Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының 2019 жылы атқарған жұмысы туралы ақпарат

І. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өткізілген шаралар

Басқарма тарапынан 2019 жылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын дамыту әрі кеңейту мақсатында ауқымды шаралар атқарылды. Мәселен, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы және алдағы міндеттер» атты жиынға өңіріміздің барлық аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, аудан, қалалардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы филиалдарының меңгерушілері қатысты.

«Тілдік ахуал: атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер» тақырыбындағы жиынға аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары мен бас мамандары және облыстық басқарма қызметшілері қатысты. Жиында жыл басынан бері атқарылған істердің ауқымды тізбегі мен болашақ жоспарлары айтылды.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған Алматы облысы бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Семинарға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері, ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы облысы бойынша басқармасының жауапты мамандары, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары, БАҚ өкілдері, жеке меншік жарнама агенттіктерінің қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қазақстандықтардың үш тілді жетік меңгеруіне бағытталған. Осы ретте Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясымен бірлесе ұйымдастырылған «Үш тілде білім беру тәжірибесі бағытындағы ісшаралардың нәтижесі» атты дөңгелек үстелді атап өткен жөн. Шараға қатысушылар үштілділіктің маңызына тоқталып, білім берудің барлық деңгейлерінде үш тілде сабақ оқыту жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу арқылы үштілділік бағытын дамыту төңірегіндегі пікірлерін ортаға салып, ойларымен бөлісті.

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған бағдарламасын, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыру бойынша Панфилов ауданы, Жаркент қаласында «Тілімнің тұнық тұмасы» атты облыстық дөңгелек үстел өтті. Шараға Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Р.Азаматқызы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғалымдары, мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты.

Тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау болып табылатын жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Тіл шебері – 2019» байқауында үш тілді яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жас мемлекеттік қызметшілер бақ сынасты. Сайыста талғарлық Э. Ерниязова топ жарып, жеңімпаз атанды.

Тұңғыш рет 6-11 сынып оқушылары арасында қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі – «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасын жатқа айтудан өткен байқауға 51 үміткер қатысты. Олардың ішінен Іле ауданынан келген Е. Төлегенов Бас жүлдені қанжығасына байлады.

Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қазақ тілді контентті арттыру және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту негізінде БАҚ атқарар өзіндік рөлі бар. Журналистер күні қарсаңында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының қорытындысы шығарылды. «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша Байқаудың Бас жүлдесіне ие болғандар: облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы А. Идигов, облыстық «Жетісу» телеарнасының журналисі Қ. Қасымжан және облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Е. Кенебаева.

Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының республикалық турына жолдама алған облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы А. Идиговтың мақаласы 240 жұмыстың ішінен ең үздік деп танылып, жүлделі І орынды жеңіп алды.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, таланатты жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауына облыстың әр аудан-қалаларынан 17-29 жас аралығындағы 17 үміткер қатысты. Байқаудың бас жүлдесін ақсулық І.Нұрланбеков жеңіп алды.

Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңындағы онкүндіктің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Онкүндік аясында «Жастар жырлайды», «Текті сөздің төресі – терме» байқауы, «Тілдарын – 2019» олимпиадасы, «Мемлекеттік тіл – еліміздің тұғырлы тірегі» атты дөңгелек үстел, Славян жазуы күндері, «Өзім туралы» этнос өкілдері арасында әлеуметтік желі арқылы эссе жазу акциясы, латыннегізді әліпбиді оқыту, үштілділік бойынша ашық есік күні ұйымдастырылды.

Үштілділікті енгізуді ынталандыруға бағытталған «Тілдарын» облыстық олимпиадасына қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген 18-22 жас аралығындағы жас дарындар қатысты. Байқау қорытындысы бойынша білімі мен ұшқұрлығын ортаға салып, сыннан сүрінбей өткен қапшағайлық Ж. Байназар Бас жүлдеге ие болды.

«Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауына өңіріміздің әр аудан, қаласынан келген көмейіне бұлбұл ұялаған, 16 мен 35 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Байқауға қатысқан 15 үміткердің ішінен жетісулық мақамымен көзге түскен талғарлық Р.Ермек бірінші орынға ие болды.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіруге арналған рухани-мәдени шараның бірі – дәстүрлі «Тіл парасат» байқауы. Шарада облыс бойынша 17-22 жас аралығындағы 11 үміткер бақ сынады. Талдықорғандық Э. Аслан-Оглы І орынды еншіледі.

Өңірдегі тіл саясатын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Тіл – рух күретамыры» тақырыбындағы облыстық дебатқа Талдықорған қаласындағы ЖОО мен арнаулы білім беру мекемелерінің студенттері қатысты. Дебатта ұшқыр ойлы, үшкір тілді 8 команда бақ сынасты. Нәтижесінде Көксу политехникалық колледжінің «Көкбөрі» командасы I орынға лайық деп танылды.

Бәйтерек бейнелі Балпық бидің 325 жылдығына орай, бабаның данагөйлік мұрасы мен тарихтағы орнын поэзияның құдіреті арқылы кеңінен паш ету мақсатында басқарма және Текелі қаласының әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалы, «Үш Бәйтерек» қоғамдық қорының бірлесе ұйымдастыруымен республикалық «Байтақ елдің Балпық биі» атты жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Республиканың түпкір-түпкірінен 50-ден астам жолданған арнау өлеңдердің ішінен іріктеуден өтіп, арнайы шақырылған 8 ақын өзара додаға түсті. Байқаудың бас жүлдесін облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторының орынбасары Н. Әбдірахым жеңіп алды.

 

ІІ. Облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген шаралар

«Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамдық санаға орнықтыру, ақиық ақынның жалынды жырлары арқылы жастардың азаматтық және патриоттық әлеуетін дамыту мақсатында «Бір өлеңі – бір әлем» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оған І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері, «Мизам» әдеби клубының мүшелері қатысты. Кеште қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан шайырдың жырлары оқылып, ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының екі жылдығына орайластырылып рухани құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған 14-17 жас аралығындағы 20 өрен бақ сынасқан «Мақал – сөздің мәйегі» байқауында қарасайлық Қ. Сламбай Бас жүлдені иеленді.

Сондай-ақ, үшінші жыл қатарынан жүзеге асқан қос бірдей жобаның биылғы жылғы қорытындысы шығарылды. Олардың бірі облыс орталығы мен аудан, қалаларда жүргізілген «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты Буккроссинг жобасы.

Ал, әлеуметтік желі қолданушыларының қызығушылығын тудырған екінші жоба «Жетісудың жыр керуені» деп аталады. Жоба аясында танымал тұлғалар мен жас әдебиетшілер Алматы облысында дүниеге келген ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, бейнежазбаға түсіріп әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастырған белсенді қатысушылар Тіл мерекесі қарсаңында марапатталды. «Ең жас қатысушы» номинациясына ие болған 6 жасар Айша Бестібайға жиылған қауым зор қошамет көрсетті.

Мерекелік шарада облыс әкімі А. Баталовтың қолдауымен жарық көрген «Ақ қауырсын» кітабының тұсауы кесілді. Кітапқа былтырғы жылы өткен «Мәңгілік елдің мұраты» атты байқаудың қорытындысы бойынша ең озық деп танылған туындылар топтастырылды.

Бағдарламалық мақаланың екі жылдығына орайластырыла өткізілген тағы бір ауқымды шара жас тілші-әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» атты ІІ облыстық форумы. Дәстүрлі шараға өңіріміздің аудан, қалаларынан жас қаламгерлер мен тілшілер, мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері қатысты. Биылғы жылы Кеген ауданында өткен
жиынның ерекшелігі форум делегаттарының латыннегізді әліпбиге қатысты оқыған баяндамалары мен білдірген пікірлері. Осы ретте Кербұлақ ауданы Д. Қонаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Кәмшат Чинарбаеваның мектеп оқушыларына арнап, жаңа әліпбиді меңгертудің тиімді жолы ретінде өзі құрастырып шығарған «Латын әліпбиін үйренейік!» атты көркем жазу үлгісі дәптерін көпшіліктің назарына ұсынғандығын мысалға алуға болады.

 

ІІІ. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша атқарылған шаралар

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру қолға алынғаннан бері облысымызда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарын тиімді түрде үйлестіру тіл саласының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік үстемелеп отыр. Латын әліпбиіне көшу кезеңдерін жүзеге асыру шараларының көш басында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тұр. Осы ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың ұйымдастыруымен өткен «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбындағы республикалық дәріс-семинар сөзімізге мысал бола алады.

Семинарды Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография басқармасының басшысы, ф.ғ.к. А.Фазылжанова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д. А. Жаңабекова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты фонетика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. А. Аманбаева, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Ж. Жұмабаева жүргізді.

Екі күнге созылған семинар-дәрістің қорытындысы бойынша 60 адамға тренерлік сертификат табысталды. Сертификат алғандардың тізімінде «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары, аталған орталықтың аудандық, қалалық филиалдарының оқытушылары, қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметшілері, «Азаматтарға арналған үкімет», Ұлттық банк, «Қазпошта» АҚ мекемелерінің филолог мамандары бар.

Дәл осындай дайындық курсын Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы үстіміздегі жылы Сұлтан қаласында ұйымдастырды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен 72 сағаттық оқыту курсына әдіскерлер мен оқытушылар арасынан 21 адам қатысып, тренерлік сертификатқа ие болды.

Ал «Латын графикасының емле ерекшеліктері» атты облыстық семинар-тренингке Қазақстан облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы А.Идигов және І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Г. Чукенаева, сондай-ақ, Талдықорған агро-техникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері, Кербұлақ ауданы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі К.Шынарбаева, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының магистранттары қатысты.

Латыннегізді қазақ әліпбиінің емле ережесін көпшілікке таныстыруда жаңа технологиялардың маңызы зор. Сондықтан, «Емле ережелерінің орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтары» атты облыстық конференцияда республикалық Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ақпараттық технология және сараптама басқармасының басшысы Н. Сейсенбек орталықтың латын әліпбиін меңгерту мақсатында әзірлеген бірнеше IT жобаларымен таныстырды.

Сонымен қатар, қазақ тілі әліпбиін латыннегізді әліпбиге көшірудің маңыздылығы мен өміршеңдігін дәріптеудегі өзіндік орны бар басылым республикалық «Егемен Қазақстан» газеті. Ғасыр төрінен орын алған газеттің жүз жылдық мерейтойына орай журналистер арасында «Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама» атты публицистикалық байқау ұйымдастырылды. Қазылар алқасының шешімімен Б. Мәжит жеңімпаз деп танылды.

Қазіргі уақытта облыста заманауи үлгіде жабдықталған 20 тіл оқыту орталығы (облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және аудан қалаларда орналасқан 19 филиал) жұмыс жасауда.

Айта кету керек «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының 15 компьютеріне латын графикасымен белгіленген қазақ әліпбиінің пернетақтасы орнатылды. Клавиатураларды апробациядан өткізу шарасына түрлі сала қызметкерлері қамтылды. Олар мәтінді латыннегізді әліпбиде теріп, сауалнама толтырып, жаңа клавиатураның тиімділігі мен қолайсыз тұстары туралы өз ұсыныстарын білдірді.

Ересек аудиторияларға латын негізді әліпбидің емле ережелерін мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және латыннегізді әліпбиді ересек тұрғындарға меңгертуге қолайлы жағдай жасау мақсатында облыста бұрын оқыту орталығы болмаған 10 ауданда (Ақсу, Балқаш, Ескелді, Жамбыл, Кеген, Көксу, Кербұлақ, Панфилов, Райымбек, Талғар) тіл оқыту орталықтарының филиалдары ашылғанды.

Қазіргі уақытта облыста 20 тіл оқыту орталығында 75,5 қызметкер (облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы 21, аудандық, қалалық филиалдарда 54,5 штат қаралған) жұмыс істейді.

Оқу орталығының барлық филиалдары заманауи үлгідегі материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген, әдіскерлер мен оқытушылар арасынан 22 адам Нұр-Сұлтан қаласында өткен 72 сағаттық оқыту курсына қатысып, тренерлік сертификатқа ие болды.

Биылғы жылы «Латыннегізді әліпбиінің емле ережесі» курсына 1158 тыңдаушы қабылданды. Оның ішінде анықтама алғандардың саны 1125-ті құрап отыр.

Латыннегізді қазақ тілі әліпбиінің практикалық тұрғыда меңгерілуін жан-жақты қамту, көпшілікке үйрету, қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында әр апта сайын «Жетісу» телеарнасынан «Латыннегізді әліпби» атты телехабар көрсетілуде.

Тілдерді ересек аудиторияларға жан-жақты меңгерту мақсатында Басқарманың сайтында (http://tildamytu-tdk.gov.kz/videos/) күн сайын онлайн көрсетілім арқылы сабақ өтуде.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы да өз жалғасын табатын болады.

Дата публикации
06 января 2020