Справка по изучению ономастической ситуации в городе Капшагай

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан облыстық ономастика комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес 2018 жылдың 28-29 тамыз аралығында Қапшағай қаласындағы ономастикалық ахуалдың  жай-күйіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеумен Қапшағай қаласы, Шеңгелді, Заречный ауылдық округтары қамтылды.

Зерделеу барысында қала әкімдігінің ономастика мәселелері бойынша атқарған жұмыстары, көше аншлагтарының ресімделуі және көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарына сәйкес жазылуы қаралды.

Өңірдегі ономастикалық ахуалды жақсарту мақсатында қала әкімінің 2018 жылғы 10 сәуірдегі №19-ө өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыс жоспарына сәйкес тиісті шаралар атқарылған. Ағымдағы жылы жұмыс тобының екі отырысы өткізіліп, қала бойынша ономастикаға қатысты атқарылған жұмыстар және деректемелер мен көрнекі ақпараттардағы мемлекеттік тіл мәселелері қаралған. Қала, ауылдық округ әкімдіктерінің ономастикалық жұмыстарға жауапты мамандарына әлеуметтік нысандарға, елді мекендерге және оның құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атауға байланысты құжаттарды дұрыс ресімдеу тәртібі түсіндіріліп, семинар өткізілген.

Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бойынша қалалық «Нұрлы өлке» газетінде 18 мақала жарияланған. Сондай-ақ, тілге қатысты 4 билборд жасалған, оның 3 қазақ әліпбиінің латын қарпінде жазылуы бойынша.

Қапшағай қаласы әкімдігіне қарасты 3 әкімшілік бірлік (1 қалалық әкімдік, 2 ауылдық округ), 12 елді мекен бар.

Қазіргі таңда ономастика саласындағы жұмыстар жоғарғы атқарушы органдар тарапынан келіп түскен тапсырмалар аясында және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген, Республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданған «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су аттары», «Дәстүрлі атаулар» бойынша жасалған тізімдерге сәйкес жүргізіліп отыр.

Осы орайда, қала әкімдігі тарапынан:

  • идеологиялық тұрғыдан ескірген Заречный ауылының атауын Өзенді ауылы деп қайта атау туралы ұсыныс ауыл тұрғындары тарапынан          100 пайыз қолдау тауып, қолданыстағы заңнама талаптарына сай тиісті жұмыстар жүргізілуде;
  • Қалалық мәслихат пен әкімдіктің бірлескен шешімінің негізінде Қапшағай қаласына қарасты атауы жоқ 47 көшені Аққұм, Жерұйық, Бозарал, Көктал, Шаған секілді жер-су атауларымен атау бойынша құжаттар ресімделуде;
  • «Қапшағай қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№4 орта мектеп» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне – Қасым Қайсеновтің, «Қапшағай қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№5 орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығымен» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне – Ахмет Жұбановтың есімдерін беру туралы ұсыныстар облыстық ономастика комиссиясының қарауына жолданған.

Қапшағай қаласы мен Шеңгелді, Заречный ауылдық округтары бойынша барлығы 539 құрамдас бөліктер (көшелер) тізімге енгізілген. Олардың               129-ы (23,9%) кісі есімімен аталса, 255 (47,3%) көше дәстүрлі және жер-су атауларымен аталады. Ал, 55 (28,7%) көшенің атауы жоқ (нөмірлі шағын аудандар, көшелер, линиялар, секторлар).

Көше атауларының 188-і идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар (Вишневая, Грушевая, Яблочная, Центральная және т.с.с.), оған 155 атауы жоқ көшелерді қосатын болсақ, барлығы 343 (63,6%) көшеге атау беру, қайта атау жұмыстары жүргізілмей отыр. Яғни, округтегі құрамдас бөліктердің тек              36,4 % ғана талапқа сәйкес келеді.

Жиенқұлов (Шеңгелді), Сережкин, Речников, Ахмешов, Айдос (Қапшағай) секілді кісі есімімен аталатын көшелердің атаулары бойынша тұлғаның нақты кім екендігін анықтау қажет.

Пролетариат көсемдері, большевик-революционерлер Ф. Дзержинский (Заречный ауылы), В.И. Ленин (Сарыбұлақ ауылы), Қапшағай қаласындағы Б.Хмельницкий, М. Фрунзе және кім екендігі белгісіз Михаил Соболев көшелерінің атауын өзгерту ұсынылады.

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының 25-5 бабында:

  • бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру керек делінген.

          Алайда, Қапшағай қаласына қарасты 10 бірдей көше Центральная атымен аталады. Сол сияқты, Садовая атауы – 8; Вишневая – 5; Виноградная,  Береговая, Набережная, Приморская, Южная, Яблоневая, Северная – 4; Абрикосовая, Ежевичная, Клубничная, Персиковая, Сиреневая, Школьная –         3; Железнодорожная,  А. Вивальди, Зеленая, Малиновая, Сливовая, Степная атаулары 2 мәртеден қайталанып берілген. Арна ауылында екі Илийская, Ақөзек ауылында екі Төле би көшелері орналасқан (секторлар бойынша).

Көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды ретке келтіру мақсатында қала бойынша «Тіл сақшылары» тобы құрылып, 48 рейдтік тексеру жүргізіп, 153 нысанды зерделеген. Рейд барысында қаланың барлық ықшам аудандары мен елді-мекендері толығымен қамтылған. Қатемен жазылған 48 көрнекі ақпарат толығымен ретке келтірілген. Барлық зерделенген нысандарға заң бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілген.

Халыққа қызмет көрсету орталығында болған тексеру нәтижесі оң көрсеткішті көрсетті. Барлық көрнекі ақпарат құралдары мен хабарландырулардың басым көпшілігі заңнама талаптарына сай жазылған.

Дегенмен, ономастикалық ахуалды жақсарту барысында атқарылған жұмыстармен қатар кемшіліктер де орын алуда:

Халыққа қызмет көрсету орындарының (дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер) маңдайшаларында жазылған жазулар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері және басқа да көрнекі ақпараттар «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңына сәйкес ресімделмеген. Мысалы:

  • «ҚАПШАҒАЙ» қонақ үйінің атауы «КАПШАГАЙ», «АСҚАР» дүкенінің атауы «АСКАР» деп орысша бұрмаланып жазылған және ондағы сатылатын азық-түлік атаулары, көрсетілетін қызмет түрлері тек орыс тілінде жазылған, продукты – азык түлік деп қате жазылған әрі орналасу тәртібі заңға қайшы келеді;
  • «ЭЛЕРОСЕТЬ» дүкенінің, «Ару» салонының атаулары және ондағы көрсетілетін қызмет түрлері тек орыс тілінде жазылған;
  • «GAME ZONE» ойын орталығының, «JEANS STYLE» дүкенінің, «Crystal beauty» сұлулық орталығының, «CARMEN» кафесінің атаулары тек ағылшын тілінде, ал ондағы көрсетілетін қызмет түрлері тек орыс тілінде жазылған;
  • «ЧАЙХАНА палау орталығы» кафесі – кафе «ЧАЙХАНА палау орталығы» кафесі, «ІЛЕ» кафесі – кафе «ИЛИ» кафесі, «Алеся» шаштаразының атауы – Парикмахерская «Алесия» шаштараз деп орысша бұрмаланып жазылған және орналасу тәртібі сақталмаған;
  • Закажи еду через сайт!, Отличное предложение по аренде земли, Швейный цех по пошиву, Ментальная арифметика и скорочтение секілді қызмет түрлері тек орыс тілінде жазылған;
  • Көше аншлагтарын жазып, орналастыруда Республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы, астанадағы, кент, ауыл және басқа да елді мекендердегі көше аншлагтарын жазу және орналастыру жөніндегі ұсынымдар басшылыққа алынбаған. Мысалы: ул. Илийская, ул. Космонавтов, ул. Советская, ул. Вивальди, ул. Алмагуль, ул. Веселая, ул. Курмангазы деп тек орыс тілінде ғана жазылған;
  • Көше аншлагтарын жаңартуға соңғы рет 2013 жылы – 952 мың теңге қаражат бөлінген.

Қаладағы ономастикалық ахуалды ретке келтіру мақсатында төмендегідей ұсыныстар жасалды:

  1. Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жергілікті жерде ономастикалық ахуалды ретке келтіру жұмыстары жүргізілсін.
  2. Көше аншлагтарын біріздендіру жұмыстары шұғыл қолға алынсын;
  3. Көше аншлагтарын жаңартуға жергілікті бюджет есебінен қаржы қарастырылсын;
  4. Көрнекі ақпараттар мен жарнамалар «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңға сәйкес ретке келтірілсін.
Дата публикации
15 октября 2018