Көксу ауданындағы тілдік ахуалды зерделеу бойынша анықтама

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан 2018 жылғы 15 тамызда Көксу ауданының жергілікті атқарушы органдары мен оның құрамдас бөліктеріне «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының,  Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысына зерделеу жүргізілді.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу жағдайы.

Аудан әкімінің 16.03.2017ж. №74 Бағдарламаны орындау бойынша қаулысына сәйкес бекітілген іс шаралар жоспары 13 тармақтан тұрады. Алайда, әр тармақтың орындалуы қамтамасыз етілмеген, қадағаланбаған. Атап айтсақ, Алматы облысы әкімдігінің №80 қаулысының 9, 10 тармақшасына сәйкес 430 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылғанымен, іс шаралар ұйымдастырылмаған.

Ауданның жергілікті атқарушы органы мен оның құрамдас бөліктері бойынша 2018 жылдың 1 тоқсаны бойынша ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу көрсеткіші аудан бойынша 94,7 % құраған.

2018 жылы ІІ тоқсанына арналған ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу көрсеткіші кіріс құжаттары бойынша – 91,8 %, шығыс құжаттары бойынша – 98,3 %, ішкі шығыс құжаттары бойынша – 97,6 % құраған.

Мекемелердегі ортақ кемшіліктер:

Зерделеу қорытындысы бойынша Көксу ауданының мемлекеттік мекемелеріндегі шығыс құжаттары туралы мәлімет (облыстық көрсеткішпен салыстырмалы түрде 99,3%):

- Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 98,8 % (-0,5);

- Көксу ауданы әкімінің аппараты 94% (-5,3);

- Ішкі саясат 90 % (-9,3);

- Балпық ауылдық округі әкімінің аппараты 97% (-2,3);

- Білім бөлімі 99,2% (-0,1);

- Қаржы бөлімі 99,4 %;

- Мәдениет және тілдерді дамыту және Мұқыры ауылдық округі             100% мемлекеттік тілде хат алмасады.

Сондай-ақ, іс-құжаттарын дайындауда құжаттама жүргізу регламенті сақталмаған, грамматикалық, пунктуациялық, стилистикалық қателерге көптеп жол берілген.

Зерделенген мекемелерде Бағдарламаның орындалуы жөніндегі іс шаралар жоспары формальды түрде тек қағаз жүзінде құрылғандығын, іс шаралар атқарылмағандығын көрсетті.

Ономастика жағдайын зерделеу.

Ауданда барлығы 34 дербес елді мекен орналасқан. Олардың 8-і ресми түрде ауыл статусын алмаған. Атап айтқанда, Көпір, Тауарасы разъездері мен Көксу, Бақша, Быжы, Мойынқұм, Айнабұлақ бекеттері және Подхоз ПЧ-45 елді мекені.

Статистика басқармасының 2016 жылғы мәліметіне сәйкес Бақша бекетінде – 33, Көпір разъезінде -40, Тауарасы разъезінде – 39 тұрғын бар. Демек, жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сәйкес бұл қоныстар дербес елді мекен санаттарына негізсіз қосылып отыр. Олар жақын тұрған ауылдың құрамдас бөліктері ретінде тіркелуі қажет.

Ал, Быжы (108 адам), Мойынқұм (62), Айнабұлақ (732), Көксу (2318) бекеттері мен Подхоз ПЧ-45 елді мекені (360) тұрғындар саны елу адамнан асатыны себепті ресми түрде ауыл мәртебесін алуы тиіс.

Елді мекендердің атауларын зерделеу барысы келесіні көрсетті. 54 елді мекеннің 7-нің атауы адам атымен аталса (Мұсабек, Мәулімбай, Нәдірізбек, Мәмбет, Жамбыл, Злиха Тамшыбай, Балпық би), қалған 47-і тарихи жер-су аттары және бейтарап атаулармен аталады. Солардың ішінде Подхоз ПЧ-45 қонысының атауы идеологиялық тұрғыдан ескіруі себепті өзгертілуге жатады.

Ұсынылған 264 көше атауларын зерделеу барысында келесі мән-жайлар анықталды. Олардың ішінде 20 көшенің атауы (7,5 %) өзгертілуге жатады. Алайда, бүгінгі таңға дейін облыстық ономастика комиссиясының қарауына бірде-бір ұсыныс түспеген.

Көптеген көшелерге атау беру туралы тиісті уәкілетті органның шешімдері бөлімде жинақталмаған. Нәтижесінде кім екендігі белгісіз тұлғалардың есімдерімен аталатын  көшелер тізімге енгізілген.

Алғабас ауылында Иманбаевтар көшесі деп көшенің атауын бүкіл бір әулеттің тегімен атауға жол берілген. Бұндай тәжірибе Қазақстан Республикасының заңнамаларында көрсетілмеген және заңсыз болып табылады.

Көрнекі ақпараттардың заңдылығы жағдайы

Зерделеу барысында аудандағы мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қызмет көрсету орындарының (дүкен, кафе, тойхана т.б.) атаулары негізінен қазақ тілінде дұрыс жазылып, заң талаптарына сәйкес орналастырылғаны анықталды.

Дегенмен зерделеу барысы кемшіліктердің әлі де болса орын алып отырғанын көрсетті.

«Көксу мед» медицина орталығындағы «Перечень проводимых в цен офтальмологических услуг» ақпарат тақтасы, Халықты жұмыспен қамту орталығынның ақпарат тақтасындағы мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары, Көксу аудандық емханасы ғимаратындағы «Правила поведения населения в случае совершения террористических актов, захватов заложников», «Что такое ВИЧ и СПИД», «Планирование семьи», «Об отделении профилактики и социально-психологической помощи», Н. Алдабергенов атындағы орта мектептегі «Как действовать в ЧС» ақпараттық тақтайшалары тек қана орыс тілінде ілінген.

Халыққа қызмет көрсету және сауда-саттық орындарында орналастырылған жарнамалардың да тек қана орыс тілінде берілген фактілері кездеседі. Мысалы, «Мечта» сән салоны, «Art Print» фотосалоны, Образовательный центр, «Мечта» киім дүкені, Білім беру орталығы, Аспазхана және «1000 мелочей» дүкенінің қабырғасындағы жарнамалар мемлекеттік тілге аударылмаған.

 Сонымен қатар, мемлекеттік тілде сауатсыз, қатемен жазылған жарнамалар мен ақпараттар орналастыруға жол берілген. Атап айтқанда, аудандық емхананың ғимаратында орналасқан «Емшек сүті» ақпараттық тақтасында «Сәбидің жүйке жүйесінің дамуына қажетті таурин, амин қышқылы түрінде тек қана ана сүтінде болады» деген сөйлемде 5 бірдей өрескел қате жіберілген. 1) «жүйке» сөзі «нерв» деп орысша берілген;           2) «жүйесінің» сөзіндегі «ү» әрпінің орнына «у» әрпі жазылған,  3) «қажетті» сөзіндегі «қ» әрпінің орнына «к» әрпі жазылған; 4) «қышқылы түрінде» тіркесі бірге жазылған; 5) «ана сүтінде» тіркесі «ата сүтінде» деп бұрмаланып берілген. Осы тақтайшада «қажет еткен сайын» тіркесі «қажет еткен сайсын»,  «үшін» сөзі «ушін», «аталған» сөзі «аталаған» деп қате берілсе, ал манная (жарма), лапша (кеспе) сөздері қазақшаға аударылмаған. Денсаулық сақтау министрінің 03.07.2012 ж. № 452 бұйрығы бойынша дайындалған тақтада «Схема участков по АТПК-а» тіркесі қазақша «АТПК бойынша учаскелердің тәсімі» деп мүлде түсініксіз аударылған.

«Мұрат» сауда орталығы алдында орналасқан аялдамадағы АLTEL жарнамасында «пресса» сөзі «баспасөзде», «Әли» фирмасының перделер салоны жарнамасындағы «төсек-орын тысын тігу» тіркесі «төсек-орын тысып тігу» деп қателермен жазылған.

 Көше аншлагтарының жағдайы.

 Балпық би ауылындағы үйлердің көбінде көше аншлагтары ілінбеген, ілінген тақтайшалардың өзінің тозығы жеткен. 2017-2018 жылдары аудандық бюджеттен көше аншлагтарын тәртіпке келтіру үшін қаражат қарастырылмаған.

Көшелерге кісі атын беру ол адамдарды ұлықтау, есімдерін мәңгі есте қалдыру, құрметтеу мақсатында қойылады. Елді мекеннің құрамдас бөліктеріне атау беру кезінде көше аншлагтарында тұлғаның аты-жөнін, тегін толықтай жазған жөн болар еді. Көптеген көшелердің аттары кісінің толық аты-жөнін қамтымайды, аншлагтарда тек қана тұлғаның аты немесе тегі ғана берілген.

Аудан әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ономастика саласы бойынша атқарған жұмысына талдау қорытындысы.

Аудан әкімі жанынан құрылған «Тіл және ономастика» жұмысшы тобының 2018 жылға арналған жоспарында округтарды аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізу, қоғамдастық жиналыстарына қатысып, жұмыстарын тексеру, халыққа дәйекті түсіндіру жұмыстарын өткізу, ауыстырылуға жататын объектілерді кезең-кезеңімен жоспарлы түрде талапқа сәйкестендіруге бағытталған нақты шаралар ұйымдастыру мәселелері жоспарланбаған. Идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын өзгерту жұмыстарын жүргізбей отырған округ әкімдерін, жауапты мамандарын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселелер көтерілмейді.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметі.

Бөлімнің қызметі аудан әкімі бекіткен 2018 жылға арналған Көксу ауданы бойынша ономастикалық жұмыстарды жүргізудің іс-шаралар жоспары негізінде ұйымдастырылған. Ал, 2017 жылдың жоспары зерделеуге мүлде ұсынылмады.

2018 жылдың жоспары 11 тармақтан құрылған. Алайда, қажеттігіне қарай әкімшілік-аумақтық бірліктердің, олардың құрамдас бөліктері атауларының  транскрипциясын мемлекеттік тілдің нормаларына сәйкестендіру бойынша ұсыныстар енгізу; елді мекендердің, олардың құрамдас бөліктерінің және физикалық-географиялық нысандардың идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларын қайта атау бойынша қажетті шараларды үнемі қабылдау; облыс бойынша ауыл көшелерінің атаулары жазылған тақтайшаларды біріздендіруді қамтамасыз ету сияқты жоспарланған шаралар орындалмай отыр.

Дата публикации
29 августа 2018