ауылдық округі әкімінің аппараты, жұмыспен қамту орталығы, аудандық орталық аурухана, емхана, ХҚКО қамтылды.

Зерделеу барысында төмендегі жағдайларға мән берілді:

  • Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, аудан әкімінің Тілдерді дамыту мен қолданудың өңірлік іс шаралар жоспарына сәйкес мекеменің 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарының жасалу жолдары, ауқымдылығы;
  • мекемеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының басшылық тарапынан бақылануы;
  • «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 8, 9, 10-баптарының орындалуы;
  • мекемелердегі көрнекіліктердің (маңдайша жазу, мөр, мөртаңбалардың) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы»ҚР Заңының 19, 21-бабына, эстетикалық талаптарға сәйкестігі;
  • мекеменің негізгі қызметі жөніндегі іс құжаттарының жазылу сапасы, тілі, сауаттылығы.

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарын бекіту туралы» Алматы облысы әкімдігінің №80 қаулысын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігінің (13.03.2017 ж. №03-130) қаулысы қабылданған, іс шаралар жоспары жасалған (3 тармақтан, 31 тармақшадан тұрады).

Зерделенген мекемелерде Бағдарламаның орындалуы жөніндегі іс шаралар жоспары жасалып, біршама жұмыстар атқарылған.

9, 10 тармақшасына (9 т. «Мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың үлесі». 10 т. «Мемлекеттік тілдің беделін арттыру мен қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілге сұранысты арттыру мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өткізілген шаралар») сәйкес қаржы қарастырылған, лот тақырыбы «Ауданда Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған шаралар».

 Ауданның жергілікті атқарушы органы мен оның құрамдас бөліктері бойынша 2017 жылы ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу көрсеткіші 99% құраса, 2018 жылдың 1 тоқсаны бойынша ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу көрсеткіші 97% құраған.

Мекемелердегі ортақ кемшіліктер:

Зерделеу қорытындысы бойынша Талғар ауданының мемлекеттік мекемелеріндегі шығыс құжаттары туралы мәлімет (облыстық көрсеткішпен салыстырмалы түрде 99,3%):

  • Жалпы бөлім 99,4%;
  • Қаржы бөлімі 100%;
  • Ішкі саясат бөлімі 98% (-1,3);
  • Дене шынықтыру және спорт бөлімі 100%;
  • Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі 96%  (-3,3);
  • Білім бөлімі 80% (-19,3);
  • Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 96% (-3,3);
  • Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 91% (-8,3);
  • Құрылыс бөлімі 84% (-15,3);
  • Талғар қаласы әкімінің аппараты 80,2% (-19,1);
  • Алатау ауылдық округі әкімінің аппараты 100%;
  • Белбұлақ  ауылдық округі әкімінің аппараты 90% (-9,3);
  • Кеңдала ауылдық округі әкімінің аппараты 85,3% (-14);

Заңның 8-бабында «мемлекеттік тіл жұмыс және ісқағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Зерделеумен қамтылған мекемелерде шығыс құжаттарында тек орыс тілінде орындалған хаттар кездесті. Орындаушылар мұны уәкілетті және жоғары тұрған органдар тарапынан орыс тілінде сұрататынымен байланыстырады. Ішкі құжат айналымында да аталған кемшілік орын алған.

Атап айтқанда, аудандық құрылыс бөлімінің (бөлім басшысы А.Шамаев) 10.05.2018 ж. №01-21/598, 10.05.2018 ж. №01-21/599, 10.05.2018 ж. №01-21/501, 18.05.2018 ж. №01-21/616 (экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне), 18.05.2018 ж. №01-21/619 (жер қатынастары бөліміне), 06.06.2018ж, №01-21/633, №01-21/638 (аудандық қазынашылық басқармасына), экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің (бөлім басшысы А. Кисебаева)  10.04.2018 ж. №09-76 (Гүлдала ауылдық округі әкіміне), 02.04.2018 ж. №09-69, №09-73 (облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына), Алатау ауылдық округі әкімінің (К. Смагулов) 19.04.2018 ж. №202 (аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру бөліміне), 05.06.2018 ж. №290 (аудан әкімі аппаратының басшысына), 06.06.2018 ж. №294 (аудандық әділет басқармасына), Белбұлақ ауылдық округі әкімінің (А. Қасымбаев) 09.02.2018 ж. №181 (аудан әкімі аппаратының басшысына), Кеңдала ауылдық округі әкімінің  (К.Абдыханов) 16.02.2018 ж. №135 (жер қатынастары бөліміне) т.б. хаттар мемлекеттік мекемелерге тек орыс тілінде жөнелтілген.

Сондай-ақ, іс-құжаттарын дайындауда құжаттама жүргізу регламенті сақталмаған, грамматикалық, пунктуациялық, стилистикалық қателерге көптеп жол берілген. Құжаттардың сапалы орындалуына назар аудармау және орындаушылардан талап етілмеуі мемлекеттік тілдің мәртебесіне нұқсан келтірумен қатар, іс жүргізудің талаптары орындалмай отырғандығын көрсетеді.

Аудандық білім бөлімінде Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі іс шаралар жоспары жасалмаған, тек 2015, 2016, жылдардың қашан, қай уақытта бекітілгені белгісіз жоспарлар, грамматикалық, стилистикалық қатеге толы ақпараттар, сауатсыз жазылған баяндамалар жинақталған, атқарылған шаралар жүйесіз болғандықтан талдау жасау мүмкін болмады.

Аудан бойынша жалпы ономастика жұмысының ахуалы.

Аудан аумағында барлығы 10 ауылдық округ пен Талғар қалалық әкімдігі орналасқан. Округтерде 46 елді мекен және 1503 көше тіркелген.

Ономастикалық атаулар беру бойынша 2017 жылы облыстық ономастика комиссиясының қарауына Бесағаш ауылдық округіне қарасты 11 көшеге атау беру, қайта атау туралы ұсыныс енгізіліп, қанағаттандырылған.

2018 жылы 141 ұсыныс беріліп, барлығы мақұлданды.

Атап айтқанда:

- Белбұлақ ауылдық округіне қарасы 6 көшеге атау беру, қайта атау туралы;

- Қайнар ауылдық округіне қарасы 17 көшеге атау беру, қайта атау туралы;

- Бесқайнар ауылдық округіне қарасы 11  көшеге атау беру, қайта атау туралы;

- Кендала ауылдық округіне қарасы 52 көшеге атау беру, қайта атау туралы;

- Тұздыбастау ауылдық округіне қарасы 21 көшеге атау беру, қайта атау туралы;

- Талғар қаласына қарасы 39 көшеге атау беру, қайта атау туралы.

Бұл жерде ұсынылып отырған көшелердің атаулары көбіне ұлттық танымға сәйкес атаулар мен жер-су атауларынан тұратынын айта кету керек. Республикалық ономастика комиссиясымен бекітілген «Тарихи тұлғалар» тізіміне қосылған тұлғаның атымен атау туралы ұсыныстар аз қамтылған.

Ауылдық округтердің атаулары тарихи-дәстүрлі атауларға сәйкес келеді, қайта атау қажет етілмейді. Ал, елді мекендер бойынша Панфилов ауылдық округіне қарасты Каменьское плато және Қызыл ту ауылдарының атауларын заман талабына қарай сәйкестендіру қажет.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі берген мәлімет бойынша тіркелген 1503 көшенің 66-сы, яғни 4,3 % идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар. Алайда, құрамдас бөліктердің жалпы тізіміне жасалған зерделеу барысында өзгертілуге жататын көшелердің саны одан едәуір көп екені анықталды.

Атап айтқанда, тізімде Талғар қаласына қарасты 282 көшенің 22-сі өзгертілуге жатады деп көрсетілген. Бірақ бұл тізімге Луговая, Алатауская, Алтайская, Байкалская, Илийская, Иссыкская, Казахская, Талгарская, Ташкентская, Яблочкова көшелері мен Брянский, Балхашский, Ашхабадский, Спутник, Курганный, Дружбы, Армянский, Киргизский, Солнечный, Донской, Фабричный, Байкалский, Бахинский, Пионерский, Горный, Цветочный бұрылыстары сияқты орысша аталатын құрамдас бөліктер енгізілмеген (барлығы - 26).

 «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының  25-5 бабына сәйкес ономастика жұмысының негізгі критерийлерінің бірі – бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру болып табылады.

Алайда, зерделеу барысында бір елді мекеннің құрамдас бөліктерінде бір атауды бірнеше мәрте беру фактілеріне жол берілгені анықталды. Мысалы, Талғар қаласында Байкалская, Балхашская көшелерімен қоса осы атаулармен аталатын қалтарыстар орналасқан.

Ауданның әкімшілік-аумақтық бірліктері бойынша Бесқайнар, Кеңдала, Тұздыбастау ауылдық округтары ономастика жұмыстарын белсенді жүргізіп, көшелерді 100 пайызға талапқа сай сәйкестендірген. Ал, Қайнар – 1,5%, Нұра - 2,6%, Белбұлақ – 3,8%, Бесағаш - 6,9%, Гүлдала - 8%, Алатау – 10,7%, Панфилов – 17,7%, Талғар – 24,5% көшелерінің атаулары әлі де болса алмастырылуға жатады.

Білім мәдениет ұйымдары бойынша.

Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сәйкес аумақта мемлекет меншігіне қарасты 43 орта білім беретін, 6 кәсіптік техникалық оқу орны,  4 спорт мектебі, 3 спорт кешені тіркелген. Мәдениет үйлерінің саны – 4.

43 орта мектептің 8-і адам атымен аталады, басқасы әкімшілік аумақтық бірліктің атауымен аталатын нөмірлі мектептер.

Ономастикалық атаулар беру бойынша 2018 жылы облыстық ономастика комиссиясының қарауына Белбұлақ ауылдық округіне қарасы Бірлік ауылындағы Мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар №35 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясы мемлекеттік коммуналдық мекемесін Бауыржан Момышұлы есімін беру туралы ұсыныс енгізіліп, қолдау тапты.

Объектілер бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген, өзгертілуге жататын нысандар жоқ.

Ономастика жұмысын ұйымдастыру жағдайы.

Аудан әкімінің 2017 жылғы 09 қаңтардағы №01-04-өк өкімімен аудан әкімінің орынбасары Д. Қыдырбекұлының төрағалығымен мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат, білім, сәулет және қалақұрылысы бөлімдері, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық «Талғар» газеті, «Ауыл әйелдері» қоғамдық бірлестігі өкілдерінен тұратын аудан бойынша Ономастикалық ахуалды ретке келтіру жөніндегі жұмыс тобы құрылған.

Жұмыс тобының 2017 жылға арналған жоспары бойынша атау беру туралы ұсыныстарды облыстық ономастика комиссиясының отырысына дайындау және ауылдық округ әкімдерінің осы саладағы атқарған жұмыстарының есебін тыңдау жоспарланған.

2018 жылдың 5 ақпанында дәл осындай №02-24-өк өкім шығарылып, жұмыс тобының ережесі бекітілген. Топтың негізгі міндеттеріне – аудан аумағында тіл және ономастика туралы заңнамалардың орындалуына бақылау жасау, ономастикалық ұсыныстар енгізу, тарихи топонимдерді қалпына келтіру, көрнекі ақпарат құралдары мен маңдайша жазулардың заң нормаларына сәйкестігіне бақылау жасау, кәсіпкерлерге көмек көрсету жатқызылған.

Ереже бойынша жылына кемінде 4 отырыс өткізу, оның перспективалық және ағымдық жұмыс жоспарларын дайындау тиіс болатын. Алайда, ономастика бағытында жергілікті атқарушы органдар тарапынан ағымдағы жылы атқарылып жатқан шараларға қарамастан, жұмыс тобының еңбегі тиісінше рәсімделмеген. Нәтижесінде орындалған жұмыстар көрініс таппайды.

Мысалы, топтың отырыстарының хаттамалары толтырылмайды, жүргізілген зерделеулер мен заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар бойынша ақпараттық анықтамалар жасалмайды, іс құжаттары арнайы жинақталмайды.

Аталған кемшілік болашақта түзетілуі тиіс және топ төрағасы тарапынан бақылауды күшейту ұсынылады.

Көше аншлагтарының жазылу, орналасу тәртібін зерделеу барысында көптеген үйлердің қабырғаларына аншлагтардың ілінбегені, болған жағдайда да олардың тозығы жетіп, ескіргендігі анықталды. 

Көшелерге кісі атын беру ол адамдарды ұлықтау, есімдерін мәңгі есте қалдыру, құрметтеу мақсатында қойылады. Елді мекеннің құрамдас бөліктеріне атау беру кезінде көше аншлагтарында тұлғаның аты-жөнін, тегін толықтай жазған жөн болар еді. Көптеген көшелердің аттары кісінің толық аты-жөнін қамтымайды, аншлагтарда тек қана тұлғаның аты немесе тегі ғана берілген.

Кім екендігі беймәлім, ресми құжаты сақталмаған кісі есімдерімен аталатын көшелер бар. Мәселен, Талғар қаласындағы Левитан көшесі бойынша Юрий Борисович Левитан  (КСРО халық әртісі, Бүкілодақтық телерадио дикторы) немесе Исаак Ильич Левитан (орыс суретшісі, пейзажист) екеуінің қайсысын ұлықтап жатқанымызды білмейміз.

Сол сияқты Талғар қаласындағы Азизбеков, Атибеев, Бедренко, Бестужев, Брюллова, Вавилова, Громов, Дунаевский, Джалил, Жуковский, Заслонов, Леонов, Лобачев, Мечников, Малькеев, Нариманов, Рудаки, Суриков, Сырғабеков, Челюскин, Седов (барлығы - 22), Белбұлақ ауылында Комаров, Талдыбұлақ ауылында Ладушкин, Нұра ауылында Гольчевский, Бекқұл, Бейсентай  есімді тұлғалардың кім екендігін анықтайтын ресми құжаттары табылуы тиіс және ол кісілердің Қазақстан мен әлемдік қауымдастық алдындағы сіңірген еңбегіне қарай идеологиялық тұрғыдан көшелердің атауларын қайта өзгерту мәселесін көтеру ұсынылады.

Атаулары қазақша көшелердің аншлагтарын орыс тілінде жазу, транскрипциясын сақтамау және қате жазу фактілеріне жол берілген.

Мысалы, Кеңдала ауылында көше аншлагтарында улица М. Макатаева  (1-қосымша), Талғар қаласындағы Д.Қонаев көшесінің атауы орыс тілінде улица Кунаева, Қаратұрық ауылындағы Розыбакиев көшесі «Розбакиев» деп көрсетілген (2-қосымша).

Көрнекі ақпараттардың заңнама талаптарына сәйкестігі.

Талғар қаласы әкімінің аппараты ғимаратындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тақтасындағы мәліметтер тек қана орыс тілінде ілінген (3-қосымша).

«Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтер» тақтасында «Халықты әлеуметтік саласындағы мемлекеттік қызметтер» деп жазылып, «қорғау» сөзі жазылмай қалған (4-қосымша).

Талғар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі орналасқан ғимараттың маңдайша жазуында мекеме атауы сол жағында орысша, оң жағында мемлекеттік тілде ілінген, ақпарат тақтасындағы заң мәтіні тек орысша берілген (5-қосымша).

Талғар қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығындағы мекеменің атауы сол жағында орысша, оң жағында мемлекеттік тілде ілінген, мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары, көрнекі ақпараттар көбінесе тек қана орыс тілінде орналастырылған (6,7,8,9-қосымшалар). 

Аудандық орталық ауруханада көрнекі ақпараттардың тек орыс тілінде берілу фактілері көптеп кездеседі (10,11-қосымшалар).

Кеңдала ауылдық округіндегі ауылдық емхананың маңдайша жазуындағы «министрлігі» сөзі «министірлігі» деп қатемен жазылған, көрнекі ақпараттар мәтіні мемлекеттік тілде берілмеген (12,13,14,15-қосымшалар).

Алатау ауылдық округі әкімінің ғимаратында жұмыс күні тәртібі тақтайшасында «Әкім апаратының мамандарының жұмыс уақыты» сөз тіркестерінде «аппараты» сөзінде бір «п» әріпі жазылмаған және сөйлемнің мағынасы бойынша «Әкім аппараты мамандарының жұмыс уақыты» деп жазылғаны дұрыс болар еді (16-қосымша).  «Салық төлеушілер есіне» тақтасының атауы «Салық төлеушілердің есіне», ал «Награда бұрышы» тақтасының атауы «Марапат тақтасы» деп жазылғаны жөн (17-қосымша).

Қызыл Қайрат ауылдық емханасы жайлы ақпарат тақтада ауыл атауы «Қызыл - Қайрат» (сызықшамен), «ауылдық емхананың (емханасының) өмір (өмірі), күнделікті жұмыс ку(ү)ндеріміз, демалыс ку(ү)ндеріміз деген сияқты көптеген грамматикалық, мағыналық қателер орын алған (18-қосымша).

Белбұлақ ауылдық округінде «Алим комплексы» атауы «Әлім кешені» болып жазылуы тиіс. «Комплексы» сөзіндегі «ы» әрпі қате (19-қосымша), Көрнекі ақпараттарды тек ресми түрде жазу фактілері Қызыл қайрат ауылында да орын алған (20-қосымша).

Тек қана орыс тілінде жазылған ғимараттардың маңдайша жазуларды, жарнамаларды, көрнекі ақпараттарды, ас мәзірлерін әр көшеден табуға болады. Аудан орталығындағы көше бойындағы шаруашылық субъектілеріне тиісті сауда, қызмет көрсету орындарындағы жарнамалар мәтіндері мен орналастыру тәртібі де сын көтермейді (23-26 қосымшалар).

Аталған кемшіліктер жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрнекі ақпараттар бойынша зерделеу, түсіндіру жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмейтінін білдірсе керек.

Талғар қаласындағы «Халық банк» филиалының ғимаратында жүргізілген зерделеуде бірде-бір заң бұзушылық анықталмағанын айта кеткен жөн. Барлық көрнекі ақпарат мемлекеттік және орыс тілінде беріліп, сәйкесінше орналастырылған. Бұл жоғарыда аталып кеткен мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілері басшыларының жалпыға ортақ заң талаптарын құрметтемеушілігінің, жауапкершілігінің жоқтығының жарқын көрінісі.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысын зерделеу қорытындысы.

Бөлім қызметі оның жалпы жылдық жоспары негізінде жүзеген асырылады.

2017 жылғы бөлім жоспары - 91, ал 2018 жылда - 90 тармақтан тұрады. Жоспарланған шаралардың көбі мәдениет саласына қатысты. Ономастика саласы бойынша бөлімге келіп түскен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын қарау деген 1-ғана тармақ енгізілген. Оның өзі бөлімнің қызметтік міндетіне жататын жұмыс ретінде жоспарсыз-ақ жүзеге асырылуы тиіс шара.

Көрнекі ақпарат бойынша «Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясы мен әр тоқсан сайын  қала, округ әкімдіктерінде зерделеу жүргізу жоспарланған. Алайда, атқарылған шаралар мен қол жеткізген нәтижелерге қарамастан олардың құжаттары тиісті түрде рәсімделмейді, зерделеу қорытындысы туралы анықтамалар толтырылмаған, құжаттары жинақталмаған, зерделеу нәтижесі бойынша қолданылған шаралар туралы мәліметтер жасалмаған.

Округтарды аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізу, қоғамдастық жиналыстарына қатысып, жұмыстарын тексеру, халыққа дәйекті түсіндіру жұмыстарын өткізу, ауыстырылуға жататын объектілерді кезең-кезеңімен жоспарлы түрде талапқа сәйкестендіруге бағытталған нақты шаралар ұйымдастыру мәселелері жоспарланбаған. Аудандық көрсеткіштен төмен көрсеткіш көрсетіп отырған және көрнекі ақпараттар бойынша заң бұзушылыққа жол берген округ әкімдерін, жауапты мамандарын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселелер көтерілмейді.

Сол себепті, осы анықтамада көрсетілген кемшіліктер мен заң бұзушылықтарды жою және болашақта оларға жол бермеу мақсатында, зерделеу қорытындысы бойынша нақты іс шаралар жоспары құрылып, жүзеге асырылуы тиіс. 

Зерделеу нәтижесі бойынша ауданда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейту және жұмыстарды жетілдіру үшін төмендегі ұсыныстар беріледі:

1. Аудан бойынша барлық деңгейдегі басшылар тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру (қызметшілердің жауапкершілігін арттыру, ынталандыру және т.б.), қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды қатаң басшылыққа алу;

2. Аудан бойынша ішкі-сыртқы хат алмасуларды (ЖТ, ЗТ хаттарды қоспағанда) қосымшаларымен бірге міндетті түрде мемлекеттік тілде жүргізуді қамтамасыз ету (қажет болған жағдайда орыс тілінде қоса әзірлеу);

3. Идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен олардың  құрамдас бөліктерінің атауларын өзгерту, соның ішінде тұрғылықты халық арасында дәйекті түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қолға алынсын;

4. Құрамдас бөліктерге атау беру туралы нормативтік шешімдері жоқ көшелердің тиісті құжаттары толықтырылып, ұлықталған тұлғалардың жеке басы анықталсын;

5. Атауы өзгертілуге жататын елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктері туралы тізім ономастика жұмысшы тобымен қайта қаралып, нақтылансын;

6. Бір елді мекендегі атаулары қайталанатын құрамдас бөліктердің нақты тізімі жасалып, заң талабына сәйкестендіруге бағытталған шаралар атқарылсын;

7. Республикалық ономастика комиссиясымен бекітілген «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдеріне сәйкес ономастикалық атаулар беру жұмысы жандандырылсын;

8. Аудан бойынша ономастикалық ахуалды ретке келтіру жөніндегі жұмыс тобы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ономастика бағытындағы жұмысын жоспарлы түрде жүргізу жолға қойылсын, отырыс хаттамалары жасалып, олардың орындалғаны жөніндегі құжаттар рәсімделсін және жинақталсын;

9. Көше атауларын біріздендіру, дұрыс ресімдеу, аншлагтарын жаңарту жұмыстары қолға алынсын;

10. Халыққа қызмет көрсету орындарына (ХҚКО, медициналық мекемелер, дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер) әдістемелік көмек көрсете отырып, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерін реттеу жұмыстары жүргізілсін;

11. Көрнекі ақпараттар туралы заң талабын орындамаған мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлерін тиісті тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қолға алынсын;

12. Көрнекі ақпараттар туралы қолданыстағы заңнама талаптарын бұзған шаруашылық субъектілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу күшейтілсін, талапқа бағынбаған кәсіпкерлерге қатысты мәжбүрлеу шараларын жүргізу үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданылсын.

Дата публикации
02 июля 2018