Ақсу ауданындағы тілдік ахуалды зерделеу бойынша анықтама

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан 2018 жылғы 13 шілде күні жүргізілген зерделеумен аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімі, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, білім, қаржы, құрылыс бөлімдері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы қамтылды.

          Зерделеу барысында төмендегі жағдайларға мән берілді:

  • Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, аудан әкімінің Тілдерді дамыту мен қолданудың өңірлік іс шаралар жоспарына сәйкес мекеменің 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарының жасалу жолдары, ауқымдылығы;
  • мекемеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының басшылық тарапынан бақылануы;
  • мекемелердегі көрнекі ақпараттардың (маңдайша жазу, мөр, мөртаңбалардың) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 19, 21-бабына, эстетикалық талаптарға сәйкестігі;
  • мекеменің негізгі қызметі жөніндегі іс-құжаттарының жазылу сапасы, тілі, сауаттылығы.

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарын бекіту туралы» Алматы облысы әкімдігінің №80 қаулысын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімінің ( 17.03.2017 ж. №80) қаулысы қабылданған. Бөлімнің іс шаралар жоспарына сәйкес тілді насихаттайтын облыстық байқаулар аудан көлемінде өткізіліп тұрады. Өткені туралы мәлімет аудандық «Ақсу өңірі» газетіне және әлеуметтік желіге жарияланады. 2018 жылғы 26 ақпанда аудан әкімдігінің мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңы талаптарының орындалу барысы туралы мәселе қаралған. Алайда, қаулының 2,4-тармақтарында ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшыларына іс шаралар жоспарын бекіту және жылына екі рет ақпарат беру тапсырылғанмен, зерделеумен қамтылған мекемелердегі іс шаралар жоспары бағдарламаның үшінші кезеңіне сәйкес келмейді. Тіпті жалпы бөлімде бүгінгі күнге дейін жұмыс жоспары бекітілмеген. 4,5 тармақтан тұратын іс шаралар жоспарының мәтіні сөзбе сөз еш өзгеріссіз бір бірінен көшіріп алған. Ұсынылған ақпараттарда бағдарламаның тармақтарына сәйкес нысаналы индикаторлар мен нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізуге байланысты тиісті талдау жүргізілмейтіндігі анықталды.

Заңның 8-бабында «мемлекеттік тіл жұмыс және ісқағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Аладйа, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясында есептер, шығыс хаттар орыс тілінде жүргізіледі. Орындаушылар мұны уәкілетті және жоғары тұрған органдар тарапынан орыс тілінде сұрататынымен байланыстырады.

Атап айтқанда, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясында медиа-жоспарға байланысты есебі, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша статистикалық есеп, 11.07.2018 ж. № 22-23/249 (энергетика және ТКШ басқармасының басшысына) хаты, ішкі саясат бөлімінде Жолдауды түсіндіруге байланысты апта сайын берілетін ақпарат орыс тілінде орындалған.

Тоқсан сайын тілдік жағдайды зерделеу мақсатында аудандық бөлімдер және ауылдық округтердің кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жасалып отырады. Облыстық тіл басқармасына берілген ақпаратқа сүйенсек, ауданда мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 100 пайызды құрады. Алайда, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жергілікті жердегі мемлекеттік органдардың ұсынылған ақпараттарында  ветеринария бөлімінде 98,4%, құрылыс бөлімінде 93,4%, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде 93,7%, қаржы бөлімінде 75%, жалпы бөлімде 82%, Қарасу ауылдық округінде 97,4% құраған.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маңдайша жазуында сектор меңгерушісі сөзіндегі у әрпі түсіп, меңгершісі болып тұр.

Зерделеу нәтижесі бойынша ауданда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейту және жұмыстарды жетілдіру үшін төмендегі ұсыныстар беріледі:

1. Аудан бойынша барлық деңгейдегі басшылар тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру (қызметшілердің жауапкершілігін арттыру, ынталандыру және т.б.), қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды қатаң басшылыққа алу;

2. Аудан бойынша ішкі-сыртқы хат алмасуларды (ЖТ, ЗТ хаттарды қоспағанда) қосымшаларымен бірге міндетті түрде мемлекеттік тілде жүргізуді қамтамасыз ету (қажет болған жағдайда орыс тілінде қоса әзірлеу);

3. Аудан әкімінің аппараты Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен (басқа да тиісті басқармалармен) бірлесіп мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейту, ісқағаздарын сауатты және сапалы орындау, құжат айналымын біріздендіру мақсатында жүйелі түрде семинар кеңестер, көшпелі семинарлар өткізуді жолға қою.

4. Көрнекі ақпараттың Заң талатарына сәйкес болуын қадағалау.

Дата публикации
24 июля 2018