Алматы облысында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңын және 2011-2019 жылдарға арналған тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын (Бұдан әрі – Бағдарлама) орындауда 2018 жылдың 9 айында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Тоқсан сайын тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды көрсетті.
Үстіміздегі жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына – 1327 тіл үйренуші, орыс тілі курсына – 46, ағылшын тілі курсына – 401 тыңдаушы қабылданды. Барлығы – 1774 адам. Ал, Қазтест жүйесі негізінде тест тапсырғандардың саны 9382, диагностикалық және сертификаттық тестен өткендер саны 10777 адамды құрады.
Сонымен қатар Бағдарлама аясында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жұртшылыққа насихаттау мақсатында көптеген шаралар өткізіліп келеді. Мәселен, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес және Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдық мерейтойына орай қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді анықтау мақсатында «Тіл шебері-2018» байқауы өткізілді. Ал «Үздік оқытушы» байқауында өңіріміздің аудан, қалаларынан келген оқытушылар өздерінің оқыту шеберліктері мен кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Жыл сайынғы дәстүр бойынша қазақтың бас ақыны – Абай атындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «Мағжан оқулары», «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер мен мектеп оқушылары арасында «Мақал – сөздің мәйегі» сайыстары және Тіл айлығының қарсаңында басқарма тарапынан этнос өкілдерінің қатысуымен «Тілдарын», «Славян жазуы», «Тіл – парасат» байқаулары мен «Тіл – татулық тірегі» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.
«Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру: атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер» атты жиынжа тіл саясатының өзекті мәселелері талқыланды.
Биылғы жылы еліміз Қазақстан халқы тілдерінің күнін 5 қыркүйекте атап өтті. Мерекеге орай «Тіл – бірліктің бесігі» атты облыстық форум өткізілді.
Мемлекеттік тілді дамытуға арналған шаралар мұнымен шектелмеді. «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары тыңдаушылармен өткізілетін сабақ үрдісінде оң нәтижеге жету үшін заманауи техника құралдарын үздіксіз пайдалануда. Әрбір өткізілген сабақты сала мамандары «Til.media.kz» сайтына жүктеп, тіл үйренуге ынта танытқан әлеуметтік желі қолданушыларының назарына ұсынды. Бұл мүмкіндік оқытушылар арасында өзара тәжірибе алмасуға да негіз болды.