Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының 2018 жылы атқарған жұмысы туралы ақпарат

Алматы облысында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңын және 2011-2019 жылдарға арналған тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын (Бұдан әрі – Бағдарлама) орындауда 2018 жылы жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізді.

Тоқсан сайын тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жүргізіліп отырды. Нәтижесінде мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды құрады.

Үстіміздегі жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына 1347 тіл үйренуші, орыс тілі курсына 46, ағылшын тілі курсына – 401 тыңдаушы қабылданды. Барлығы 1939 адам. Ал, Қазтест нәтижесінде диагностикалық және сертификаттық тестен өткендер саны 18109 адам.

Бағдарлама аясында мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту, жұртшылыққа насихаттау мақсатында көптеген шаралар өткізілді. Мәселен, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес және Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдық мерейтойына орай қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді анықтау мақсатында «Тіл шебері-2018» байқауы өткізілді. «Үздік оқытушы» байқауында өңіріміздегі тіл оқыту орталықтарының оқытушылары өздерінің оқыту шеберліктері мен кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Жыл сайынғы дәстүр бойынша қазақтың бас ақыны – Абай атындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «Мағжан оқулары», «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер мен мектеп оқушылары арасында «Мақал – сөздің мәйегі» сайыстары және Тіл айлығының қарсаңында басқарма тарапынан этнос өкілдерінің қатысуымен «Тілдарын», «Славян жазуы», «Тіл – парасат» байқаулары мен «Тіл – татулық тірегі» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттап, тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген журналистер «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында сынға түссе, облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойына орай журналистер арасында «Тәуелсіздік шырағданы» атты публицистикалық шығармалар байқауы өткізілді.

«Әдеби білгір» облыстық байқауына 15-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысса, республикалық «Тіл – рухани жаңғыру тетігі» атты тұңғыш рет өткізілген пікірсайыс турнирінде еліміздің түпкір-түпкірінен келген білімді жастар бас қосып, британдық парламент форматында пікір жарыстырды.

Ал «Үздік тіл маманы – 2018» атты байқауда аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл мамандары өнер көрсетсе, «Тәуелсіздік пен тіл – егіз ұғым» атты облыстық жас суретшілер байқауында қылқалам шеберлері елге, тілге деген сүйіспеншіліктерін бейнелеп, суретке жан бітірді.

«Тіл – тәуелсіздік тірегі» атты облыстық брейн-ринг интеллектуалдық турниріне мемлекеттік қызметшілер атсалысса, Талдықорған қаласында орналасқан колледж студенттері арасындағы «Көркемсөз шебері» облыстық байқауында студенттер өз өнерлерін ортаға салды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарының бірі – қазақ жазуын латыннегізді әліпбиге көшіру мәселесі. Басқарма бұл бағытта да жұмыстар жүргізді.

Наурыз айында А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының басшысы, Ұлттық комиссияның мүшесі Е. Қажыбек және аталған институттың ғалымы А. Фазылжанованың қатысуымен «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.

Латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу жобасы бойынша «Латын әліпбиі: алдағы міндеттер» тақырыбында семинар-кеңес, «Жаңа жазу – жаңа белес» атты дөңгелек үстел, «Қазақстандағы жазу тарихы және латын графикасын қабылдаудың ғылыми практикалық негіздері» атты конференция, «Латын әліпбиі: ізденіс, даярлық» атты семинар-тренинг ұйымдастырып, көпшілікке латыннегізді әліпбидің тиімді тұстары түсіндіріліп, емле ережесінің жобасы таныстырылды.

Төл әліпбиді қолдау мақсатындағы «Латын әліпбиі: тәжірибе, пікір» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда еліміздегі тіл саласын зерттеуші ғалымдар мен шетелдік АҚШ, Түркия, Қырғызстан елдері университеттерінің профессорлары арнайы шақырылған жиында тіл мамандары ұстаздар қауымы өзекті тақырып тұрғысында тұжырымды ой қорытты.

Мемлекеттік тілді дамыту институтымен бірлесе Алматы облысының 17 ауданы мен 3 қаласына тілдік ахуалды зерттеу, зерделеу, мемлекеттік, орыс және басқа тілдердің (ағылшын тілі) дамуын және қолдану аясын анықтау мақсатында әлеуметтік лингвистикалық сауалнама жүргізілді. Облыс бойынша барлығы 1830 респондент қатысты. Сауалнама нәтижесі бойынша «Алматы облысындағы тілдік ахуал» атты кітапша шығарылды.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданылу аясын кеңейту, латыннегізді әліпбиге көшу шараларын үйлестіру мақсатында облыстық 54, аудан, қалаларда 1356 шара ұйымдастырылды.

Ұйымдастырылған шаралар жөнінде әлеуметтік желілерде республикалық, жергілікті БАҚ-та 783 материал кеңінен жарияланды. Латыннегізді әліпбиге көшудің жетістіктері туралы «Жетісу» телеарнасы дайындаған 11 бейнеролик топтамасы көрермендер назарына ұсынылды. Латынға байланысты 89 билборд, 8 аспалы қондырғы, 26 панно, қанатты сөздер жазылған 7 перекид орналастырылды.

«Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты жұмыс тобы «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері жобасы» бойынша облыс тұрғындарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 66 елді мекенде (17 аудан, 3 қала) 35 мыңнан астам халықпен кездесті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы шығарған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» атты әдістемелік кітапша таратылды.

Латыннегізді қазақ тілі әліпбиінің практикалық тұрғыда меңгерілуін жан-жақты қамту, нақтылай түсу, бейімделу мақсатында қарашада ұйымдастырылған жалпыхалықтық диктантқа 123 134 адам (120 000 адам жоспарланған) қатысып, облыс халқы белсенділік танытты. Нәтижесінде қатысушылардың 62% жаңа әліпбиді меңгергенін көрсетті (31241 «өте жақсы», 44611 «жақсы», 47282 «қанағаттанарлық»).

Облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 1 жылдығына орайластырылып 23-24 сәуір аралығында тұңғыш рет «Жетісу көктемі» атты жас әдебиетшілердің форумы өтті. Екі күнге созылған «Жетісу көктемі» облыстық форумы аясында жас қаламгерлер Қарасай ауданындағы Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын, «Батыр бабалар» мемориалы мен «Анаға құрмет» музейін, Кербұлақ ауданында Шоқан Уәлихановтың мемориалдық музейін аралады. Мұнан кейін қонақтар Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінің жағалауында поэзия кешін өткізіп, Сүйінбай Аронұлы мен Мұқағали Мақатаевтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ облыс орталығындағы Тіл сарайында әдебиеттің сан салалы тақырыптарын талқылаған секциялық жұмыстар ұйымдастырылды. Форумда «Мәңгілік елдің мұраты» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталып, үздік шығарма авторларына облыс әкімінің «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі тапсырылды. Арнайы жүлдеге поэзия жанры бойынша С. Намазшамова («Атамыз - Алтай, Анамыз – Дала»), проза бойынша Қ. Әбілқайыр («Құйын») лайық деп танылды. Сондай-ақ, осы күні «Рух» байқауының қорытындысы бойынша жарыққа шыққан кітаптардың тұсауы кесіліп, Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған бір топ жас қаламгерге куәлік табыс етілді. Куәлік алғандардың қатарында Алматы облысының үш бірдей тумасы да бар. Олар: Қ. Мұхаметқали, Е. Айдабосын, Ж. Немеребаев.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің дамуына елеулі үлес қосып, мемлекеттік тілдің өркендеуіне атсалысып жүрген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Е. Жүніс пен Талдықорған қаласы «Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытылатын №20 арнаулы лицей» директорының көптілділік жөніндегі орынбасары, облыстық «Жыл мұғалімі-2017» байқауының жеңімпазы А. Мұхаметчина басқарма тарапынан «100 жаңа есім» жобасына ұсынылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жыл басынан қолға алынған шараның бірі «Әдебиет – руханияттың діңгегі». Қазақ әдебиетінің үш буын өкілінің қатысуымен өткізілген кешке ақпан айында – Жұмабай Шаштайұлы, Дәурен Қуат, Айнұр Төлеу, наурызда – Ғұсман Жандыбаев, Жанарбек Әшімжан, Мақпал Мыса, сәуірде – Бексұлтан Нұржекеұлы, Есей Жеңісұлы, Қанат Әбілқайыр, қазанда – Заида Елғондинова, Роза Сейілхан, Әлия Іңкәрбек әдебиет сүйер қауыммен қауышты.

«Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» мен «Жетісудың жыр керуені» атты жобалардың жеңімпаздары қыркүйек айында өткен «Тіл – тірліктіктің бесігі» облыстық форумда марапатталды. Қос бірдей жоба осы жылы да жалғасатын болады.

Басқарма Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын ерекше ықыласпен атап өтті. Осы тарихи оқиғаға байланысты бірнеше ауқымды шаралар қолға алынды. Мәселен, «Астана – жаһандық бастамалар орталығы» дөңгелек үстелінде өңіріміздің зиялы қауымы бас қосса, қаламыздағы политехникалық колледжде өткен «Әлем таныған Астана» тақырыбындағы семинарда Бас қаланың бүгіні мен ертеңі жайында сөз қозғалды.

Аталмыш мереке қарсаңында «Арман қала – Астана» атты латыннегізді әліпбиде эссе жазу байқауы мен «Астана – бейбітшілік бесігі» атты мүшәйра ұйымдастырылды.

Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай «Мерейлі менің – Астанам» тақырыбында апталық өткізді. Апталық аясында «Астана – шетелдіктердің көзқарасымен» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жиында шетел азаматтарының ағылышын тілінде арнайы дайындаған бейнесұрақтарына курс тыңдаушылары мен шара қонақтары жауап берді. Шара бастан-аяқ тек ағылшын тілінде жүргізілді. «Ертегідей Елорда» айдарымен өткен бүлдіршіндердің сурет көрмесі және «Астананы асқақтатқан 20 жыл» латын графикасында диктант жазу байқауы да аталмыш апталық аясында жүзеге асырылды.

Сондай-ақ, Елбасының көшелі бастамасы мен кемеңгер саясатының нәтижесінде бас көтерген Бас қаланың 20 жылдығына орай облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы қызметшілерінің қатысуымен арнайы «Айбыны асқақтаған – Астана» флешмобы ұйымдастырылды.

«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары тыңдаушылармен өткізілетін сабақ үрдісінде оң нәтижеге жету үшін заманауи техника құралдарын үздіксіз пайдалануда. Әрбір өткізілген сабақты сала мамандары «Til.media.kz» сайтына жүктеп, тіл үйренуге ынта танытқан әлеуметтік желі қолданушыларының назарына ұсынды. Бұл мүмкіндік оқытушылар арасында өзара тәжірибе алмасуға да негіз болды.

Дата публикации
08 января 2019