Справка по изучению языковой ситуации в Саркандском районе

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан 2018 жылғы 12 шілде күні Сарқан ауданының жергілікті атқарушы органдары мен оның құрамдас бөліктеріне «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы  Заңының (бұдан әрі – Заң),  Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) орындалу барысына зерделеу жүргізілді.

Зерделеумен аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат, білім, қаржы, құрылыс бөлімдері мен  тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы, сәулет және қалақұрылысы, білім, ішкі саясат бөлімдері мен Сарқан қалалық әкімдігі қамтылды.

Зерделеу барысында төмендегі жағдайларға мән берілді:

  • Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, аудан әкімінің Тілдерді дамыту мен қолданудың өңірлік іс шаралар жоспарына сәйкес мекеменің 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарының жасалу жолдары, ауқымдылығы;
  • мекемеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының басшылық тарапынан бақылануы;
  • «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 8, 9, 10-баптарының орындалуы;
  • мекемелердегі көрнекіліктердің (маңдайша жазу, мөр, мөртаңбалардың) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы»ҚР Заңының 19, 21-бабына, эстетикалық талаптарға сәйкестігі;
  • мекеменің негізгі қызметі жөніндегі іс құжаттарының жазылу сапасы, тілі, сауаттылығы.

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарын бекіту туралы» Алматы облысы әкімдігінің №80 қаулысын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігінің (28.03.2017ж. №66) қаулысы қабылданған, іс шаралар жоспары жасалған (3 тармақтан, 26 тармақшадан тұрады).

Аудан әкімінің өкімімен аудандық Тіл және ономастика жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының Ережесі бойынша жылына топтың кемінде 4 отырысы өткізілуі тиіс болатын. Бүгінгі күнге дейін жұмыс тобының жұмыс жоспарына сәйкес 2 отырыс өткізіліп, хаттамасы толтырылған. Сондай-ақ, Петропавловка орта мектебінің атауын Ақтұма орта мектебіне, Черкасск мектебінің атауын Аққайың мектебіне, Пограничник орта мектебінің атауын Жетісу орта мектебіне ауыстыру туралы ұсыныстар қаралған. Аудан бойынша 358 көшенің 5-і ғана ауыстыруды қажет етеді.  Яғни, атауларды ретке келтіруге байланысты жұмыс дұрыс жолға қойылған.

Тоқсан сайын тілдік жағдайды зерделеу мақсатында аудандық бөлімдер және ауылдық округтердің кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жасалып отырады. Облыстық тіл басқармасына берілген ақпаратқа сүйенсек, ауданда мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 100 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш I тоқсанда 9 мекеменің, II тоқсанда 15 мекеменің ғана ақпаратына сәйкес шығарылған. Алайда, 2018 жылдың II тоқсанында аудандық құрылыс бөлімі 84%, қаржы бөлімі 82,3%, Шатырбай ауылдық округі 97,8%, Черкасск ауылдық округі 99% құраған.

Мекемелердегі ортақ кемшіліктер:

Заңның 8-бабында «мемлекеттік тіл жұмыс және ісқағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Зерделеумен қамтылған мекемелерде шығыс құжаттарында тек орыс тілінде орындалған хаттар кездесті. Орындаушылар мұны уәкілетті және жоғары тұрған органдар тарапынан орыс тілінде сұрататынымен байланыстырады. Ішкі құжат айналымында да осы кемшілік орын алған.

Атап айтқанда, аудандық ішкі саясат бөлімінің (бөлім басшысы Д.Қасенов) 25.05.2018 ж. №84-13/447, аудандық білім бөлімі (бөлім басшысы П. Имангазиева) 02.05.2018 ж. №84-13/351 (Талдықорған политехникалық колледжіне), 10.05.2018 ж. №84-13/384 (ҚР қаржы минитстрлігінің мемлекеттік сатып алу комитетіне), ішкі істер бөлімі 18.05.2018ж. 1-30/-201/1674-И, 21.05.2018 ж. № 1-5-1-7/1702-И, (қалалық әкімдікке) хаттар мемлекеттік мекемелерге тек орыс тілінде жөнелтілген.

Сондай-ақ, іс-құжаттарын дайындауда құжаттама жүргізу регламенті сақталмаған, грамматикалық, пунктуациялық, стилистикалық қателерге жол берілген. Құжаттардың сапалы орындалуына назар аудармау және орындаушылардан талап етілмеуі мемлекеттік тілдің мәртебесіне нұқсан келтірумен қатар, іс жүргізудің талаптары орындалмай отырғандығын көрсетеді.

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс шаралар жоспарын бекіту туралы» Алматы облысы әкімдігінің №80 қаулысын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігінің (28.03.2017ж. №66) қаулысы қабылданып, іс шаралар жоспары жасалғанымен әр тармақтың орындалуы қамтамасыз етілмеген, қадағаланбаған.

Атап айтқанда, аудан әкімдігінің құзырына жатпайтын тармақтар (Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтанушылық және талдамалық зерттеу жүргізу, халықаралық қызметте мемлекеттік тілдің қолдануды қамтамасыз ету) енгізілген. Сондай-ақ қаулының 2, 3-тармақтарына сәйкес аудандық мекеме, бөлім басшылары, қалалық, ауылдық округ әкімдеріне іс шаралар жоспарын әзірлеу және орындалуы туралы жылына екі рет ақпарат беру тапсырылғанмен, аудан әкімдігінің қаулысы назардан тыс қалған. Жоспарда қаулыны іске асыру жөніндегі жауапты орындаушылардың басым бөлігі ауыл, қала округ әкімдері болғанмен, Сарқан қалалық әкімдігінде аталған құжаттың бар екендігінен мүлдем хабарсыз. Ал білім бөлімі, 2017 жылғы берген ақпаратын сөзбе сөз еш өзгеріссіз қалдырып, тек жылын 2018 жылға ауыстырып берген. Мысалы, тілді насихаттауға байланысты өткізілген шаралар атауы, тіпті орын алған адамдардың аты-жөні де сол қалпы.

9, 10 тармақшасына (9 т. «Мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың үлесі». 10 т. «Мемлекеттік тілдің беделін арттыру мен қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілге сұранысты арттыру мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өткізілген шаралар») сәйкес қаржы қарастырылмаған, іс шаралар ұйымдастырылмаған.

Зерделенген мекемелерде Бағдарламаның орындалуы жөніндегі іс шаралар жоспары формальды түрде тек қағаз жүзінде құрылғандығын, іс шаралар атқарылмағандығын көрсетті.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жыл басынан бері тілді насихаттайтын «Мақал – сөздің мәйегі», «Мағжан оқулары» атты 2 байқау және қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты 4 шарамен ғана шектелді. Сонымен қатар, жыл сайынғы Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы ережеге сәйкес аудан көлемінде 1 шілдеге дейін өткізіліп, жеңімпаз туралы мәлімет жолдану қажет болған. Алайда, аталмыш байқау ауданда ұйымдастырылмады. Соған қарамастан үміткердің сұранысы жолданды. Бірақ шара өтетін күні белгісіз себептермен қатысушы байқауға келмеді. Осындай салғырттықтың салдары облыстық байқаулардың өз деңгейінде өтуіне кері әсерін тигізеді.

Көрнекі ақпараттардың заңнама талаптарына сәйкестігі.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимаратындағы «Мемлекеттік қызмет көрсету барысында заңсыз әрекет көрсетілсе, сіздің құқығыңыз қорғалады» атты екі тілдегі стенд және аудан орталығындағы «Айханым» дүкенінің маңдайшасындағы жарнамалар «Тіл туралы» Заңның 21-бабына сәйкес келмей, көрнекі ақпараттарды орналастыру тәртібін бұзу фактілеріне жол берілген. Сондай-ақ, сұлулық салонының қызмет түрлері және автобекеттегі ақылы автотұрақтың мәтіні тек орыс тілінде жазылған. «Жастар» саябағының атауы, «Жастар» аябағы, «Нияз» ТЖО-ның атауы Н.. яз күйінде ілулі тұр.

Зерделеу нәтижесі бойынша ауданда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейту және жұмыстарды жетілдіру үшін төмендегі ұсыныстар беріледі:

1. Аудан бойынша барлық деңгейдегі басшылар тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру (қызметшілердің жауапкершілігін арттыру, ынталандыру және т.б.), қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды қатаң басшылыққа алу;

2. Аудан бойынша ішкі-сыртқы хат алмасуларды (ЖТ, ЗТ хаттарды қоспағанда) қосымшаларымен бірге міндетті түрде мемлекеттік тілде жүргізуді қамтамасыз ету (қажет болған жағдайда орыс тілінде қоса әзірлеу);

3. Аудан әкімінің аппараты Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен (басқа да тиісті басқармалармен) бірлесіп мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейту, ісқағаздарын сауатты және сапалы орындау, құжат айналымын біріздендіру мақсатында жүйелі түрде семинар кеңестер, көшпелі семинарлар өткізуді жолға қою.

 4. Көрнекі ақпараттың Заң талатарына сәйкес болуын қадағалау.

Дата публикации
18 июля 2018