2018 жылдың І жартыжылдығына ақпарат

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ҚР Заңы және Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын орындауда 2018 жылдың І жартыжылдықта бірқатар жүйелі жұмыстар атқарды.

Тоқсан сайын тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жасалып отырады. Өңірімізде мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды құрады.

2018 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Қазтест жүйесі бойынша тест тапсырғандар саны 11 756 адамды құрады. Оның ішінде сертификаттық тестілеуден өткендер – 346, республикалық тест тапсырғандар – 2028, жергілікті жерде тест тапсырғандардың саны – 9392 адам. (Өткен жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік тілді оқыту курсына – 674 тіл үйренуші, орыс тілі курсына – 36, ағылшын тілі курсына –283 тыңдаушы қабылданды. Барлығы – 993 адам).

Қазақстан республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Ақсу, Алакөл, Сарқан, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарындағы тілдік жағдайдың жұмысына зерделеу жүргізілді.

Талдау нәтижесі бойынша барлық аудандарда мемлекеттік бағдарламаның нысаналы индикаторларына қол жеткізу және үш тілді оқыту моделін дамыту үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығы анықталды.

Өткізілген іс шаралар туралы

Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында жыл басынан «Әдебиет – руханияттың діңгегі» атты жаңа жоба, Алматы облысында туған қазақ әдебиетінің үш буын өкілімен кездесу ұйымдастырылды. Талдықорғандық оқырман қауыммен алғашқы кездесу Жұмабай Шаштайұлы, Дәурен Қуат, Айнұр Төлеудің қатысуымен ақпан айында болып өтсе, наурызда – Ғұсман Жандыбаев, Жанарбек Әшімжан, Мақпал Мыса, ал сәуірде – Бексұлтан Нұржекеұлы, Есей Жеңісұлы, Қанат Әбілқайыр әдебиет сүйер қауыммен қауышты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығы қарсаңында 2018 жылғы 23-24 сәуірде Алматы облысында «Жетісу көктемі» жас әдебиетшілердің бірінші форумы өткізілді. Форум аясында жас ақындар мен жазушылар Қарасай ауданындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында, «Батыр бабалар» мемориалында, «Анаға құрмет» мұражайында және Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемориалдық мұражайда болып қайтты. Сапардан соң қонақтар Талдықорған қаласында Қаратал өзенінің бойында поэзия кешін өткізіп, Сүйінбай Аронұлы мен Мұқағали Мақатаевтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сондай-ақ, Тіл сарайында әдебиеттің түрлі тақырыптарын талқылау мақсатында секциялық жұмыстар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, форум аясында өткізілген «Мәңгілік елдің – мұраты» атты жабық байқау жеңімпаздарына әдебиеттің поэзия және проза жанрлары бойынша облыс әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі табысталды. Арнайы жүлдемен поэзия жанрында Сағыныш Намазшамова («Анамыз – Алтай, анамыз – дала»), ал проза жанрында Әбілқайыр Қанат марапатталды. Сонымен қатар, бұл күні республикалық «Рух» байқауының нәтижесі бойынша жарық көрген кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Еліміздің әр өңірінен келген жас ақындар мен жазушылар Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданды. Олардың қатарында Алматы облысының тумалары Қ.Мұхаметқали, Е.Айдабосын, Ж.Немеребаев бар.

Жас буынды тәрбиелеуде ауыз әдебиетінің мол мұрасы, негізгі ойды екі ауыз сөзбен жеткізуде мақал-мәтелдер маңызды рөл атқарады. Осыған орай, Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласына сай рухани құндылықтарды дәріптеу, ұрпаққа өнеге ету әрі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында 14 пен 17 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасында «Мақал-сөздің мәйегі» тақырыбында байқау өткізілді. Байқауда 19 оқушы бақ сынады. 6 кезеңнен тұратын сайыстың нәтижесі бойынша Бас жүлдені қарасайлық С.Абрахман жеңіп алды.

Сонымен қатар, Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен өткен жылы қолға алынған «Буккроссинг» - Жетісу-кітапқұмарлар өлкесі жобасы өңіріміздің қалалары мен аудандарында да жүзеге асырылуда. Бұл жоба былтырғы жылы тек облыс орталығында ұйымдастырылса, биылғы жылы Қапшағай, Текелі, Талдықорған қалалары мен Ақсу, Балқаш, Талғар, Алакөл, Ескелді, Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан және Ұйғыр аудандары қосылды. «Жетісудың жыр керуені» атауымен көпшілікке жол тартқан Челлендж жобасы әлеуметтік желі қолданушыларының қызығушылығын арттыруда. Бұл шара аясында қатысушылар, танымал өнер қайраткерлері, сондай-ақ, жас әдебиетшілер өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларына Алматы облысынан шыққан әдебиетшілердің үздік шығармаларын оқып, видеоларын жүктейді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу ерекше назарға алынған.

Мәселен, наурыз айында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, Ұлттық комиссияның мүшесі Е.Қажыбек және аталған институттың ф.ғ.д. А.Фазылжанованың қатысуымен «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.

Талдықорған қалалық медициналық колледжінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары З.Базарбаева, Д.Пашан, Ж.Жұмабаеваның қатысуымен «Латын әліпбиі: алдағы міндеттер» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырылды. Шараға колледж оқытушылары мен студенттер қатысты. Семинарға қатысушылар қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығы мен өміршеңдігіне тоқталды.

Тұрғындарды латын әліпбиіне негізделген жаңа графиканы үйрету мақсатында Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Арман қала – Астана» тақырыбында тұңғыш рет эссе жазу конкурсы өткізіліп, Талдықорған қаласының №12 мектебінің мұғалімі Г.Тілеуханова Бас жүлдені жеңіп алды.

Басқарманың жұмыс жоспарында Астананың 20 жылдығына баса назар аударылған.

Атап өтер болсақ, «Астана – жаһандық бастамалар орталығы» атты дөңгелек үстелде Елордамыздың бүгіні мен ертеңі турасында ой өрбітті. Ал, политехникалық колледжде өткен «Әлем таныған Астана» тақырыбындағы семинарда облысымыздың зиялы қауым өкілдері бас қосты.

Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастырумен Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай «Мерейлі менің – Астанам» тақырыбында апталық өтті.

Акция аясында «Астана – шетелдіктердің көзқарасымен» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда қатысушылар мен шара қонақтары арнайы дайындалған шетел азаматтарының ағылшын тіліндегі бейнесауалдарына жауап берді. Шара тек ағылшын тілінде өтті.

Одан бөлек, «Ертегідей Елорда» тақырыбында балалар сурет көрмесі және «Астананы асқақтатқан 20 жыл» атты латын графикасында диктант жазу байқауы өтті.

Сонымен қатар, «Астана – бейбітшілік бесігі» тақырыбында өткен мүшәйраға жас ақындар қатысты. Жыр додасында өнер көрсеткендердің ішінен облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі М. Күмісбек жеңіс тұғырынан көрінді.

Астананың 20 жылдығы қарсаңында 3 шілде күні облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен «Айбыны асқақтаған – Астана» атты флешмоб өтті.

Бірінші жартыжылдықта қазақ тілін дамыту және насихаттау мақсатында түрлі байқаулар өткізілді.

Облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойына орай журналистер арасында «Тәуелсіздік шырағданы» атты публицистикалық шығармалар байқауы өтті. Байқаудың қорытындысы бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің мешікті тілшісі Қ.Мұхаметқали Бас жүлде иегері атанды.

Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «Мағжан оқулары» байқауы ұйымдастырылды. Сайысқа 17 мен 25 жас аралығындағы жетісулық жастар белсене қатысты. Поэзия мен проза бойынша Ескелді ауданының қатысушысы Д.Мұқият Бас жүлдені алды.

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Тіл шебері-2018» байқауы өткізілді. Басты мақсаты қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді анықтау әрі қолдау болып табылған додада Бас жүлдені Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бас маманы Д.Қалдығожин иеленді.

«Үздік оқытушы» байқауында облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы филиалдарының оқытушылары бақ сынады. Олар ұйымдастырылған үш кезеңде өздерінің оқыту шеберліктері мен кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Нәтижесінде, республикалық байқауда Алматы облысының намысын қорғайтын Қапшағай қаласынан қатысқан Г.Дусанбаева жеңімпаз деп танылды.

Байланыс және ақпарат күніне орай мемлекеттік тіл саясатын  бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттап, тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген журналистер «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында сынға түсті. Ең үздік деп Т.Мыңжасар («Хабар» агенттігі), Х. Еспан («Огни Алатау» газеті) және М.Тоқтасынның («Жетісу» телеарнасы) авторлық материалдары танылды.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» атты семинар-кеңес өтті. Жиынға А.Байтұрсынұлы атындағы институттың ғалымдары, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары мен салаға жауапты мамандары қатысты. Басқосуда облысымыздың ономастикалық ахуалы кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ, «Тағзым» әдеби-музыкалық еске алу шарасы да өз жалғасын тапты. Кеште Жетісу өңіріне еңбегі сіңген, бүгінде дүниеден озған сегіз бірдей әдебиет пен мәдениет саласының есімі ұлықталды.

Дата публикации
02 июля 2018