Қаратал ауданындағы тілдік ахуалды зерделеу бойынша анықтама

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан 2018 жылғы 16 тамызда Қаратал ауданының жергілікті атқарушы органдары мен оның құрамдас бөліктеріне «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы  Заңының,  Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама)  орындалу барысына зерделеу жүргізілді.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу жағдайы.

Ауданның жергілікті атқарушы органы мен оның құрамдас бөліктері бойынша 2018 жылдың 1 тоқсанында ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу көрсеткіші аудан бойынша 97 % құраған.

Мекемелердегі ортақ кемшіліктер:

Зерделеу қорытындысы бойынша Қаратал ауданының мемлекеттік мекемелеріндегі шығыс құжаттары туралы мәлімет (облыстық көрсеткішпен салыстырмалы түрде 99,3%):

- кәсіпкерлік  бөлімі 97,3 % (-2);

- Ішкі саясат 98 % (-1,3);

- Ескелді ауылдық округі әкімінің аппараты  96,6 % (-2,7);

- Бастөбе ауылдық округі әкімінің аппараты мемлекеттік мекемелері 97,5 %  (-1,8);

- Үштөбе қаласы әкімінің аппараты, Елтай ауылдық округі әкімінің аппараты, Қаратал ауданы әкімінің аппараты, Білім бөлімі, Мәдениет және тілдерді дамыту 100% мемлекеттік тілде хат алмасады.

Іс-құжаттарын дайындауда құжаттама жүргізу регламенті сақталмаған, грамматикалық, пунктуациялық, стилистикалық қателерге жол берілген.

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарын бекіту туралы» Алматы облысы әкімдігінің №80 қаулысын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігінің қаулысы қабылданып, іс шаралар жоспары жасалғанымен әр тармақтың орындалуы қамтамасыз етілмеген, қадағаланбаған.

Зерделенген мекемелерде Бағдарламаның орындалуы жөніндегі іс шаралар жоспары формальды түрде құрылған, жоспарға сай ешқандай іс шаралар атқарылмаған. Тек қана аудандық білім бөлімі бекітілген жоспарға сай шаралардың орындалуы туралы құжаттарын көрсете алды.

Әкімшілік-аумақтық бірліктер, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктері бойынша ономастикалық жұмыс жағдайын зерделеу.

Бастөбе ауылдық округі аумағында орналасқан 47-разъезд қонысына ресми түрде ауыл мәртебесі берілмеген. Статистика басқармасының 2016 жылғы мәліметі бойынша бұл қоныста 28 тұрғын тұрады. Демек, жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сәйкес 47-разъезд қонысы дербес елді мекен санатына негізсіз қосылып отыр. Ол жақын тұрған ауылдың құрамдас бөлігі ретінде тіркелуі қажет.

Көше атауларын зерделеу барысында келесі мән-жайлар анықталды. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің берген мәліметі бойынша бүгінгі таңда 44 көшенің атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе атаусыз көшелер. Солардың ішіне Бастөбе ауылына қарасты Стадион, Космонавтов, Новомирская, Совхозная, Школьная, Садовая, Вишневая Матросов, 4,5,6 - көшелер мен Стадион шағын көшесі (барлығы  12 көше) енгізілген. Алайда, бұл тізім Д.Карбышев, М.Сеңгірбаев, Ш.Айманов, Ю.Гагарин шағын көшелерімен толықтырылуға жатады, себебі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының  25-5 бабына сәйкес ономастика жұмысының негізгі критерийлерінің бірі - бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру болып табылады. Аталған тұлғалардың есімдерімен көше атаулары бар болуы себепті шағын көшелерге сол тұлғалардың есімін қайталап беру заң талаптарына қайшы келеді.

Дәл осылай, Қызылжар ауылында (М.Горький), Үштөбе қаласында (Айту би, Ақын Сара, Әбдрахман ақын, Ә.Бейсеков, Ә.Молдағұлова, Бақтыбай ақын, Б.Момышұлы,  Бұхар жырау, Белинский, Г.Котовский, Е.Пронин, Ж.Жабаев, Жолбарыс батыр, Көкдала, Қазыбек би, Қарасай батыр, Қаратал, Веселая, Медин, Прежевальский, Алдабергенов, Орақты батыр, П.Морозов, С.Манасбаев, Ш.Айманов, Ш.Уәлиханов, Свердлов), Достық ауылында (Н.Исаев),  барлығы аталған елді мекендер бойынша 34 атауды екі бірдей нысанға беруге жол берілген.

Сонымен, бүгінгі таңда аудан бойынша атау беруге және атаулары өзгертілуге жататын көшелердің жалпы саны 82 бірлікті құрап отыр (тізімі тіркеледі).

Көптеген көшелерге атау беру туралы тиісті уәкілетті органның шешімдері бөлімде жинақталмаған. Нәтижесінде кім екендігі белгісіз тұлғалардың есімдерімен аталатын  көшелер тізімге енгізілген. Сол себепті, әрбір кісі есімі бойынша тізімге қажетті оннотация енгізіп, көше аншлагтарына толық аты-жөндерін жазу және тұлға туралы мәлімет беретін тақтайшалар орнату ұсынылады.

Мемлекет меншігіндегі жылжымайтын мүлік нысандары бойынша ономастикалық жұмыс жағдайын зерделеу.

Ауданда 10 мәдениет үйі, 2 клуб және 10 кітапхана жұмыс жасайды. Олардың барлығы нысан орналасқан елді мекеннің атауымен аталады. Адам атымен аталатын нысандар жоқ. 27 мектептің 16-на кісі есімдері берілген

Аудан әкімдігіне атауы жоқ №13 мектепке және мәдениет үйлеріне тарихи тұлғалардың есімін беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

Көрнекі ақпараттардың заңдылығы жағдайы

Зерделеу барысында аудандағы мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қызмет көрсету орындарының (дүкен, кафе, тойхана т.б.) атаулары негізінен қазақ тілінде дұрыс жазылып, заң талаптарына сәйкес орналастырылғаны анықталды.

          Дегенмен зерделеу барысы кемшіліктердің әлі де болса орын алып отырғанын көрсетті.

Аудан әкімдігі ғимаратындағы ақпарат тақтасына «Памятка для граждан при подачи обращений в государственные органы» жадынамасы тек орыс тілінде ілінген. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары, ұсынылатын қызмет түрлері, Үштөбе темір жол вокзалындағы «Жергілікті тұрғындарды антитеррорға қарсы дайындау» тақтасы мен касса терезесінде ілінген хабарландырулар, №97 балабақшадағы «Астарыңыз дәмді болсын», «Денсаулық бұрышы» тақталарындағы көрнекіліктер, Р. Қошқарбаев атындағы орта мектептегі «Денсаулық бұрышы» және М. Горький атындағы орта мектептегі «Методикалық қызмет» тақталарындағы ақпараттар мемлекеттік тілде берілмеген.

Сауда және қызмет көрсету орталықтары бойынша да мемлекеттік тілді құрметтемеу фактілері кездеседі. Мысалы Абақ кафесіндегі тағам түрлері, Жайлау базарындағы құрылыс материалдары қатарының маңдайша жазулары, Жетісу, Жайлау базарлары аумағында орналасқан ғимараттардың қабырғаларындағы жарнамалар тек орыс тілінде жазылған.

          Сонымен қатар, мемлекеттік тілде сауатсыз, қатемен жазылған жарнамалар мен ақпараттар орналастыруға жол берілген. Атап айтқанда, аудан әкімдігі ғимаратының қарсы бетінде орналасқан баннердегі «Қазақ елі мәнгілік ел» қанатты сөзінің арасына сызықша қойылмаған, «мәңгілік» сөзіндегі «ң» әрпі «н» болып қате жазылған. «Компания АБ Капитал» техникалық қызмет көрсету орталығының жарнамасында «мөртаңбалар» сөзі - «мөртаңбандар», «күзет сөзі» - «кузет», Бастөбе сервистік - техникалық колледжі ақпарат тақталарындағы «жетістіктері» сөзі – «жетістістіктері»,   «әдіс-тәсілдері» сөзі – «әдістәсілдері» деп біріктіріліп, «қабілетінің» сөзі – «қабілеттінің», «шынықтыру» сөзі – «шынықруды», М. Горький орта мектебінде «тәжірибе» сөзі – «тәржірибе» деп қателермен жазылған.

          Көше аншлагтарының жағдайы.

          Аудан елді мекендеріндегі үйлердің көбінде көше аншлагтары ілінбеген, бар болса тозығы жеткен, көптен бері ауыстырылмаған.           2017-2018 жылдары аудандық бюджеттен көше аншлагтарын тәртіпке келтіру үшін қаражат қарастырылмаған.

          Үштөбе қаласындағы Гагарин, Бастөбе ауылындағы Матросов, С.Юн,   Карбышев көшелеріндегі аншлагтар тек орыс тілінде жазылған. Үштөбе қаласындағы Әйтеке би көшесінің аншлагтарында «Айтеке би», Бастөбе ауылындағы Гагарин көшесі – «Гагарина көшесі» деп қатемен берілген.     Көптеген көшелердің аттары кісінің толық аты-жөнін қамтымайды, аншлагтарда тек қана тұлғаның аты немесе тегі ғана берілген.

          Аудан әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ономастика саласы бойынша атқарған жұмысына талдау қорытындысы.

Аудан әкімінің 2017 жылғы 18 қаңтардағы №17 қаулысымен «Тіл және ономастика» жұмыс тобы құрылып, 11 тармақтан тұратын 2017 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілген. Алайда, жоспардағы округтерге ономастика мәселесіне қатысты жаднамалар әзірлеп, жіберу, Үштөбе қаласы мен Жолбарыс батыр ауылдық округі әкімдерінің есептерін тыңдау шаралары мүлде орындалмай қалған. Зерделеуге 2017-2018 жылдар бойынша жұмыс тобы отырысының екі-ақ хаттамасы ұсынылды  (12.05.2017 ж., 20.06.2018ж.). Ал, жұмыс тобының ережесіне сәйкес әр тоқсанда кемінде бір отырыстан өткізілуі тиіс болатын.   Аталған мән-жайлардан жұмыс тобының жұмысы тиісті нәтижеге қол жеткізбейтін, формальді сипатқа ие екендігін көруге болады.

          Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметі.

          Бөлімнің қызметі аудан әкімі бекіткен Қаратал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 2018 жылы атқаратын жұмыс жоспары негізінде ұйымдастырылған (2017 жылдың жоспары зерделеуге мүлде ұсынылмады).

          Бұл жоспар барлығы 48 тармақтан құрылған. Олардың 6-ы ономастика және көрнекі ақпарат саласына арналған: 1) еріктілерді, үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып көрнекіліктер бойынша әдістемелік көрсету мақсатында үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу (орындалуда); 2) тіл заңнамаларының орындалуы бойынша мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындарда кестеге сәйкес зерделеу, тексеру жүргізу (орындалмаған); 3) көрнекі ақпарат бойынша рейдтер ұйымдастыру (орындалуда); 4) тоқсан сайын аудандық ономастика жұмыс тобының отырысын ұйымдастыру  (1-ақ отырыс);  5) аудандағы ономастикалық ахуалға талдау жасау (орындалған); 6) көше атауларын, жарнамалардың дұрыс жазылуын зерделеу (тамыз айында).

          Бөлім тарапынан ономастика мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланбаған, семинар-кеңес, дөңгелек үстелдер өткізілмеген, ауылдық округтерде зерделеу жұмыстары жүргізілмейді.

          Жоспарда округтарды аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізу, қоғамдастық жиналыстарына қатысып, жұмыстарын тексеру, халыққа дәйекті түсіндіру жұмыстарын өткізу, ауыстырылуға жататын объектілерді кезең-кезеңімен жоспарлы түрде талапқа сәйкестендіруге бағытталған нақты шаралар ұйымдастыру мәселелері енгізілуі тиіс. Идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын өзгерту жұмыстарын жүргізбей отырған округ әкімдерін, жауапты мамандарын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселелер көтеру қажет.

Дата публикации
03 сентября 2018